СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ ҚАЗАҚ ТІЛІ БАСЫМДЫҚҚА ИЕ БОЛУЫ КЕРЕК
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп белгіленген. Осыған байланысты «Тіл туралы» заң мен процестік заңнамаларда мемлекеттiк тiл – қазақ тілінің сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі ретінде басымдыққа ие екенін ескерілген. Осы орайда Түркістан облысы Шардара аудандық сотында «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Оған аудандық прокуратураның аға прокуроры Қ.Ақыпбеков, аудан әкімдігінің заң бөлімінің өкілі Б.Айтенов, аудандық тілдерді дамыту бөлімінің өкілі Қ.Ділдәбеков, аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасарлары-бөлім басшылары Н.Елшібаев, Н.Ашимов, аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Н.Аширбаев, аумақтық жеке сот орындаушылар А.Кенесбаева, Н.Бакиров пен аудандық заң кеңсесінің меңгерушісі адвокат А.Айдарбеков қатысты.
Басқосуды аудандық соттың судьясы А.Сарсенбайқызы ашып беріп, қатысушыларды аудандық соттың іс жүргізуіндегі қазақ тілінің қолданылу тәжірибесі мен сотқа келіп түсетін іс-материалдардың, талап қоюлар мен арыздардың, сот орындаушылардың ұсынымдарының қазақ тіліндегі үлестік салмағымен аудармашы мәселесі туралы ақпараттандырды.
Жиын спикерінің айтуынша 2023 жылы аудандық сотқа 808 азаматтық талап қою мен арыз түскен. Олардың жартысынан астамы, яғни 485-і ғана қазақ тілінде жазылған. Ал, 2024 жылдың 8 айында да дәл осы жағдай. 585 талап қою мен арыздың 257-і қазақша толтырылған. Мұнан бөлек сот орындаушылардың 42 ұсынымының 18-і орыс тілінде берілгені де қынжылыс тудырып отыр. Өйткені тұрғындарының 5-8 пайызын ғана өзге ұлттар құрайтын шалғайдағы ауданда мемлекеттік тілдің аясының мұншалықты тарылуы назар аударатын жағдай екенін баса айтты.
Сондай-ақ, сот тәжірибесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мен азаматтық істер, сот орындаушылардың ұсынымдары сот отырысы барысында сот ісін жүргізу тілін орыс тілінен қазақ тіліне ауыстыру жайттары орын алатынын, себебі сотта екі тараптың да қазақ тілін еркін меңгеретіні анықталғанын, заң талаптарын бұзған мемлекеттік органдарға қатысты жекеше ұйғарым қабылданғанын көрсетті.