СИЯСАУЫТ — ҰЛЫ ДАЛА ЖАЗУШЫЛЫҒЫНЫҢ КӨНЕ КӨРІНІСІ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

Сиясауыт — көне замандарда жазу жазуға арналған құралдарды (қалам, сия, қағаз) сақтайтын ыдыс немесе қобдиша. Қазақ даласында ғылым мен білімге, жазу-сызуға ерекше мән берген дәуірлерде, әсіресе медреселер мен діни оқу орындарында сиясауыт кең қолданылған.
Сиясауыттың маңызына тоқталсақ, сиясауыт тек қана ыдыс емес, ол – білім мен руханияттың символы. Хат тану, діни және әдеби мәтіндер жазу барысында қалам мен сияны бір жерге жинау қажет болған. Сондықтан шеберлер оны ағаштан, сүйектен, кейде күмістен немесе қоладан жасап, өрнектеп, әсем безендірген.
Бұл жәдігердің қолдану саласы, көбінесе:
– Қолмен жазылған Құран, хадис, шариғат кітаптарын көшіруші жазушылар (қаллиграфтар),
– Ақын-жыраулар, жазушылар, мұғалімдер,
– Діни қайраткерлер мен молдалар қолданғаны белгілі.
Сиясауыттарда арнайы қаламсап салатын бөлік, сия құятын ойық, кейде қағаз сақтайтын бөлімдер болған. Мұндай ыдыстар ұстаздан шәкіртке мирас ретінде қалдырылып, білім жалғастығының белгісі ретінде бағаланған.
Әлбетте, сиясауыттың мәдени маңызы зор болды. Сиясауыт – қазақ халқының рухани мәдениетінің, оқуға, жазуға, ілімге деген ықыласының белгісі. Бұл бұйым арқылы біз өткен ғасырлардағы білім беру дәстүрін, жазу өнерін, тіпті ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты көреміз.
А.Смаилова
Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің экскурсия жетекшісі