СЫБАЙЛАСТЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНЕ ТАЛДАУ ЖАСАЛДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев және өзге де құқық қорғау органдарының басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі таратқан хабарламада жиынның күн тәртібі бойынша 4 мәселе талқыланған. Оның алғашқысы Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және оған оған бағынысты ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын талқылау және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы болды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Нұрлан Құдайбергенов баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер жайына тоқталды. Осыған сәйкес жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевқа спорт саласындағы кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілісте сондай-ақ өңірдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі, коммуналдық шаруашылық бағытындағы өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Бұл жұмыстар сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында 1 708 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 10 үй апатты жағдайға жеткен. Қазір бұл үйлердің мәселесін шешу жолдары қаралуда.
Комиссия отырысында мұнан өзге көктемгі су тасқынының алдын алу, және әлеуметтік маңызы бар азы-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға байланысты атқарылған жұмыстардың жайы пысықталды. Және кемшіліктер бойынша шешім қабылданды.