Сайрам қалашығы – республикалық маңызы бар археология ескерткіші. Мемлекеттік қорғауға алынған. Ол IX-XIX ғасырларда өмір сүрген деп топшыланады. Археологиялық ескерткіш Сайрамсу өзенінің оң жағалауындағы жайылмада, бұрынғы ауылдың аумағында, қазіргі Шымкент қаласының Сайрам шағын ауданында орналасқан. Орналасқан жерінің географиялық координаты 42°17’58.6″N 69°45’31.9″E.
Сайрам қалашығының шахристаны ауылдың бұрынғы орталығында биіктеу орналасқан. Шахристанның әртүрлі учаскелеріндегі мәдени қабаттарының қуаты екіден 6-7 метрге дейін барады. Ең биік бөлігі оңтүстік жағында, ал төменгі бөлігі магистральдық көшелерден солтүстік және батыс аудандарында орналасқан.
Сайрам мен Исфиджаб туралы ортағасырлық араб саяхатшыларынан бастап, қытай, парсы жазбаларында молынан кезігеді. Орта Азияға қатысты Испиджаб қаласы аталмаған бірде-бір ортағасырлық географиялық еңбек жоқ шығар. Сонымен бірге, бұл елді мекеннің локализациясына қатысты әртүрлі түсіндірмелер бар. В.В. Бартольд, П.П. Иванов, Г.И. Пацевич, К.М. Байпақовтар Испиджаб қазіргі Сайрам ауылының орнында орналасқан деп есептеген. М.Е. Массон, А.Н. Бернштам, Е.И. Агеевалар басқа жерде екеніне сенімді болды. Әдебиеттерде қаланың жалпыға ортақ қабылданған атауы – Испиджабтан басқа, оның айтылуының басқа да нұсқалары кездеседі: Сапиджаб, Аспиджаб, Исфиджаб. В.В. Бартольдтың ойынша, Испиджаб парсы деректерінде Синджаб деп жиі аталады. Иранистердің пайымдауынша, бұл сөз (соғды тілінен алынған) сөзбе-сөз «ақ су» дегенді білдіреді. В.К. Шуховцов Испиджаб сөзінің этимологиясын келтіре отырып, былай дейді: кейінірек жазылған Ақсу гидронимі соғдылық *(,)Spyt-č(ap) «ақ судың» калькалануы, бұл ұзақ мерзімді түркі-соғды қостілділігін көрсетеді.
Сайрам қалашығының топографиясының алғашқы сипаттамаларын П.П. Иванов пен М.Е. Массонға жасаған. Шахристанның өлшемін 500х700 қадам деп берген П.П. Ивановтан М.Е. Массонның айырмашылығы, ол қалашық өлшемін 28 гектарға сәйкес келеді дейді. Сайрам қалашығының топографиясы ХХ ғасырдың екінші жартысында ғылыми әдебиеттерде бірнеше рет зерттеліп, сипатталған. А.Н. Бернштам, Е.И. Агеева және Г.И. Пацевичлар оның жоспарда әлемнің төрт бұрышын бағыттаған тік төртбұрышты болып орналасқанын (600х550 метр) көрсетті. Сонымен қатар олар едәуір керамикалық материал сынықтары байқалатын мәдени қабаттарды қазды. Сол жылдары А. Н. Бернштам былай деп жазды: «Мұнда археолог қазба жүргізбей-ақ, қолына шешім шығару үшін көптеген материалдарды ала алады» дейді. Ары қарай: «Испиджабта болған арабтар мен парсылардың ежелгі тарихшылары мен географтарының куәлік етуіне қарағанда, қалашықтың жоспары цитадельсіз болды деп сипатталады, бірақ қазір оның іздері де көрінбейді» деп сабақтайды. Сондай-ақ «Жинақ» авторлары қалашықты төртбұрышты, бұрыштары кесілген, өлшемдері 550х500 метр, биіктігі 3-5 метр деп сипаттап, Сайрам кентінің ішінде культтік сәулет ескерткіштерінен бөлек, Ұлықтөбе елді мекені орналасқанын айтады.
Қазіргі уақытта Сайрамда қалашықтың екі құрамдас бөлігі сырт көзге ерекшеленеді – шахристан (медина), ішінара рабад (кең аумақта ортағасырлық кезеңнің мәдени қабаты мен табылған материал түрінде), бірақ рельефте цитадель ерекшеленбейді. Испиджаб қаласының бастапқыда үш құрамдас бөлігі болғаны анық, олар уақыт өте келе және адам әрекетімен өзгеріп, қайта салынды, тұрғызылды.
Сайрам қалашығы шахристанының топографиясын сараптау кезінде ескерткіштің оңтүстік-шығыс бөлігінің басқаларына қарағанда ең биіктікте орналасқаны белгілі болды. Бұл тұрғыда Е.И. Агеева және Г.И. Пацевич бір уақытта ескерткіштің оңтүстік-шығыс бұрышы оның басқа бөліктерінен биік және бір кездері болған цитадельдің қалдықтары болуы мүмкін деп әділ болжам жасады.
Испижаб қаласы ортағасырлық жазба деректерде жеткілікті түрде толық сипатталған. Әл-Истахри Х ғасырдың бірінші ширегінде қаланың көлемін көрсетіп, оның Бинкеттің үштен бір бөлігін құрайтынын, рабадында ағын су мен бақтардың бар екенін атап өтті. Оның топографиясы туралы толығырақ мәліметтерді Х ғасырдың екінші жартысына жататын әл-Мұқаддаси еңбектерінен оқимыз. Екі автор да Испиджабтың үш бөліктен: цитадель, медина және рабадтан тұратынын нақтылайды. Цитадель олардың кезінде қиранды болып жатқан еді.
Әл-Мұқаддасидің дерегі бойынша, Испиджабтың жабық базарлары мен үлкен мешіті орналасқан рабады және мединасы бар. Оның еңбегінен: «Рабадтың айналасында қаланың қабырғасы бар, қабырға ішінде (қалада) тастанды цитадель бар» дейтін дерек оқимыз. Рабадтар мединаның әр қақпасының алдында қарама-қарсы орналасқан, олардың аттарын тізімдеп: «Бұхаралықтар, Самарқандықтар, Каратегіндіктер, Нахшабтықтар» деп көрсетеді. Әл-Мукаддасидің замандастары оған Испиджабтың 1700 рабады бар екенін айтқан. Бұл өз заманында керуен сарайлардың рөлін атқарған үй-жайларды білдірген болуы мүмкін.
Сайрам қалашығын зерттеушілер (П.П. Иванов пен М.Е. Массонды қоспағанда) тек Сайрамның шахристанын оған іргелес аумаққа назар аудармай сипаттады және сол негізде қорытынды жасады. Сайрам қалашығының рабадтарын зерттелмеген күйінде қалды. М.Е. Массонның рабадтарды зерттеуі жалғыз әрі алғаш рет визуальді жүргізілді. Ғалымның айтуынша, рабадтар Сайрамның сыртқы қабырғасының ішінде болған және солтүстіктен оңтүстікке қарай 4 километрге, ал батыстан шығысқа қарай 5 километрге созылып жатты.
П.П. Иванов пен М.Е. Массон Сайрамның сыртқы қабырғаларын тек оңтүстік жағынан зерттеді. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін мұндай қабырға Сайрам ауылының солтүстік шетінде де болған. Оны көзімен көргендердің ақпарат беруіне қарағанда, қабырға Сайрамсудың жарқабақты жағасынан басталып, жоталардың үстімен өтіп, Сайрам ауылына іргелес аумақты солтүстіктен Мәртөбе арқылы айналып, бау-бақша учаскелерін іште қалдыра айнала өтетін еді. Жеке учаскелерде сақталған қабырғаның биіктігі 1,5 метрге жетті. Сайрамның осы учаскесінде 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық жұмыстар қазіргі үстіңгі беттен 1,5-2 метр тереңдікте қалыңдығы екі метрге дейінгі ұзын қабырғалардың болғанын анықтады. Осылайша, IX ғасырда ұзын қабырғалардың құрылысы туралы жазбаша дереккөздердің мәліметтері расталды. Рабадтардың бұрынғы аумақтарына қазір ғимарат салынбаған, бірақ барлық жеріндегі учаскелерге бау-бақша егіліп, өңделіп кеткен.
Шахристанның бүкіл периметрі бойынша салынған стратиграфиялық қазба материалдарынан ұзын қабырғаның ішіндегі қоныстар X ғасырда қалыптасқаны анықталды. Толып жатқан құрылыстардың тығыздала түсуі шахристанға жақындаған сайын арта түседі және ол мәдени қабаттардың үлкен қабаты бары тіркелді. Орталықтан неғұрлым алыстап, шетіне жақындаған сайын, мәдени қабаттардың тығыздығы төмендей береді. Сонымен бірге, Испиджаб рабадтары қазіргі Сайрам кентінің аумағында тұрған магистральдық арналар бойында дамыды. Дәл осындай жағдай Сайрамсудың сол жағалауында, ауылға қарама-қарсы бетінде, өзеннің бойымен бес шақырымдай, ені бір шақырымға жуық қамтитын учаскеде де байқалды. Сайрамсудың сол жағалауындағы ауылға қарама-қарсы жүргізілген стратиграфиялық қазба материалдары бұл жерде рабадтардың XI ғасырдан, яғни Қарахан дәуірінен бастап дами бастағанын және сыртқы қабырғадан асып кеткенін анықтады.
Шахристанда шамамен 10 шаршы шақырым ауданда жүргізілген барлау жұмыстары Х-XII ғасырларға тән суармалы және суарылмайтын керамика түріндегі табылған материалдың бар екенін анықтады, бұл материалдардың Сайрам аумағында жүргізілген барлық сегіз қазбадан тікелей аналогтары кездескен. Осыған ұқсас қора-жай типтегі үй салу құрылымы дамыған рабадтар саманидтер мен қараханидтер заманында Шаш пен Таразда болған.
Дала жұмыстары барысында рабадтар моңғолдың алдындағы кезеңде өмір сүруін тоқтатқаны анықталды. Тұрғындар барлық тұрмыстық ыдыстарын қалдырып, асығыс түрде үйлерін тастап кеткен. Осыған байланысты, Якут әл-Хамави өзінің географиялық сөздігінде қаланы сипаттаған кезде, Испиджаб Хорезмшах Мұхамедтің моңғолдар басып кірірердің алдында бірнеше жыл бұрын Мәуераннахрды иемденіп, Ханидтер (Қараханидтер) патшалығын жойғанын хабарлайды. Өз территориясын қорғаған Ханидтерден ешкім қалмаған кезде, ол шекара бекіністерін қиратуға, қалаларды тонауға және олардың тұрғындарын көшіруге бұйрық берді.
Өз заманында П. Н. Кожемяко П.Н.Иванов пен М.Е. Массонның жұмысына толық сүйене отырып, Жетісудың ұзын қабырғалары бар қалашықтары, атап айтқанда Шу алқабындағы қалалар Испиджаб қаласынан бастау алған, яғни Сайрам қалашығының топографиясын қайталайды деп сендіреді. П.Н. Кожемяко өз зерттеулерін жүргізген ескерткіштерден табылған жәдігерлер де бұған қайшы келмейді.
Испиджаб типологиялық белгілері бойынша ұзын қабырғалары бар қалаларға жататыны сөзсіз, ол бастапқыда IX ғасырдағы саманидтер империясының қиыр шығысындағы форпосты ретінде пайда болды. Салықтан босатылған қала қазіргі тілмен айтқанда еркін экономикалық аймақ мәртебесіне ие болды. Рабадтардың тез өсуін осымен түсіндіріледі. Оған қоса, Мәуераннахрдың Бұқара, Нахшаб, Самарқан тұрғындарының түркілер елінде колониялар ұйымдастыру мақсатында қоныс аударуымен сипатталады. Испиджаб қаласы керуен жолындағы нысан ретінде тек IX ғасырдан бастап араб жазба дереккөздерінде пайда болады. Оның аты алғаш рет IX ғасырдың ортасында кездесе бастайды. Әл-Хорезмидің еңбегінде оның ендігі мен бойлығы берілген. Ат-Табариде арабтардың шығысқа жорықтарына қатысты ол туралы ештеңе жоқ. Бірақ, IX ғасырдың ортасынан бастап араб жолшыларының барлығы дерлік Испижаб қаласын керуен жолындағы маңызды нысан ретінде атап өтеді.
Сайрам қалашығында соңғы екі онжылдықта жүргізілген жүйелі археологиялық зерттеулер, ескерткіштің стратиграфиясы мен оның керамикалық кешендерін зерттеу Испиджаб пен Сайрамның сәйкестігі туралы түпкілікті қорытындыға әкелді. Табылған археологиялық кешендерді талдау негізінде Сайрам қалашығы ортағасырлық Испиджаб қаласына толық сәйкес келетіні анықталып, оған қоса рабадтардың ендік бағыттағы ұзындығы шамамен 10 километр болатыны және Сайрам ауылының қазіргі аумағына сәйкес келетіні нақтыланды.
Сайрам қалашығы шахристанының барлық стратиграфиялық қазбаларынан алынған артефактілер қаланың IX ғасырда пайда болғанын растады, одан бұрынғы кезеңнің қабаттары жоқ. Испиджаб тарихи-мәдени ауданының басты қаласы IX ғасырға дейін басқа жерде болды және басқаша аталды. Ол – сол кездегі өзімен аттас округтің орталығы болған және Шымкент қалашығының орнында локализацияланған Нуджикет (Наукат) қаласы.
Сайрамның бір ерекшелігі ХVІ ғасырда Сырдария өзені бойындағы қалаларға таласқан Қазақ хандығы мен шәйбанидтер династиясы арасындағы қақтығыстар кезінде бір қызық оқиға орын алады. Бабыр 1510-шы жылдары Сайрамға Кәттәбек бекті тағайындайды. Кейін Бабыр Самарқан тағынан кетіп, орнын Убайдулла сұлтанға босатып берген 1513 жылы Кәттәбек Сайрамды Убайдулланың шапқыншылығынан сақтау үшін қазақтың ханы Қасым ханның қол астына өткізеді. Бұл Қазақ хандығының нығая бастаған кезеңі еді. Осылайша, Сайрам қазақ ордасына соғыссыз берілген ірі қала болып қала берді.