СПОРТ КӨРМЕСІ: НЕ БІЛДІК, НЕ КӨРДІК?

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында қаланың туристік әлеуетін және белсенді демалыс арқылы саламатты өмір салтын насихаттауды көздейтін іс-шаралар легі қалыптасып келеді. Соның жарқын бір мысалы, қыркүйектің 13-14  күндері  Шымкент қаласындағы Көрме орталығы нағыз спорттық алаңқайға айналды. Онда «Shymkent marathon-2024» атты көрме  ұйымдастырылып, қала тұрғындары екі күн қатарынан спорт әлеміне саяхат жасады. Көрмеде не жоқ дейсіз? Спортшыларға керектінің бәрі бар. Әсіресе, марафоншыларға арналған спорттық киімдер, құрал-жабдықтар, пайдалы тағамдар, тренажерлар, ақылды сағаттар, т.б дүниелер көптеп қойылған. Мұндағы мақсат – қала тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттай отырып, спортқа қажетті, денсаулыққа пайдалы және белсенді демалысқа арналған сапалы тауарларды қолжетімді бағада сатып алуға жол ашу. 

ЕҢ ҮЛКЕН ШҰЛЫҚ ФАБРИКАСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА

Іс-шараның ұйымдастырушысы – Шымкент қалалық Көрме орталығы. Көрмеге 30 шақты компания өкілдері қатысыпты. Олардың арасында тек өңірлік кәсіпкерлер ғана емес, Алматы қаласынан да келгендері бар.

– Бұл жерде негізінен спорттық тауарлардың ішіндегі марафоншыларға арналған тауарлар басымдау. Көрмеге марафонға қатысқан кезде киетін киімдер мен олар пайдаланатын түрлі спорт жабдықтарын әкеліп қойды. Ұйымдастырушы – өзіміз. Спортқа қатысты компанияларға хабарласып, біздің орталықта көрме өткізу бойынша ұсыныс тастадық. Олар да ұсынысымызды қуана қабыл алып, қажетті тауарларын алып келді, – дейді бұл туралы аталған орталықтың директоры Зухра Әмзеқызы.

Алматы қаласынан келген кәсіпкерлердің бірі – «GM Sport» спорт дүкені. Олар көрмеде ерлер және әйелдер фитнесіне арналған киімдер топтамасын ұсыныпты. Жанына жақын барып, «GM Sport» дүкенінің өнімдері туралы сұрадық.

– Қазіргі таңда біздің дүкеннің екі филиалы бар. Соның бірі Астанада болса, екіншісі Алматыда. Біз Алматы қаласынан келіп отырмыз. Дүкенімізде тек спорттық киімдер ғана емес, сонымен қатар жүгіруге, фитнеске, иогаға арналған аксессуарлар мен спорттық сумкалар да сатылады. Сондай-ақ шұлықтар мен аяқ киімдерді де біздің дүкен сөрелерімізден табуға болады. Біз өз сатып алушыларымызға әрдайым үйлесімділік пен стиль, сапа мен жайлылық сыйлауға тырысамыз, – деп жымиды спорттық дүкеннің маркетолог маманы Надия Алиева.

Надиямен әңгімені аяқтап, ары қарай аралауға кірістік. Бұдан кейінгі әңгіме «Әлем БТ» фабрикасының өкілдерімен жалғасты. «Әлем БТ» – Қазақстан бойынша шұлық шығаратын ең үлкен өндіріс орны. Онда 246  станок орнатылған. Фабрика айына 1,5 миллион шұлық өндіріп отырады. Дайын өнім тек Қазақстан бойынша таралып қана қоймай, сонымен бірге шет елдерге де шығарылады екен.

– Бізде ерлер, әйелдер және балалар шұлығы бар. Кішкентай нәрестелерден бастап ересектерге дейін шұлық тіге аламыз. Фабрика бес жылдан астам уақыт нарықта жұмыс істеп келе жатыр және сонау 2019 жылдан бастап қазіргі дейін, яғни жыл сайын алдыңғы қатарлы жүлделерге ие болып келеді. Бүгінгі таңда біз Ресейде сапасы жағынан танымал брендтердің қатарына ендік.

Фабрикада классикалық және спорттық үлгідегі шұлықтар шығарылады. Бұл спорттық бағыттағы шара болғандықтан мұнда тек спортшыларға арналған шұлықтарымызды ғана алып келдік, – дейді фабриканың сату бойынша менеджері Айжан Сергебаева.

Айжанның айтуынша жуырда «Балаби Текстиль» атты тағы бір фабрика ашылғалы жатыр екен. Онда 500 станок орнатылып, айына 4 миллион шұлық өндіріледі деп жоспарлануда. Жаңа фабриканың ашылу салтанаты биылғы жылдың қазан, қараша айларында өтпек екен.

ҚАЗАҚША БРЕНДТЕН АМЕРИКАЛЫҚ БРЕНДКЕ ДЕЙІН…

«Brand Amanat» – киімдер мен сөмкелерді этностильде ұсынатын отандық бренд. Олар бірнеше жылдан бері нарыққа қазақша шопперлер, экосөмкелер, этно стильдегі жейделер мен бас киімдер ұсынып келеді. Бұл жолы да спорттық көрмеге этно футболкалар, кепкалар және шопперлер  әкеліпті. Цех менеджері Арайлым Ақаш олар әкелген өнімдер мен ондағы ерекше қазақы принттердің барлығы өз шеберлерінің қолынан шыққанын айтады.

–  Алдарыңызда тұрған мынау шопперлер өңделген киізден тігілген. Оның матасы өте сапалы әрі берік келеді. Бетіндегі суреттерді де өзіміз басамыз. Бағалары 2000 теңгеден бастап, 6000 теңгеге дейін кете береді. Осы өнімдеріміздің ерекшелігін көрсету мақсатында көрме келушілеріне арнап, фотоға түсуге арналған бұрыш дайындадық. Таныстырып өтер болсам, мұнда неше жылдық тарихы бар көне заттар қойылған. Соның ішіндегі домбыра, күбі, сандық, көне сырмақ, басқұр – барлығы да әу баста қолдан жасалған дүниелер және біз бұларды Қазақстанның түрлі қалаларынан жинадық.

Айтпақшы, «Brand Amanat»-тың өзінің фотостудиясы да бар. Онда адамдар киіз үйдің ішінде қазақша киімдер киіп, суретке түсе алады, – дейді ол. Расында да, біз сұхбаттасып отырған уақытта «Brand Amanat» алып келген әлгі фотобұрышта көптеген көрме қонақтары қатарынан суретке түсіп жатты.

Көрменің тағы бір қатысушы – «Nutribullet» америкалық компаниясы. Аталған бренд 2003 жылдан бері танымал. Америкада негізі қаланған бұл компания Қазақстанға 2022 жылы келіпті. Компанияның негізгі өнімі – асүйде  қолданылатын блендерлер.

– Бұл жерде тұрғандар – адам жолға шыққанда өзімен бірге алып жүре алатын бөтелке формасындағы портативті және арнайы ас бөлмеде тұратын үлкен блендерлер. Бұдан бөлек аэрогриль, микротолқынды пеш сынды басқа да өнімдеріміз бар, бірақ біз бүгінгі шарада спортшыларға өте қажетті екі тауарымызды ғана ұсынып отырмыз. Мұндағы портативті блендерлер спортпен айналысатын жандарға өте тиімді. Оны қолдану оңай, ешқандай қиындық тудырмайды. Адам мұны өзімен бірге спортзалға алып баруға да болады. Себебі көп орын алмайды, шағын әрі жеңіл. Көлемі – 400 мл. Ұзын-сонар шнуры жоқ, аккумулятормен жұмыс істейді. Тек қажет кезде өзінің қуаттағышымен қуатын толтырып отырса жеткілікті.

Ал, мынау үлкен блендерлер кез келген жеміс пен көкөністі езбе түріне айналдырып бере алады. Бұл, жас балаларға және қарт кісілерге өте жақсы. Бұған ыстық тағамды да, қатырылған тағамды да салып, езе беруге болады. Өнім адамға зиянсыз және пайдалануға өте қолайлы, – деп түсіндірді компания өкілі Ақнұр Сүттібай. Сөйтті де көз алдымызда портативті блендер арқылы санаулы секундтарда жеміс-жидектерден смузи жасап, оны қағаз стақанға құйды да, бізге ішіп, дәмін көруге ұсынды. Шынында да, бұл өте дәмді әрі денсаулыққа пайдалы сусын болып шықты.

Әрине, көрме қатысушыларының барлығымен бірдей сұхбаттасып үлгерген жоқпыз.  Әйтсе де, олардың әкелген тауарларымен біршама таныс болдық. Таныс бола жүріп, барлығының да пайдалы әрі тиімді дүние екенін аңғардық.

Жалпы алғанда, Көрме орталығында мұндай іс-шаралардың қаншамасы өтіп жатыр. Дегенмен, келушілердің белсенділігіне қарасақ, бұл шара көпшіліктің көңілінен шыққандай. Әу баста аталған Көрме орталығы кәсіпкерлікті дамыту үшін ашылған болса, ол бүгін де сол мақсатынан жаңылмады. Адамдар керек тауарларын осы орталықтан көріп, зерттеп-зерделеп, ұнағанын сатып алып жатты. Демек, мұның өзі көрмеге келген кәсіпкерлердің кәсібінің дамуына қосылған азғантай болса да бір үлес десек еш қателеспеген болар едік.

М.ЫБЫРАЙ