СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕГІ ШЫМКЕНТ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

1947 жылдан бастап А.Н. Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс істей бастады. Экспедицияның міндетіне Сырдарияның орта ағысының аумағын барлау кірді. А.Н.Бернштамның айтуынша, экспедиция екі сауалға жауап беруі керек еді: «1. Ежелгі кезеңдегі қазақ халқының этногенезінің негізгі жолдары. 2. Қазақ этногенезіндегі кангюй тайпаларының рөлі мен маңызы».

А.Н. Бернштам Қазақстанның оңтүстік аумағы қазақ халқының этногенезінде үлкен рөл атқарған кангюй тайпалары мекендеген жері болған деп есептеді. Сондықтан, ол екінші сауалға ерекше мән берді. Экспедицияның алдына қойылған міндетке сәйкес, ғалым ізденудің үш бағытын анықтайды: 1. Ежелгі Сырдария мен Қаратау тайпаларының қазақтар этногенезіндегі орны. 2. 1947 жыл археологиялық деректер  3. Кангюй мәселесі.

Экспедиция Қазақстанның оңтүстігіндегі өзінің сапарларын келесі бағыттар бойынша жасайды: «Жамбыл – Тамды (1936-1939 жылдар Талас бойында өткен жұмыстарымен байланыстыру үшін) басталып, Шымкент-Сайрам бағытына шығу мүмкіндігі қаралған Қаратау (1940 жыл Пацевич маршрутымен байланыстыру үшін), Қаратау тауларынан басталып Сырдария арқылы Қызылқұммен шектесетін жерге дейінгі ирек жол, содан кейін жол солтүстік-батысқа қарай бұрылып Қаратаудың далаға ұласатын қиыр солтүстік-батысындағы «таулы қақпасына» жетеді, одан солтүстік жағынан солтүстік-шығысқа қарай Сарысудың жоғарғы ағысымен Шу мен Талас жазықтығымен айналып, соңында (қайтадан Тамды арқылы) Жамбылда түйінделеді».

Бұрын Г.И. Пацевич көрсеткен ескерткіштерді зерттеу кезінде экспедиция Сайрам қалашығын да зерттейді. Сол кезде А.Н. Бернштам Сайрам қалашығы ортағасырлық жазба дереккөздердегі Испиджаб қаласына сәйкес келмейді деген қорытындыға келеді.

Экспедиция жұмысының нәтижелері бойынша А.И. Агеева Қаратау және Сырдарияның орта ағысындағы қалалар мен елді мекендердің керамикасы туралы жан-жақты қаузаған еңбек жазды. Ғалым алынған материалға сүйене отырып, Оңтүстік Қазақстанның керамикасын келесі хронологиялық топтарға бөледі:

–  скиф-сармат – біздің заманымызға дейінгі VI  ғасыр-біздің заманымызға дейінгі III ғасыр;

–  кангюй-хорезм – біздің заманымызға дейінгі IV  ғасыр- біздің заманымыздың I ғасыр;

–  кушан – біздің заманымыздың I-V ғасырлар;

– VI-IX ғасырлар, афригидтік Хорезм мен соғды-қарлұқтық Жетісуға сәйкес келетін;

–  біздің заманымыздың X-XII ғасырлар керамикасы, Жетісу мен Соғдының саманидтік және қараханидтік кезеңіне сәйке келетін;

–  моңғол-тимуридтік – біздің заманымыздың XIII-XV ғасырғасыр.

Сайрам қалашығының барлық табылған керамика кешеніне жүргізілген сараптаманың негізінде ғалым А. Н. Бернштамнан кейін Испиджабты басқа жерден іздеу керек деген қорытынды жасайды.

А.Н. Бернштам бастаған археологиялық экспедиция 1947-1951 жылдар аралығында Қазақстанның оңтүстік аумағында ауқымды барлау жұмыстарын жүргізді. Экспедицияның жүрген бағыттарына сәйкес, зерттелген археологиялық нысандар енгізілген облыстың картасы жасалды.

1948 жылы экспедиция Арыс өзенінің оңтүстігінен бастап Келеске дейінгі кеңістікті зерттейді. Барлау барысында А. Н. Бернштам ертеректе бұл учаске көшпелілерден бос жатқанын анықтады, өйткені экспедиция кезінде кездескен оба-қорған топтарының саны аз болды. Осының негізінде А.Н.Бернштам ежелгі уақытта Арыс-Келес аймағы біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында отырықшы оазистердің жандануына әсер еткен әртүрлі этно-экономикалық топтар арасындағы буферлік аймақ болды деген қорытындыға келді. Сонда да Шымкент және Сайрам қалашығының және оның перифериясындағы ескерткіштер зерттелмеген күйі қала берді.

Кейінірек, осы экспедиция жұмысының нәтижелерін талдай отырып, Е.И.Агеева мен Г.И. Пацевич 1958 жылы «Оңтүстік Қазақстанның отырықшы қоныстары мен қалаларының тарихынан» деп аталатын жан-жақты монографиясын шығарды. Жұмыс бірнеше тараудан тұрады. Монографияда тарихи-географиялық анықтамамен қатар, зерттеліп отырған ауданның тарихи-географиялық ортасына сипаттама беріледі. Жазбаша дереккөздерді зерттеу арқылы мәселенің тарихнамасына талдау жасалды. Белгілі жазбаша дереккөздер арқылы керуен жолдары нақтыланады, қалалар локализацияланады. Отырар оазисінде, Арыс алқабында, Қаратау бөктерінде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері жарияланады. Е.И.Агееваның бұрын жариялаған керамикалық кешендердің хронологиялық классификациясы осы жұмыста жетілдіріліп, кейбір хронологиялық кезеңдер нақтылана түсті. Монографияда алғаш рет археологиялық объектілердің сыртқы көрнекі белгілерін зерттеу негізінде Оңтүстік Қазақстан ескерткіштерінің типологиясы әзірленді. Авторлардың жіктеуі бойынша ескерткіштер сыртқы көрнекі белгілері бойынша мынадай түрлерге бөлінді: елді мекен – дөңгелек, сопақша төбе, төбе алаңы бар; қалашықтар – цитадельді қалашықтар, дамыған рабадтары бар қалашықтар. Өз кезегінде елді мекендер – бекіністі елді мекендер мен керуен сарайларға бөлінді.

Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы өзінің зерттеу жұмыстары барысында экспедиция кезінде танысқан ежелгі заттар, кездейсоқ олжалар мен басқа да жәдігерлерге әрдайым қызығушылық танытып отырды. 1952 жылы экспедиция құрамында Л.И. Ремпель жұмыс істеді. Экспедиция қатысушылары Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып, жәдігерлермен танысып жатқан кезде Л.И. Ремпельдің назарына Түлкібас ауданынан табылған тас ыдыстар түседі. Ыдыстар екеу еді. Жазылған түсіндірме жазбасы бойынша, үш аяқты бір ыдысты өлкетанушы Гайденков Шақпақ мекенінен тапқан. Ал, төрт аяқты екінші ыдыс болса Ванновка селосына жақын тұрған Төрткүлтөбеден шыққан. Бұл заттардың шығу тегі туралы мәселені Л.И. Ремпельдің шешуіне Г.И. Пацевич көмектесті. Сол жылдары Л.И. Ремпель Жамбылда тұрды, саяси жер аударылған санатында болды. Мүмкін, сол кезде Төрткүлтөбеден табылған тас ыдыстар туралы ғылыми ақпарат жарияланбағаны сондықтан шығар. Бір қызығы, ғалымға бұл нәрселерді зерттеуде Г.А. Пугаченкова көп көмек көрсетті. Ол оған «негізгі кілт» христиан дінінің рәміздерінде жатуы мүмкін екенін айтып жәрдемдесті.

Л.И. Ремпель ыдысты XI-XII ғасырларға жатқызды. Ол бұл нәрсенің ғұрыптық мәні болған деп санады. Ғалымның пікірінше, ыдыстың әрленуінде несториандық пен маздеизмнің белгілері бейнеленген.

ХХ ғасырдың 50-жылдарында Шу алқабының ерте ортағасырлық қалалары мен елді мекендерін зерттеуіне байланысты П.Н. Кожемяко Сайрам қалашығының топографиясына назар аударады. Шу алқабының қалашықтары мен елді мекендерін зерттей отырып, ғалым ұзын қабырғалары бар қалашықтардың бастапқы үлгісі – Сайрам (Испиджаб) қалашығы болған деп тұжырымдайды.

Оңтүстік Қазақстандағы көшпелілер мәдениеті ескерткіштерін зерттеуге мол үлес қосқан ғалым – А.Г. Максимова болды. Ол Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі, Шардара су қоймасының су басу аймағындағы, Жетісуда және Қазақстанның басқа да аудандарындағы жерлеу ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер жүргізді. Оған Испиджаб тарихи-мәдени ауданындағы көшпелі тайпалардың ескерткіштеріне қазба жүргізудің сәті түспеді. Дегенмен, 1957-1958 жылдар кезеңінде А.Г. Максимова Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында облыс аумағында барлауды жүзеге асырды. Арыс, Бадам, Келес өзендерінің аңғарларында, Қаржантау бөктерінде орналасқан көшпелі және отырықшы мәдениет ескерткіштері зерттеліп, тіркелді. Кейіннен осы экспедиция тапқан ескерткіштер Қазақстанның археологиялық картасына енді.

Осы тұста атап өту керек, 1960 жылы Қаз КСР ҒА Тарих, археология, этнология институты КСРО-да алғаш рет археологиялық карта шығарды. Ол екі бөліктен тұрады: археологиялық ескерткіштер шартты белгілермен ендірілген карталар және археологиялық нысандардың қысқаша сипаттамалары берілген реестр. Бұрын жазбаша дереккөздер, ғылыми әдебиеттер және басқа да айғақтар бойынша белгілі болған біз зерттеп жатқан ауданның барлық археология ескерткіштері жинақталып, осы ғылыми басылымда көрсетілген.

ХХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанның оңтүстігіндегі ескерткіштерді зерттеу Н.П. Подушкиннің жұмысымен байланысты болды. Оның археология саласындағы қызметі ертерек, ол аспирантурада оқып жүріп Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамына кірген кезде басталды. Е.И. Агеевамен, Г.И. Пацевичпен, Г.А. Кушаевпен, Л.И. Ремпельмен бірлескен жұмыстарға қатыса отырып, ол Бабаата қалашықтары, Таутары қорымы, Отырар және т.б. ескерткіштерде жүргізілген археологиялық зерттеулерден тәжірибесін қалыптастырды.

Н.П. Подушкин облыс аумағында біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығындағы отырықшы-жер өңдеуші мәдениеттерінің ескерткіштеріне алғашқылардың бірі болып зерттеу жүргізді. Ол сол кезеңдегі бірнеше ескерткіштерді зерттеді. Олардың қатарына Арыс өзенінің жоғарғы ағысындағы Корниловка ауылының жанында орналасқан Қарауылтөбе елді мекені жатады. Сол аудандағы Наймантөбе, Жартытөбе елді мекендерін де қоса зерттеді. Шымкент қаласының солтүстігінде орналасқан Құмыш өзенінің аңғарында Н.П. Подушкин Төрткүлтөбе қалашығын зерттеді.

Қарауылтөбе елді мекенінде Н.П. Подушкин алғаш рет ыдысты әрлеу тәсілінде валик пайдаланылған, ыдыстың периметрі бойынша толық белдеуленген, бүрлер жабыстырылған, иілген қос тұтқалы, көлденең бұдырланған, т.б.  жергілікті ерекшелігі бар керамиканы табады. Мұндай белгілері бар керамика табылған ескерткіштерді зерттеуші біздің заманымыздың I-IV ғасырларына жатқызды. Н.П. Подушкиннің бұл зерттеулері кейінірек оның кандидаттық диссертациясының негізіне айналды.

ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңында зерттеліп отырған ауданда Х.Алпысбаев өз ізденістерін бастады. Бұл ғалымның назары тас дәуіріндегі ескерткіштерді зерттеуге бағытталған. Х. Алпысбаев бастаған осы тарихи-мәдени аудандағы археологиялық барлауы 1969 жылдан 1971 жылды қоса алғандағы уақыт аралығын қамтыды. Осы кезеңде экспедиция Қаржантау бөктерін, Өгем өзенінің аңғарын, оның Азартеке, Мақпалсай және Бесағаш салаларын зерттеді. Экспедиция сол өзендердің жоғарғы ағысындағы үңгірлер мен палеолит материалдары бар гроттарды тапты. Ол кейбір үңгірлерді Қаратау тауларының доломитті әктас массивтерінен және Машат, Ақсу, Жабағылы өзендерінің аңғарларынан тапты. Олардан тас заттармен қатар пілдердің, мүйізтұмсықтардың, жабайы жылқылардың, бөкендердің және басқа жануарлардың сүйектері табылды.

Ғалым Шымкент қаласынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде, өзімен аттас өзен бойында орналасқан Қараүнгір үңгірін ашып және зерттеді. Онда жүргізілген археологиялық зерттеулер үңгірде бес қабат анықталды. Табылған заттардың ішінде жабайы жануарлардың сүйектері және кремний материалынан жасалған нуклеустар, жебе ұштары және тас жаңқасы болды. Ал, бұл заттар тұрақты неолит дәуіріне жатқызуға негіз болды. ХХ ғасырдың 90-жылдарында Қараүнгір үңгірінің материалдарын мұқият зерттейтін Қазақ-Ресей бірлескен экспедициясы қайта зерттеді. Х.Алпысбаевтың тапқан жәдігерлері зертханалық жағдайда зерттелді; ескерткіштің жаңа стационарлық археологиялық зерттеулері жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстанның геоморфологиясы, палинологиясы және палеозоологиясы бойынша жаңа деректер алынды.

ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанның ортағасырлық қалаларына О.Г. Большаков назар аударады. Сырдарияның төменгі және орта ағысындағы қалаларды зерттей отырып, өзен аңғарында қалалық мәдениеті бар екі ауданды бөліп көрсетеді. Оның пікірінше, біреуі Сырдария алқабының атырау бөлігінде, екіншісі – Арыс өзені мен Қаратау тауы бассейні кіретін өзеннің орта ағысында орналасқан.

Ол ортағасырлық Испиджаб өңіріне жан-жақты тоқталды. Өңір пен оның қалаларын сипаттау үшін О.Г. Большаков негізінен сол кездегі белгілі П.П.Иванов, М.Е. Массон, Е.И. Агеева, Г. И. Пацевичтің еңбектерін ақтарады. Сонымен қатар, ғалым араб жазбаша дереккөздерде көрсетілген ортағасырлық қалаларды локолизациялау мәселелеріне қатысты. О.Г.Большаков Әл-Мұқаддасидің Испиджаб округінің қалалары тізімінде атаған Баладж, Барукет, Барух және Йаканикеттің орналасқан жері белгісіз екенін атап өтті. Сонымен қатар, ғалым әл-Мұқаддаси шығармасындағы қалалар Баладждан бастап Испиджабқа қарай кері тәртіпте санала бастайтынын және осы қағида бойынша жазбаша дереккөздерде аталған қалаларды локализациялау қажет екенін дұрыс атап өтті. Алайда, О.Г.Большаковтың қолында далалық материалдар болған жоқ және бұл мәселеде Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі қазба жұмыстарының нәтижелерін жариялаған Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтің монографиясымен шектелді. О.Г. Большаков басқа мәліметтерге ие болмай жатып, осы 4 қаланы Созақтан және одан әрі оңтүстік-шығысқа қарай іздеу керек деп есептеді. Сонымен қатар, ғалым өз жұмысында әл-Мұқаддасидің тізіміндегі тікелей Испиджабқа іргелес болған тағы екі қаланы – Дахкет пен Дех Нуджикет туралы мүлдем айтпады және олардың орналасқан жерін түсіндірмеді.

Түркістан облысының аумағында ұзақ жылдар бойы К.М. Байпақов өз зерттеулерін жүргізді. Ғалымның басты назары қала мәдениетінің генезисін сипаттауға және Ұлы Жібек жолы бойындағы урбанизацияның пайда болуына бағытталған. Осы жылдар ішінде ол бірқатар монографиялар шығарды, оларда қалалық мәдениет ескерткіштері көрініс тапты.

К.М. Байпақов ортағасырлық жазбаша дереккөздерде айтылған Оңтүстік Қазақстан қалаларын локализациялауды жүргізді. Ол Испиджаб өңіріне кіретін қалаларды локализациялады, олардың нақты орналасқан жерін анықтады. Ғалым ортағасырлық Испиджаб қаласы Сайрам қалашығымен бір екеніне сенімді. Сайрамның өзінде жер қазу жұмыстары кезінде кездейсоқ табылған жерасты культтік құрылымын ол тікелей өзі зерттеді. К.М. Байпақов өлшемдерін алып, құрылыс жоспарын жариялады және бұл жерасты құрылымы несториандық жерасты храмы екенін анықтады.

Ғалым, сонымен қатар, Сайрам қалашығының топографиясын зерттеді, оны ұзын қабырғалы қалашық түріне жатқызды. К.М. Байпақов пен Ф.П. Григорьевтің пікірінше, Сайрам қалашығының топографиясы Тараз және Жетісудағы Ақтөбе қалашықтарын жоспарлау, қорғаныс қабаттарының ұзындығы және жергілікті жер бедеріне байланыстыру бойынша қайталайды.