«СЫННЫҢ АЙТЫЛҒАНЫ ДА ДҰРЫС…»

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

– Осыдан біраз уақыт бұрын Ассамблея жұмысына көптеген сын айтылып жүрді. Сынды қалай қабылдайсыздар?

– Жұмыс болған соң сын болады. Сынның айтылғаны да дұрыс. Құр мақтау бола берсе де болмайды. Сынды қабылдауға тырысамыз. Бір жылдары Ассамблея жұмысына көп ескертулер айтылғаны рас. Бірақ біз белсенді жұмысымызды жалғастыра бердік. Жобаларымызды көбейттік. Байқасаңыз, қазір бұрынғыдай емес, Қазақстан халқы Ассамблеясының бағытталған жобаларының арқасында сын-ескертпелер кішкене саябырсыды ғой деп ойлаймын. Біздің жұмысымыздың нәтижесі біреу ғана, ол – этностардың бірлігі, татулығы. Біз өз жұмысымызды бірлікпен, ынтымақпен ғана көрсете аламыз. Тіпті, әрбір ұсақ-түйек әрекетіміздің өзі бөлінуді емес, бірігуді аңғартып жатады. Мысалы, біз бұрын спорттық шараларды ұйымдастырған кезде «тәжік этномәдени бірлестігі», «өзбек этномәдени бірлестігі» деп бөлетінбіз. Бұл түптеп келгенде дұрыс емес. Қазір біз аудандарға басымдық береміз. Яғни, әркім өз ұлты үшін емес, өз ауданы үшін намысқа тырысатын болады.

Жалпы, біздің сала – өте нәзік сала. Сондықтан да оның өзіне сай қиындықтары болады. Мен жастарды жұмысқа қабылдаған кезде оларға біздің саланың жұмысының нәзік екенін, күндіз де, түнде де жұмыс істеуге дайын болу керек екенін ескертемін. Өйткені кез келген уақытта түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Оның үстіне бұл жерде идеология жатыр. Сондықтан елдің амандығы мен татулығына, бірлігіне тоқтаусыз қызмет ете береміз. «Біз мынаны істедік, осымен болды» деп қарап отыра алмаймыз. Себебі бір күндік үзілістің өзі үлкен бір мәселе туындатуы әбден мүмкін.

– Ассамблеяда еріктілер тобы бар ма? 

– Әрине. Бұл тұста «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігі өте белсенді. Ол 2022 жылдың қаңтар айында құрылып, оның төрағасы болып өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, Сайрам ауданының тұрғыны Нодиржон Хасантаев сайланды. Біз төрағаны неге Сайрам ауданынан таңдадық? Өйткені Сайрам өңірі – ең халқы көп аудан, сәйкесінше этностар да көп. Сол себепті іс-шаралардың дәл осы жерде көбірек ұйымдастырылғанын қаладық.

Қазір Ассамблея жастарының 2000-ға жуық мүшесі бар, 150-ден астам этнос жастары кіріп отыр. Олар бүгінгі күні ерікті ретінде де талай игілікті істердің басы-қасында жүр. 2025 жылдың басынан бері «Жаңа толқын» жобасы аясында «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі жанынан еріктілер клубы құрылып, өңірдің аудан, қалаларында қайырымдылық, «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары, т.б. жобалар аясында 30-ға жуық іс-шаралар өткізді. Оған 5000-ға жуық белсенді жастар қатысты.

Одан бөлек қыс айларында қар басқан аумақтарды қардан тазалау жұмыстарын ұйымдастырып, жалғызбасты қарттарға, көпбалалы отбасыларға қолғабыс ету, қайырымдылық шараларына қатысу, жолда қалған адамдарға көмек көрсету сияқты көптеген бағытта белсенділік танытып келеді. Мысалы, Түркістан облысынан Жамбыл облысына және Шымкент бағытынан Алматы бағытындағы жолдар жабылып қалған кезде, облыстық «Ассамблея жастары» жолда қалған жолаушыларға ыстық тамақ таратты.

– Нәзік сала, нәзік тақырып. Журналистер осы тақырыпта қалам тербегенде не нәрсеге абай болуы керек?

– Кейде этносаралық шиеленістер туындай қалса ақпаратты анық-қанығына жетпей жатып, жариялап жіберетіндер бар. Бұл – өте үлкен қателік. Өйткені бір қате жеткізілген сөздің өзі ел арасында дау тудырып жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл тақырыпта жеткізер ақпаратты мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп қана жария ету керек. Журналист әрдайым нақты ақпаратқа сүйенуі тиіс.

Содан соң «өзбек ұлты, «тәжік ұлты» деп емес, «этнос» деп жазылуы керек. Енді бірі «диаспора» деп жатады. Бұл да дұрыс емес. Шетел азаматтары бір елге уақытша келіп, сонда топ құрса соны диаспора дейміз. Біздегі этномәдени бірлестіктер диаспора емес. Олар – елімізде бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғылықты этностары. «Өзге ұлт» деп те сөйлемеу қажет. Біз қазақ өзге деп біреуді өзектен теппегенбіз, керісінше бәрін бауырға басқан халықпыз. Кейде «Этносаралық қақтығыс» деген тіркесті де көзіміз шалып қалып жатады. Этносаралық қақтығыс – екі елдің арасында болып жатқан дау. Ал енді бір елдің ішінде болып жатқан дауға «этносаралық кикілжің немесе шиеленіс» деп қараған дұрыс.

Ассамблеяның журналистер мен блогерлер клубы да осы мақсатта құрылған. Яғни осындай ақпараттық олқылықтардың алдын алу, журналистік этика мен жауапкершілікті күшейту үшін жасақталды. Медиа саласындағы бірлік пен келісім құндылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында журналистермен тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз.

Клуб құрамына өңірдің белді де белсенді журналистері енген. Құрам мүшелері тоқсан сайын тұрақты түрде жиындар өткізіп тұрады. Қазіргі таңда клуб төрағасы – тәжірибелі журналист Ерсұлтан Әмірбек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатыбалдиев те түрлі семинарлар мен кездесулерге белсенді қатысып, клуб жұмысына қолдау көрсетіп келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

 

Мақпал Құрбанқызы