Сананы жаңғырту тарихтан басталады, ал діни сана қалай қалыптасады?

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Рухани жаңғыру сананы жаңғыртумен сабақтасып жатқан дүние. Ал, сананы жаңғырту тарихтан басталады. Тамырын тарихтан тартқан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» деген екі бөліктен тұруы осыған дәлел бола алады.

Тарихи сана дегеніміз не және оның маңыздылығы

Тарихи сана. Бұл біз өмір сүріп отырған қоғамда жиі қолданылатын сөз емес. Шынтуайтына келгенде жеке адам өзінің өткені мен өмір сүріп отырған қоғамындағы орын алған оқиғаларды түсініп, оң баға беру үшін оның  жастайынан қалыптасқан озық тарихи санасы болуы қажет.  Ғалым-оқымыстылар «тарихи сана» дегенді – әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың тарихын сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырларын, өткен өмір жолын танып-білуі, сол арқылы патриоттық сана-сезімінің оянуы деп түсіндіреді.  Ал, діни сана дегеніміз не? Белгілі теолог Досай Кенжетай былай дейді:

Біздің діни танымымыз, қазақ мұсылмандығында адамды сүю басты тұғыр. Оны тарихымыздағы Иасауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. даналарымыздың қалдырған мұралардан көре аламыз. Еліміздегі кез келген ұлт өкілдері тегіне, түрі мен жынысына қарамастан тек конституциялық талаптар негізінде ғана емес қазақ болмысындағы толеранттылық пен кең пейілділікке сенім білдіре алады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өткен Қазақстан халықтар ассамблеясында сөйлеген сөзінде бұл елдің негізгі құрушы мәдениеті, ұлты, тірегі мен тұғыры қазақ халқы деп атап көрсетті. Бұл мемлекеттілік теориясы мен болмысына сай жасалған ғылыми тұжырым болатын. Ал шын мәнінде практикалық қырынан қарасаңыз, егемен елдің ең басты жауапкершілігі қазақ ұлтына түсіп тұр деген сөз. Бұл елдің тыныштығы мен дамуының, баяндылығының кепілі де, жауаптысы да қазақ халқы. Сондықтан ең алдымен бүгін қазақ халқынан рухани келісім мен түсіністік, терең тарихи санаға негізделген, таным мен ғибраттық болмыс талап етілуде. Мұны Елбасымыз әр сөзінде тілге тиек етуде. Қазір қазақ халқы ішіндегі бірлік пен тұтастық, бауырластық тікелей жалпы елдік тұрақтылық кепілі болады. Сондықтан қазаққа қайта игеруі тиіс тарихи, рухани қабаттар бар. Қазіргі діни сана, діни таным, діни тәжірибе мен діни сенім салалары арқылы түсіндіретін болсақ, қазақ мәдениетінің мәніндегі діни сананың мазмұны исламнан бастау алады. Діни сана исламға қатысты құндылықтар мен ақпараттық сұрыптау ролін атқарады. Діни сана ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі. Ұлттың мәдени қабаттарына үңіліп қарасаңыз бұған көзіңіз жетеді. Ең басты мәдениет қабаты тіл десек, осы тіл арқылы исламның құндылықтық, ақпараттық, дүниетанымдық, ділдік, психологиялық, эстетикалық, этикалық және т.б. ұғымдары, түсініктері, тұжырымдары, анықтамалары сөз арқылы орын тепкен. Одан кейін мәдениеттің ақыл ойы дүниетанымдық қабаттары, тарихы мен өнері, ахлақы мен әдет ғұрыптары, сәулеті мен құқығы, жазуы мен әдебиеті, сазы, жыры мен тұрмысы болып кете береді. Осы қабаттардың мәні мен мазмұнында діни сана ойып орын алғанда болмысы мен табиғаты ашылады. Діни сана өзін қоршап тұрған мәдени қабаттардағы құндылықтық өлшемдерді сақтап тұратын тұғырлық қызмет атқарады. Сол тұғыр кейде ұмытылып, кейде әлсіреп жатады. Оған әрдайым күш беріп тұратын діни таным. Діни таным діни сананың айтқанынан шықпайтын қалыптар мен ділдік, доктриналық, танымдық, тәжірибелік, сезімдік циклдардан тұратын ортақ рухани платформалар. Діни сана тарих пен мәнге сүйенеді. Тарих деп отырғанымыз діни тәжірибе, ал мән деп отырғанымыз діни таным мен сенім. Діни сенім біреу, ол ислам, біздің өркениеттік негізіміз, мысалы ислам дініндегі барлық халықтармен осы негізде бірліктеміз. Діни таным көп. Біздің діни танымымыздың тәжірибесі мен тарихында Ханафи, Матуриди мен Иасауи үштігінің орны ерекше. Қазақ болмысының мазмұнында ислам жатыр дегенде осы ақиқаттар ойға оралады. Қазақ дінді ардың көзі, рухты, қалыпты, адамдықты сақтаудың өлшемі ретінде қабылдаған. Негізі ислам дінінің мәні де соңғы пайғамбарымыздың міндеті де осы. Қазақ даласына ислам өз мәні мен табиғатында орын алуында Иасауи ілімінің орны, қызметі естен шықпауы тиіс. Кеше кеңестік қызыл режимнен діни санамыз өлімші болса да аман қалды. Себебі діни таным мен діни тәжірибеге тыйым салынды. Кейбір мәдени қабаттарымыздағы құндылықтар да діни мән ретінде қарастырылып, қысымға ұшырады. Бірақ қазіргі таңда қазақ мұсылмандығын ширкпен, діни санасын шаманизммен, діни танымы мен тәжірибесін жоққа шығарып, қазақты енді ғана ислам дінін қабылдап жатқандай таныту белең алып барады. Бүгін қазақтың діни санасы «екі діни таным» арасында қалды. Сондықтан қазаққа діни санасын, яғни ұлттық, мәдени қабаттарын сақтап қалу үшін, өзінің төл діни танымын жаңғыртып, оның білім беру жүйесінен ойып орын алуына өзін қазақпын деген әрбір жас аянбай еңбек жасау керек болып тұр. Себебі діни сана өзгерсе мәдени қабаттар да өзгеріске ұшырайды. Оны өзгертетін де, сақтап қалатындар да қазақтың бүгінгі жастары.

Расында, қоғамда тарихи сана дұрыс қалыптаспай, ұлттық сананың жаң­ғыруы мүмкін емес. Өйткені, ұлт­тық таным­ның өзегі – тарихи сана. Ал тари­­хи сананың қалыптасуында ақи­қат­ты арқау еткен шынайы тарих пен халықтың байырғы қайнарынан сусындап, салт-дәстүрдің алтын арқауына байланған руханияттың рөлі зор.

Өткен замандарға көз жіберсек: тарихи санасы жансызданған этностың белгісі – өзінің даму үрдісіндегі ақиқи болмысын парықтау қабілетінен айырылып, асылын бағалай алмайтын, басқаның жасығын малданатын, санасы қортық, өзін басқадан кем санайтын, кембағал түсінік сияқты сипаттары болады екен.

Ұлттың тарихи жадын қалыптастыратын тәрбие құралы – сол ұлттың төл тарихы. Ұлттың өткені туралы білгісі келмейтіндер көрініс беріп отырған заманда тарихты насихаттау, оның сан ғасырлық тағылымдарына мән беріп түсіндіру, одан тәлім алу жағын қарастыру бүгінгі таңда аса қажет мәселе. Солай еткенде ғана ұлттық сана нығайып таным кеңея түседі. Ал ұлттық санасы нығайған халықтың рухы асқақ келеді. Өзінің ұлттық құндылықтарын толық жадына түйген адам ғана болашаққа нық басып елінің дамуына сүбелі үлесін қоса алады. Соңғы жылдары жастардың арасында ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, теріс ағымның жетегінде кетіп жатқандар да бар. Радикализммен қалай күресуге болады? Біз бұл сұрақты Түркістан облысы дін істер басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықовқа қойған едік. Ол радикализммен күресудің 5 бағытын атап көрсетті.
Медет Халықов, дінтанушы:   Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, жат діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарды оңалту мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, деструктивті діни ағымдарға қарсы жалпы профилактикалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Бүгінгі күнге дейін облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің мамандарын жұмылдыра отырып құрылған дін саласындағы облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары қала, аудан, ауылдық округ және елді мекен тұрғындары, мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз маргиналды жастармен жалпылама қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен кездесулер өткізуде. Өткен жылы облыс көлемінде облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары тұрғындармен 123 кездесу, жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындары және мектеп оқушыларымен 511 кездесу, өндіріс орындары, құқық қорғау және әскери сала, медицина саласы және т.б. мекеме қызметкерлерімен 314 кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесулер барысында 130 мыңнан астам адам қамтылды. Ата-аналарға, қызметкерлерге, жастарға көмекші жаднама ретінде орталық тарапынан жарық көрген бүктемелер таратылды. Аталған бүктемелердің облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын тиімді ұйымдастырып, үйлестіруге, дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттауға оң ықпалы сезіледі. Екіншіден, қазіргі таңда интернет ресурстары мен БАҚ-тың қоғамға тигізер ықпалы мол. Осы орайда теледидар арқылы дұрыс таным мен түсінік қалыптастыру, ұлттық ұстанымдар мен әдет-ғұрыпқа кері әсер етуші іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында республикалық «Оңтүстік», «Түркістан», жергілікті «СӘТ», «Санұр» телеарналары арқылы 27 тақырыпта телебағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орталық мамандары 149 мақала дайындап, 494 рет жергілікті басылым беттерінде жарық көрді. Қоғамдағы жастардың таным-түсініктерінің дұрыс қалыптасуына, әсіресе дін тұрғысындағы көзқарастарының оң бағытта қалыптасуына әсер ететін бейнероликтер шығарудың ықпалы зор. Біз дайындаған бейнероликтердің мазмұнында псевдосәләфилік ағымының өзіндік ерекшеліктері, еліміздің тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен патриоттық бейнелер, отанға деген құрмет, жастардың ертеңге деген сенімі бейнеленген. Үшіншіден, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен жеке тұлғалармен арнайы оңалту жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жат ағымның жетегіне кеткен азаматтармен кешенді түрде жұмыстар атқарылады. Бұл оңай процесс емес. Нақты механизм мен әдістемеге негізделіп жасалды. Ұзақ уақытты және еңбекті талап етеді. Орталықтың исламтанушы, теолог мамандары арнайы контингентпен жеке кездесу жұмыстарын жүргізіп, оларға дәстүрлі исламның дәйектерін жеткізіп, шариғатпен шегендеп, салт-дәстүрмен сабақтастырып, пікір алмасып, сұрақтарына жауаптар беріледі. Адамды қайта қоғамға бейімдеу оңай шаруа емес. Біз осыны дұрыс ұғына білуіміз қажет. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері өзінің идеологияларын шындыққа санап жатады. Әрқайсысының шындығы болуы мүмкін, бірақ, ақиқаттың жалғыз екендігін ұмытпауымыз тиіс. Оңалту жұмысын жеке тұлғаның ар-намысына қол сұғушылық деп теріс түсінік қалыптастырып жүрген азаматтар да жоқ емес. Біздің мақсат – біреуге діни бағытты күштеп телу емес. Дін өте нәзік мәселе. Оны дұрыс түсінбеген кейбір жекелеген тұлғалар адасушылыққа еруі мүмкін. Сол үшін теологиялық кеңес ауадай қажет. Төртіншіден, елімізде 2011 жылдан бері «Терроризм актісі» бабы бойынша қылмыс жасау деректері бірнеше рет тіркелді. Террористік және экстремистік қызмет белгілері бойынша құқық бұзушылықтарды діни қызмет мәселелері бойынша заңнама талаптарын орындамау деструктивті діни ағым өкілдері арасында жиі ұшырасады. Аталған ағым өкілдеріне тек діни ғана емес, құқықтық тұрғыдан да кеңестер беріледі. Бесіншіден, діни содырлардың мемлекеттік мекемелер мен әскери бөлімдерге, құқық қорғау және арнайы қызмет ғимараттарына баса-көктеп кіруге талпынуы, сонымен қатар құзырлы мекеме маңайында өзін-өзі жарып жіберу, тәртіп сақшыларына қарсы жасалған лаңкестік әрекеттер, т.б. оқиғалардың барлығы мемлекеттік билікке қарсы бағытталған дін атын жамылған радикалды топтардың әрекеті екені жасырын емес. Жат ағымдардың адамдар санасын соншалықты «төпелеп» тастауының бір дәлеліне айдың күні аманда сенім-нанымына, құлшылығына ерік беріп отырған Отанын тастап, соғыс ошағына айналған Таяу Шығысқа аттанушылар еді. Аталған әрекеттерге азаматтар саяси тұрғыдан сауаттылықтарының төмендігі салдарынан қол ұрады. Сол үшін де біз оларға діни, құқықтық, саяси мәселелерге қатысты кеңестер беріп, психологиялық көмектер ұсынамыз. Оңалту жұмыстарын жүргізу арқылы олардың діни сауаттылықтарын арттыра отырып, діни экстремизмнің таралуына, сондай-ақ, осының аясында болатын түрлі дискрминация формалары мен экстремистік әрекеттердің пайда болуына қарсы тұрамыз.

Тарихи сана ұлт мәдениетінің бастауында тұратын ұлттың дүниетанымымен бірге пайда болатын құндылық. Тарихи сана болмаса ұлттың тарихы, мәдениеті қалыптаспайды. Ұлттық сана негізінде тарихи сана жатыр.

Ауыл – қазақ ұлтының алтын бесігі, тарихының діңгегі. Ауыл – ұлт ұясы дегенге саяды, ал Өлкетану – Отан тарихының құрамдас бөлімі ретінде белгілі бір аймақты жан-жақты зерттеу және білімдерді жинақтау ісі. Өлкетану туған елмен жердің тарихын зерттеуден басталады. Мұндай зерттеуге туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи және мәдени дамуы, сондай-ақ, оның табиғи сипаты нысан болады. Өлкетануды бейнелі түрде – кіші Отанды зерттеу  деуге болады. Ал, кіші Отанды зерттеу отбасы тарихына үңілуден басталады.Отбасы тарихын зерттеу, өлкетанудың тарихты және тарихи сананы қалыптастырудағы орны, оның жас ұрпақ тәрбиесіне қосатын үлесі ерекше. Отбасы тарихын білетін ұрпақта теріс ағымға қарсы мықты иммунитеттің қалыптасады.

Тарихи сананы қалыптастыруда қазақ алдыменен дүниетанымдық ұғымдарға, өмір мәндік түсінікке негізделген өнер дүниелерін дүниеге әкелген. Сондықтанда қазақ мәдениетіндегі халықтың ұлттық рухын көтеруге бағытталған идея, ұлттық идеологияның желісін ұлттың рухани дүниелері құрайды. Яғни елдің болашағы ұрпақ болмысының тереңдігіне тәуелді келетіндігін бабаларымыз ерте түсінген. Жазушы

Момбек Әбдіәкім  бүгінгі қоғамдағы ала-құлалық жайлы мынадай пікір білдіреді.

Кеңес кезінде атеистер: «Бұрынғы ғасырларда қазақтар ислам дінін ат үсті қолданған. «Аллаңнан ойбайым тыныш» деп, малын бағып жүре берген», – десе, бүгіндері еліміздің кез келген қаласында, тіпті ірілі-ұсақты ауыл кенттерде өздерін нағыз мұсылман санайтын, ұйпа-тұйпа сақал қойып, қысқа балақты шалбар киген шикіөкпе жігіттер немесе үстеріне ұзын етекті қап-қара көйлек іліп, аузы-басын тұмшалайтын жамылғы жамылған жап-жас қыздар: «Біздің ата-бабаларымыз исламның адасушылық жолымен жүрген. Шариғатқа жатпайтын, хадистерде айтылмайтын ғұрып-амалдарды дінмен қатарластырып, таза мұсылмандық шарттарды бұзатын ширк бағыттарды ұстанған»,– дейді. Салыстырып қарасаң, екеуінің пікірлері ұқсас. Бірақ атеистер дінді түпкілікті жоққа шығарғысы келсе, кейінгілері дінге жаңа жол салғысы келеді. Кеңестік атеистерді қойшы, олар келмеске кетті, ал соңғыларына не жорық?

Ия, сол соңғылардың пікірін естігенде жағамды ұстаймын. Ұстаймын да, ойға қаламын. Бесіктен белдері шықпай жатып, әлгіндей тұрпайы кейіпке түскендері аздай, ата-бабаларымыз туралы, тіпті жалпы қазақ туралы мұндай пікір білдіруді қайдан үйренген? Халықтың барлық салт-дәстүрлерін ширкке (харамға) санайтын сенім олардың көкейлеріне неліктен және қалайша сіңіп қалған? Одан соң мұндай пиғылдағылардың жүз емес, мың емес, бірнеше жүз мыңдаған екенін тағы ойлансам, «Құдай-ау, жастарымыз кім боп барады өзі?» деп қатты қынжыламын. Сол қынжылыспен олармен айтыса кеткім, алыса кеткім келеді. Әдейі алысам деп алыспаймын ғой, өздерінің тірлігіне, айтқан сөздеріне, елді бұзбаққа ұмтылған әрекеттеріне қарсы болам да.

Ұлттық болмыс өрісіндегі тарихи сана ұлттың дәстүрі, мәдениеті, шаруашылығы, ділі, ана тілі және т.б. құндылықтары арқылы қалыптасады, ұлт зиялыларының тұлғалық болмысы дұрыс насихатталған жағдайда  ұлттық рухқа әсер етіп көтереді.

Тарих болмаса, ұлттың тарихы ұрпақ санасында сақталмаса оның болмысы, рухы әлсірейді. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойында сақтап, оның өрісін кеңейтіп отыратын тарих білімі, тарихи сана күшімен қалыптасатын ұлттық сана. Сананы жаңғыртудың тарихтан басталатыны да содан.

Ғ. Беркінұлы