СОТ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ: КАССАЦИЯЛЫҚ ДЕРБЕС СОТ ҚҰРЫЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Еліміздің сот жүйесін реформалау ісіне байланысты биыл шілде айынан бастап елімізде дербес кассациялық сот жұмысын бастайды.  «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 2024 жылдың 5 шілдесінде 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен үлкен өзгерістер, яғни   жаңа сот сатысы – кассация туралы енгізілген болатын.  Кассациялық сот туралы Президент 2023 жылғы 12 қыркүйекте еліміздің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен болған кездесуде  айырықша тоқталған болатын.

Бұл өзгеріс алғашқы сатыдағы сот шешіміне көңілі толмаған әрбір адамның азаматтық істер бойынша кассациялық тәртіппен сотқа жүгінуіне мүмкіндік береді. Жаңадан құрылатын кассациялық сот аумақтардан тыс және жергілікті заң орындарымен байланысы болмауы үшін тек Астана қаласында жасақталады. Оған сот жүйесінде мол тәжірибеге ие және біліктілігі жоғары мамандар ғана іріктеледі. Бұған дейін азаматтық процестердің талабына сай Жоғары сотқа азаматтар белгілі бір істер бойынша ғана жүгіне алатын. Атап айтқанда, азаматтық істер оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қаралса, іс татуласу рәсімімен аяқталса, жеке тұлғалар үшін талап қою сомасы 2000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса, заңды тұлғалар үшін 30 000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса бұндай істер кассацияда қаралмайтын-тұғын. Қылмыстық істерден қылмыстық теріс қылық жасау бойынша қаралған істер кассацияда қаралмады. Мұндай жаңашылдық азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттырады және заңсыздыққа дер кезінде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Жанат Карымсаков, Түркістан облысы

Жетісай аудандық сотының судьясы

Қазақстан Республикасындағы кассациялық сот кассациялық іс жүргізу тәртібімен заңды күшіне енген сот шешімдері мен актілерін қайта қарауды қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі жүйесінде шешуші рөл атқаруымен құнды болып отыр. Кассациялық соттың негізгі міндеті белгілі, ол төмен тұрған соттардың жіберген қателіктерін түзетуге және елдің барлық аумағында заңдардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Дербес кассациялық соттардың құрылуы сот жүйесіндегі жүктемені азайтуға, сот шешімдерінің сапасын арттыруға және азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл соттар жоғары инстанция ретінде, төменгі соттардың шешімдерін қайта қарау, заңдылықты қамтамасыз ету және құқықтық нормаларды біріздендіру міндеттерін атқарады. Сот жүйесіндегі реформалар Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдерін күшейтуге және сот әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дербес кассациялық соттардың жұмысын бастауымен, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігі артып, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығының деңгейі де жоғарылайды деп күтілуде. Мәселен, мамандандырылған үш дербес кассациялық соттың әрқайсысы өз саласында, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша, жоғары инстанция ретінде қызмет етеді.

Қылмыстық кассациялық сот – қылмыстық істер бойынша төменгі соттардың шешімдерін қайта қарау, заңдылықты қамтамасыз ету және құқықтық нормаларды біріздендіру міндеттерін атқарады. Бұл соттың жұмысы қылмыстық құқықтың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Азаматтық кассациялық сот – азаматтық істер бойынша шешімдерді қайта қарау, азаматтардың құқықтарын қорғау және азаматтық құқықтық қатынастарды реттеу мақсатында қызмет етеді. Бұл соттың жұмысы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және азаматтық құқықтарды қорғау механизмдерін күшейтуге ықпал етеді.

Ал әкімшілік кассациялық сот – әкімшілік істер бойынша шешімдерді қайта қарау, мемлекеттік органдардың әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын тексеру мақсатында қызмет етеді. Бұл соттың жұмысы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Сондай-ақ, дербес кассациялық соттардың құрылуы сот жүйесіндегі кадрлық әлеуетті дамытуға, судьялардың кәсіби біліктілігін арттыруға және сот қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруге ықпал етеді. Бұл реформалар сот жүйесінің тиімділігін арттырумен қатар, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға да оң әсерін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда кассациялық соттарға жүктелер жауаптылық жоғары болғалы тұр.

Дегенмен елімізде дербес кассациялық соттардың құрылуы – бұл сот жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Бұл реформалар Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, сот әділдігін қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі жүйесінде шешуші рөл атқаруымен құнды болып отыр. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің қоғамға тигізетін әсері зор болатынына сеніміміз мол.