Сайрам туралы ең ескі дерек біздің жыл санауымыздан бұрынғы төртінші ғасырда жазылған парсылардың кітабы – «Авестада» ұшырасады екен. Аталған кітапта қала «Сайрим елі» деп жазылған. Сайрам туралы ең көне дерек осы болса керек.
Сайрамның «Сансыз бабтардың мекені» деп жатады. Бекер айтпаса керек. Арнайы кітапшадағы әулие ғұламалардың санына көз жүгіртсек, 90-ға жуық екен. Тұрғындардың айтуынша, киелі әулие орындар одан әлдеқайда көп. Ежелгі Жібек жолының бойындағы ең үлкен қалалардың бірі – Сайрам (Исфиджаб) қазақ жерінің рухани орталығы болған. Көптеген ойшылдар, әулиелер, дін таратушылар осы жерде дүниеге келген. Оларға арналған архитектуралық ескерткіштер салынған. Солардың бірі – Сүзік ата кесенесі.
Сүзік ата 1140 жыл Түркістанның Қарашық қыстағында дүниеге келген. Ахмет Ясауидың Гаухар Хошнәз (Хоштәж) деген қызының кенже ұлы болған. Сүзік атаға Орта Азияның ең көне екі қаласында, Ташкентте және Сайрамда арнайы арнап салынған екі кесене бар.
Көне Сайрамның оңтүстігінде, Сайрамсу өзенінің сол жағалауындағы биік төбешікте ХІІ-ХVI ғасырларда салынған Сүзік ата кесенесі бар. Табиғи әсер, соғыстар арқасында бұзылған кесене ХVIII ғасырда халық арасында асар жолымен қайта қалпына келтіріледі. Бірақ, Кеңес үкіметі кезінде кесене елеусіз қалып, тағы бүлінген. Ал, 1996 жылы ел перзенттері сайрамдық Анармат, Ергеш және олардың жора-жолдастары бірлесіп күйдірілген қыштан әдемі кесенені салуға ат салысты. Ұста Рысмет Тұрдыметов кесене құрылысын өз қолына алып, бар өнерін салды. Осылайша қайта салынған ғимараттың көлемі 5х5,5 метр, биіктігі 6,5 метр болып шықты.
Ташкенттегі Сүзік ата (Сүксүк ата) қабірінің үстіне 1392 жылы Әмір Темір кесене және мешіт салдырған. 1930 жылы мешіт-медресе жабылып, металл бұйымдар жасайтын цехқа айналдырылған. 1985-1990 жылдарға дейін ең үлкен күмбезді (диаметрі 10 метр) мешіт болған зияратхана сол күйінде қалған. 2017 жыл Өзбекстан Республикасының президенті Ш.Мирзиёвтың бұйрығымен Шайхонтохур ауданындағы көне кесенеде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Тоғыз ай бойы үлкен архитектуралық жұмыстар жүргізіліп, шығыс үлгісіндегі жаңа Сүзік ата кесене кешені бой көтерді.
Сүзік ата туралы мынадай деректер бар: «Сайрам тарихы» жазбасындағы мәліметтің жазылуынша, Сүзік атаның өз аты Мұстафақұлы Қожа болып, Ахмет Ясауидың жиен-немересі болыпты делінген. Жас бала кезінде үлкен бабасының қасында маужырап момын болып ұялыңқырап келеді екен. Содан Ахмет Ясауи сүйсініп, «кел шырағым, менің сүзігім» дейді екен. Сол бойы ел «Сүзік ата» деп атап кеткен. Зерттеушілер Сүзік атаның есімі Мәулана Орын Қойлақидың «Насабнамасында», Ысқақ бин Ысмаилдың «Хадиқат ул арифин» еңбектерінде жиі кездесетіні жазылған. Сүзік ата оқымысты болып, Алланың әмірін, пайғамбардың жолын берік ұстаған. Намаз оқып, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, қажыға бару сияқты парыздарды кідіріссіз орындаған. Аты әйгілі Сүзік атаны халық ежелден қастерлеп, зиярат етеді.
Сүзік ата халыққа танымал ағаш шебері де болған. Ағашты жонып, ою-өрнек салып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Шәкірттер тәрбиелеген. Ұрпақтарына мол мұра қалдырған ұстаз болып саналады.
Ф.Эрметова
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми әдістемелік қамтамасыз ету (Сайрам тарихы, археология және этнография) бөлімінің ғылыми қызметкері