СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНІҢ ЕРЕН ЕРЛІГІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Соғыс адамдардың  бейбіт өмірінің шырқын бұзды. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Ұлы Отан соғысы экономиканың әскери бағытта құрылуына байланысты елдің алдына үлкен мәселелер қойды. Соғыс алдында салынған өнеркәсіптің негізінде әскери-өнеркәсіптік базаның қалыптасуы, өндірістердің көшірілуі қиын жағдайда жүрді.

1941ж. аяғында Белоруссия, Украина, Ресейдің батыс облыстарын фашистер басып алғандықтан экономикалық шығын елеулі болды. Жұмыс күшінің жетіспеуінен ұшақ, танк, оқ-дәрі шығару төмендеді. Отбасыларынан ер азаматтары майданға аттанса, әйелдер мен балалар, шал-кемпір солардың тілеуін тілеп, қорғаныс қажеті үшін өндірістер мен егістік далада талмай еңбек етті. Барлық күш «майдан үшін, жеңіс үшін» деп жұмылдырылды. Қарапайым халық тылды нығайтты, маңызды тапсырмаларды талмай атқарды. Қорғаныс қоры үшін қыруар қаржы жинады. Еңбекшілер белгіленген норманы, жоспарды артығымен орындады, мысалы 1941 жылы облыстың 41 өнеркәсібі осылай еңбек етті. Көшіріліп әкелінген өндіріс орындары еңбек вахтасына тұрып, тез арада іске қосылды, яғни 2-3 жылда салынатын өндірістер соғыс кезінде бірнеше айда салынып жатты. Оңтүстік өлкесіне 20 шақты өнеркәсіп көшіріп әкелінді. Мысалы, Шымкент қорғасын заводының жанынан металл-прокат шығарылды. Шымкент қорғасын заводынан көптеген азаматтар соғысқа аттанды. Заводтағы әйелдер саны соғысқа дейінгі кезеңге қарағанда 80 пайызға өсті. Әйелдер ерлер мамандығын аз уақытта игерді. Әйелдер цехтар мен кен байыту комбинаттарында, темір жолдар мен ауыл шаруашылығында жұмыс істесе, майдан алаңында ерлікпен шайқасса, үйде балаларды тәрбиелеп, оқытып, отбасының жағдайын жасады.

Шымкенттің «Химфарм» заводында ерлермен қатар әйелдер жоспарды артығымен орындап үлкен жетістікке жетті. Өнімнің жаңа түрлері шығарылып әскерге қажетті дәрі-дәрмекті көптеп шығарды. Химик жұмысшылар ауыл шаруашылығына егін  жинауға көмектесті. Әрбір жұмысшының ерен еңбегінің арқасында 1942 жылы жоспар орындалып 12 млн 597 мың сомның өнімі берілді. Сонымен қатар, химфарм заводы кен өндірісі мен ауыл шаруашылығына қажетті химиялық өнімдер шығарды. Заводтың жұмысшы әйелдері жұмыстан кейін үйінде отырып шұлық, қолғаптар тоқып майдандағы жауынгерлерге жіберді. Май шығару заводының ұжымы 1944 жылы өнімнің барлық шығару міндетін мерзімінен бұрын орындады. Инженерлер, техниктер еңбегі арқасында еңбек өнімділігі 7,2 пайызға өсті, 58 тоннадан аса жоғары сапалы май өндірді. Сабын қайнату цехы қарқынды жұмыс істеді. Завод май, глицерин, сабын тағы басқа өнімдер шығарып, халық және қорғаныс қажеттілігін қамтамасыз етті. 1943 жылы завод Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің туын жеңіп алды. Бұл сол кездегі майдан қажеттілігі үшін жұмыс істеген тылдағы өндіріске берілген жоғарғы марапат.

Темір жол, транспорт желісі, яғни тасымалдау қызметі тиімді жолға қойылмаса жеңіске жету қиын еді. Сондықтан Ұлы Отан соғысы кезінде теміржолшылар алдына маңызды жауапты міндеттер мен мақсаттар қойылды. Темір жол жұмысын қайта құру-поездар қозғалысын ерекше кестеге (график) қою еді. Оның мәні кестеде әскери эшалондарды, қару-жарақ, әскери техника, оқ-дәрі, азық-түлік т.б. таситын жүктерді бірінші кезекте өткізу еді. Майдан жүктері мен тыл қажетін қамтамасыз ету темір жолдың Шымкент бөліміне түсті. Ол бөлім оңтүстік-шығыс Қазақстан, Орта Азияны майданмен байланыстыратын магистраль болды. Жолдың өткізу қабілетін арттыру, тораптар мен разьездердің дамуы үшін шаралар жасалды. Патриоттық бастамалардың жаршысы болған темір жолдың Шымкент бөлімінде көптеген мықты мамандар, өз ісінің шеберлері жұмыс істеді. Бұл бастамаларды Түрксиб теміржолшылары, бүкіл Қазақстан қолдады. 1941 жылы қазанның сындарлы күндерінде Шымкент теміржолшыларының жастары Қазақстан комсомолы атындағы танк бөлімін салуға қаржы жинауға шақырады. Ірі өндірістер мен ұсақ артельдерден, жекелеген азаматтардан қаржылар түсе бастайды. Жастар жексенбіліктер өткізіп, темір сынықтарын жинап, тапқан ақшаларын қорға жіберді. 1941 жылы қараша айының ортасына қарай танк жасауға 225330 сом жиналды. Сол қаржыда көптеген адамдардың майданға деген үлесі болды.

Қазақстан теміржолшыларының соғыс кезіндегі жанкешті еңбегі лайық бағаланып қатынас жолының халықтық комитетінің өтпелі Қызыл Туға иеленеді. 1942-1943жж. Түрксібтің Шымкент торабында Арыс станциясының теміржолшылары өздеріне үлкен жауапкершілік алды. Өйткені, мұнда Орта Азия республикаларынан келетін әскери жүктердің негізгі бөлігі батысқа өтетін. Арыс теміржолшылары соғыс жылдарындағы тасымалдың қауырт ритмін қамтамасыз ету үшін барын салып жұмыс істеді. 146 адам белгіленген жоспарды 2-3 есе артық орындап, майданға кеткен жолдастары үшін аянбай еңбек етті.

Отан үшін , жеңіс үшін еңбек еткен адамдардың бірі әрі бірегейі Арыс темір жол торабының 46-шы бекетін басқарған Нұрқұлов Елтай. Оған стратегиялық маңызды обьектінің басшысы ретінде әскери жүктердің кешікпей кедергісіз жетуін басқару тапсырылды. Бұл бекет Орта Азиядан келетін жүкті Қазақстан арқылы өткізетін маңызды торап болған. Нұрқұлов Елтай күн демей, түн демей бекеттің өз қалпында жұмыс істеуін, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Үкімет оның қызметіне адалдығын, жұмысқа жауапкершілігін бағалап, сол кездегі ең жоғарғы марапат Ленин орденімен марапаттады. Ұлы Отан соғысы кезінде халық фашизмге қарсы майдан мен тылдың бірігіп күресуінің үлгісін көрсетті. Тылдағы еңбеккерлердің ерен еңбегі арқасында жеңіске жеттік. Қазіргі ұрпақ бейбіт өмірді бағалап, соның сақталуына атсалысуы қажет.

Б.Нуркулова       

«Сайрам» музейінің аға ғылыми қызметкері