«СЕНДЕГІ МЕНІ ӨШІРМЕ» ПОЭТИКАЛЫҚ ТОЛҒАУЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін, 28-ші қараша күні Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында Ханбибі Есенқарақызының «Сендегі мені өшірме» поэтикалық толғауының премьерасы өтті. Спектакль жастар арасындағы ажырасу мәселесін, қоғамдағы өзгерістерді, махаббат пен сатқындықтың арасындағы күресті бейнелейді. Қойылым поэзия мен музыка арқылы терең сезімдер мен ойлар әлеміне жетелейді.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған мәдени, әдеби және ғылыми іс-шаралар парадын осылайша Ж.Шанин театры жалғап, іліп әкетті. Түске дейін ғана «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде өткен поэтикалық жыр мүшәйрасы осылайша мәдени сипатта жалғасын тауып отыр.

Пьеса авторы, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы, өз кезегінде, театр ұжымына шығармашылық ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді. Шара аясында театр ұжымына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтың және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің арнайы ықылас гүлдері табысталды.

Қойылымның соңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек құттықтау сөз сөйледі. Ол спектакльдің көркемдік жетекшісі Мөлдір Айдарқызы мен театр ұжымын жаңа туындының сәтті сахналануымен құттықтап, қойылымның мәдени және рухани маңыздылығын атап өтті.