САҚ БОЛЫҢЫЗ: БАЛАЛАР ДА АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛУЫ МҮМКІН!
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Соңғы кезде интернет-алаяқтықтың өршігені соншалық, енді алаяқтар балаларды да арбауға көше бастағаны БАҚ бетінен көріп отырмыз. Биылғы 2025 жылдың ішінде алаяқтардың құрбанына айналған жасөсіпірімдер арасында Шымкент қаласының да тұрғындары тіркелген еді.
Оған мысал келтіре кетсек, Шымкент қаласының 6 сыныпта оқитын оқушысын құрығына түсірген интернет-алаяқтар «Free Fire» мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатамын деп өзгенің 2 миллион теңгеден астам қаражатын иемденгені есте болар? Жасөспірім бұл ұсынысқа қызығып, күдіктінің нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған болатын.
Балалардың интернет-алаяқтар құрбанына айналмасы үшін не істеу керек? Алдын алатын шара бар ма? Мамандардың берген түсініктемесін назарыңызға ұсынамыз.
Қазіргі балаларға әсер етуі мүмкін қаржылық алаяқтықтың көпшілігі, әдетте, мобильді немесе компьютерлік ойындарды сатып алған кезде пайда болады. Көптеген онлайн-ойындарда пайдаланушыларға құрал-жабдықты, ең жоғары деңгейге дейін «жүктеу» бонустарын сатып алу немесе қандай да бір жаңа орындарды бұғаттан алу ұсынылады.
Балалардың назарын ойнауға арналған белгілі бір заттарды жеңілдікпен сатып алу не ақылы ойынды жарнамасыз арзан бағамен сатып алу туралы ұсыныстар арбауы сөзсіз. Алайда, бұл сатып алудың бәрі қауіпсіз емес. Осылайша, қаскүнемдер зиянды қосымшаларды таратады. Белгісіз дереккөзден «жеңілдікпен алынған» ойынның орнына бала жеке деректерді, оның ішінде геодеректерді жинайтын вирустық бағдарламаны жүктей алады. Яғни, алаяқтар сіздің қайда тұратыныңызды, жұмыс істейтініңізді, балаңыздың қайда оқитынын, уақытыңыздың көп бөлігін қайда өткізетіндігіңізді, қай жақта демалатыныңызды, әдетте нені онлайн сатып алатыныңызды және өзге де тағы басқаларын оңай анықтай алады. Осылайша, алаяқтарға өзіңіздің және балаларыңыздың қызығушылықтарын білу қиын болмайды. Ал, кейбір қосымшалар кибералаяқтарға пошта қызметтеріне, әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл – өте қауіпті. Себебі, әлеуметтік инженерлер банктік карталарыңыз бен шоттарыңыз туралы ақпаратты да ала алады.
Сақ болып, қырағылық танытыңыз! Балаларға телефоныңызды бермеңіз, оған банк карталары, әсіресе жалақы картасы байланыстырылған немесе басқа да маңызды ақпарат сақталған телефондарды беруге болмайды! Сонымен бірге, телефондардан сатып алуға шектеулер қойып, бала кездейсоқ жасай алатын ақылы жазылымдарды үнемі тексеріп отыру керек.
Ата-аналар тарабы карта жасаған және өз гаджеті бар ересек балаларға күмәнді лицензияланбаған қосымшаларды жүктегенде салдары қандай болуы мүмкін екенін түсіндіру керек. Егер, сіз балаңызбен бірге қандай да бір онлайн түрде сатып алғыңыз келсе, онда осы мақсаттар үшін виртуалды картаны қолданған дұрыс, оған сіз жұмсайтын соманы ғана аударуыңыз керек.
«Барлық онлайн-сатып алуларды жалақымен байланыстырылмаған жеке төлем картасының көмегімен және тек тексерілген сайттарда жасаңыз. Гаджеттерге қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп алыңыз. Электрондық пошта мен мессенджерлерге жіберілген белгісіз файлдарды ашпаңыз. Интернет-банкинг сервистерін қосатын құрылғыларда лицензиялық вирусқа қарсы бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланыңыз», – қаржылық реттеушінің өкілі кеңес береді.