СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС БЕРДІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Қыркүйек айы бастала салысымен Парламент депутаттары каникулдан оралып, жаңа маусымның қызметіне қызу кірісіп кетті. Каникуль кезінде тек демалып қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірін аралай сайлаушыларымен кездесіп, тұрғындардың мәселелеріне етене қанығып қайтқан халық қалаулылары Үкіметке қарата депутаттық сауалдарын да жолдап жатыр.
Солардың қатарында Парламентінің жоғарғы палатасы – Сенаттың депутаты Геннадий Геннадиевич Шиповских те бар. Халық қалаулысы Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында әлеуметтік желілердегі заңсыз ойындар, лотереялар және онлайн жарнамалар жасап жүргендерге қатысты пікірін білдіріп, туындаған мәселелер жайына тоқталды. Сондай-ақ, Геннадий Геннадиевич бұл тақырып жайында алдағы жалпы отырыста да арнайы мәселе қылып күн тәртібіне шығаратынын қоса кетті.
Сенатор Геннадий Шиповских: «Біз жаз бойы еліміздің әр өңірін аралап, халықпен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажына, көкейдегі мәселелеріне құлақ түрдік. Бұл сапар тек кездесу мақсатында емес, нақты проблемаларды зерттеп, шешу жолдарын қарастыру үшін ұйымдастырылды. Өзім Астана қаласы мен Ақмола облысын аралау барысында қоғамда шешімін табуды қажет ететін бірқатар өзекті мәселені назарға алдым. Солардың бірі – әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойындары мен лотереялар. Сонымен қатар, «оңай табысқа жету» идеологиясын насихаттайтын курстар мен тренингтердің көбейіп, олардың қоғамға кері әсер ете бастағанын анық байқадым. Бұл – қазіргі таңда жалпы халықтың алаңдаушылығын тудырып отырған үлкен проблема», деді. Осылайша ол халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отырған мәселе жайын зерттеп, өзекті қоғамдық дертке айналып отырғанынан хабардар екенін аңдатты.
Халық қалаулысының сөзінше, бүгінде кей блогерлер мен инфлюенсерлер заңды белден басып, ашық түрде түрлі GIF, ұтыс ойындары, марафондар мен жалған курстар ұйымдастырып, жұртшылықты «тез, әрі оңай байытамын» деген желеумен жұртшылықты алдап, заңсыз материалдық пайда табуға көшіпті. «Мұндай құбылыстың салдары тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Ең қауіптісі – жастардың санасы біртіндеп уланып жатыр. Адал еңбекке деген құрмет төмендеп, оның орнына жалған әрі жылтыраған өмірге сену, шынайы құндылықтардан алшақтау тенденциясы белең алып барады. Бұрын «еңбекпен тапқан нан – тәтті» деген ұстаным ұрпақ тәрбиесінің өзегінде тұрса, қазір әлеуметтік желідегі «ауа сатып, ақша табу» идеологиясы орнын басқан. Бұл – өте қауіпті бағыт. Ал біз, керісінше, нақты еңбекке, жұмысшы мамандықтарға деген құрметті арттыру үшін нақты қадамдар жасап әлекпіз. Мәселен, биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды», деді Сенат депутаты.
Сенатор өз сөзінде қазіргі күмәнді курстар мен тренингтердің еш ғылыми негізсіз, манипуляцияға құрылғанын баса айтты. Оның пікірінше, мұндай қызмет түрлерін заң жүзінде шектеу – уақыт талабы. Бұл туралы Г.Шиповских былай дейді: «Жақында әлеуметтік желіде бір отбасы көлік ойнатып, оған қатысу үшін адамдарды арнайы курсқа жазылуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Бұл – классикалық манипуляция. Мұндай тәсілдер қоғамның құқықтық қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіреді. Тағы бір мысал, әлеуметтік желі белсендісі заңсыз жарнама жасап, бес мәрте әкімшілік айыппұл арқалағанына қарамастан, сол әрекетін жалғастырып отыр. Бұл нені білдіреді? Демек, кейбір азаматтар үшін әкімшілік жаза тоқтау емес, жай ғана «формалдылық» болып қалған».
Г.Шиповских жоғарыда мысалға келтірілген жағдайларға байланысты ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесе отырып арнайы депутаттық сауал әзірленгенін жеткізді. Депутаттық сауалда әлеуметтік желідегі заңсыз ұтыс ойындары мен жарнамаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы нақты ұсыныстар қамтылып отыр екен.
Әлеуметтік желілердегі алаяқтыққа қатысты жауапкершілікті қатаңдату туралы ұсынысы жайында айта келіп, халық қалаулысы былай деп сөзін сабақтады: «Халық арасында «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деген сөз бар. Біз де қоғамның санасына теріс әсер ететін мұндай заң бұзушыларға нақты әрі тиімді құқықтық тетік қолдануымыз қажет. Әкімшілік айыппұл бұл заңбұзушыларды тоқтата алмай отыр. Керісінше, олар айыппұлын төлеп, заңсыз әрекетін жалғастыра береді. Сондықтан қайталанатын құқықбұзушылық үшін қылмыстық жаза қолдану қажет. Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе», деді сенатор.
Сенатор Г.Шиповскихтің айтуынша, бұл бастама алдағы жалпы отырыста талқыланып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады деп күтіліп отыр. Оған қоса, бұл түйткілді мәселе сарапшылардың кәсіби пікірі негізінде де қаралмақ. Сенат депутаты Геннадий Шиповских өз сөзінің түйінін: «Жаңа Қазақстан – әділетті заңдармен ғана емес, адал еңбекке негізделген мәдениетпен, шынайы құндылықтарды дәріптейтін азаматтармен қалыптасуға тиіс. Біз осыған сенеміз және сол бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуді жалғастырамыз», деп қорытындылады.