СОЗАҚТА УРАН ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысы, Созақ ауданында «КАТКО» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің «Оңтүстік Төртқұдық» жобасы аясында жаңа уран өңдеу зауыты іске қосылды. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге, «KATКО» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, «Orano Mining BU» компаниясының бас директоры Кзавье Сан-Мартан Тийе және өзге де тұлғалар қатысты. Облыс әкімі бұл жобаның маңызына тоқталды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Баспасөз қызметі таратқан хабарламада облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың зауыттың ашылу салтанатында:
– «Казатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ табиғи уран өндіру саласында елімізде ғана емес дүние жүзінде көшбасшы компаниялардың бірі екені бәрімізге белгілі. Түркістан облысында аталған компанияға қарасты 10 табиғи уран өндіріс орны жұмыс істейді және 1 компания барлау жұмыстарымен, 1 компания электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады. Соның ішінде, бүгін біз Созақ ауданында «КАТКО» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің табиғи уранды өңдеу зауытының салтанатты ашылуында тұрмыз. Бұл жоба өндірісте және ішкі, сыртқы нарықты жоғары сапалы уранмен қамтамасыз етеді, жаңа технологияларды енгізу арқылы уранды өндіруге бағытталады. Инвестициялық жобаның қуаттылығы – жылына 2000 тонна уран өңдеу, құйылған инвестиция құны 74,7 млрд. теңгені құрады. Жаңа жұмыс орындары ашылғанын атап өткен жөн. Облыс әкімдігі тарапынан аталған өндіріс үшін 6 мың гектарға жуық жер телімі бөлінді және барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілді. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деген сөзі келтірілген.
Салтанатты жиында сондай «Қазатомпром» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов те сөз сөйледі. Ол бүгінгі оқиғаның еліміздің атом өнеркәсі үшін айырықша маңызды екеніне тоқталды.
– Оңтүстік Төртқұдық учаскесінде өңдеу зауытының іске қосылуы тек «КАТКО» үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл атом өнеркәсібі үшін де маңызды оқиға. Осы зауыттың құрылысына тікелей қатысқан қазақстандық мамандардың кәсібилігін ерекше атап өтіп, француз әріптестерімізді жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтағым келеді. Бұл – «Қазатомөнеркәсіп» пен «Orano» арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестіктің нәтижесі болды,–деді «Қазатомпром» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Қуаттылығы жылына 2000 тонна уранды құрайтын жаңа зауыт оңтүстік Төртқұдық кен орнының оңтүстік бөлігінде өндірілген, құрамында уран бар ерітінділерді өңдейді. Төртқұдықтың оңтүстік учаскесінің толық интеграциясы арқылы КАТКО жылына 4000 тонна уран өндіру көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр. Осылай деген «KATКO» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен:
– Оңтүстік Төртқұдық» өңдеу зауытының ашылуы – «КАТКО», «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» үшін үлкен жетістік. Бұл жоба – біздің қауіпсіздікке, жоғары экологиялық стандарттарға және технологиялық инновацияларға берік ұстанымымызды көрсетеді. Күрделі жобаны уақтылы, қауіпсіз әрі сапалы жүзеге асырған командамыз бен серіктестерімізді мақтан тұтамыз,-деп мәлімдеді.
Бұл жоба 2021 жылы егжей-тегжейлі зерделеуден кейін мақұлдаудан өткен. 2023 жылы жаңа зауыттың құрылысы басталып, үш жылдық қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жоба аясында, сонымен қатар, гидротехникалық желілер, асфальт және қиыршық тасты жолдар, электр желілері, жаңа трансформаторлық қосалқы станция салынды. «Оңтүстік Төртқұдық» жобасы өңірге айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп, қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсартты. Құрылыс кезеңінде жергілікті мердігерлерге қосымша жұмыс орындары ашылып, бір уақытта орта есеппен 600 адам жұмыс істеді.
Жиында жаңа өндіріс салтанатты түрде іске қосылды. Уран саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды. Облыс әкімі мен компания басшылары, қонақтар өндіріс орнындағы жаңа нысанды аралап көрді.
Айта кетейік, «KATKO» – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 1300 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 70%-дан астамы Қазақстанның оңтүстігінде және 52%-дан астамы Созақ ауданында тұрады. Компания қызметкерлерінің 99 пайызы Қазақстан азаматтары.
«КАТКО» қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорны 1996 жылы «Орано» француздық мемлекеттік компаниясы мен “Қазатомөнеркәсіп” қазақстандық ұлттық атом компаниясының ынтымақтастығы нәтижесінде құрылды. Комапния Созақ ауданындағы Мойынқұм кен орнының Төрткұдық және Мойынқұм учаскелерінде уран игеруді, өндіруді және өңдеуді жүргізеді.
Компания кен орындарын игерудің ең экологиялық қауіпсіз және арзан әдісі болып табылатын жерасты ұңғымаларын шаймалау (ЖҰШ) технологиясын қолданады. Әлемдегі уранның 50%-дан астамы ЖҰШ әдісі қолданылып өндіріледі. Бүгінгі таңда КАТКО әлемдегі ең ірі уран кен орындарының бірінің ЖҰШ-операторы болып табылады.