СҮТКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ – ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ӨРКЕНИЕТ ІЗІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қазақстан жері – көне өркениеттер тоғысқан мекен. Ортағасырларда бұл аймақ Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, сауда-саттық пен мәдени алмасудың ірі орталықтарының біріне айналды. Осы жолдың бойындағы маңызды қалалардың бірі – Сүткент қалашығы. Ол қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданы Сүткент ауылынан шығысқа қарай 3 км жерде,  Сырдарияның сол жағалауында орналасқан.

X-XI ғасырлардағы араб және түркі жазба деректерінде Фараб округінің  Мауераннахрмен  шекарасындағы қала ретінде аталады. Ол туралы араб тарихшысы әрі географы ибн Хаукаль: «Сүткент Шаштың батысында, онда мешіт бар. Мешітке исламды қабылдаған түркілер жиналады», – деп жазған. Сүткенттің аты XI ғасырдың соңынан XV ғасырдың басына дейінгі деректерде кездеспейді. Тек 1404 – 05 ж.  Әмір Темірдің Отырарға жорығы кезінде қайта аталады. Қаланы 1900 ж И.В. Руднев, 1951 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы да (жетекші А.Н. Бернштам) зерттеген. Шардараның маңында қаланың атын осы күнге дейін сақтап қалған екі қалашық бар.

Сүткент қалашығы Түркістан облысы, Шардара ауданы аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысаны. Бұл ескерткіш көне Түркістан мен Отырар арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды зерттеуде маңызды рөл атқарады. Қалашық туралы алғашқы мәліметтер мен археологиялық зерттеулер XX ғасырдың ортасынан бастап жүргізіле бастады.

Бұл мақалада Сүткент қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеулер мен қаланың тарихи маңызы қарастырылады.

Зерттеу әдістері

Мақаланың негізгі арқауы археологиялық зерттеулер барысында алынған нақты материалдар мен жазба деректердегі мәліметтер. Мақаланы дайындау барысында Сырдарияның сол жағалауында жүргізілген археологиялық барлау мен зерттеулер жайлы есептер, архив материалдары және баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми мақалалардың мәліметтері пайдаланылды.

Сырдарияның сол жағалауындағы Сүткент қаласы туралы Х–ХV ғғ. аралығындағы араб, парсы тілінде жазылған деректерде аз да болса кездеседі.

Қалашықтың орны мен құрылымы

Сүткент қалашығы Сырдария өзенінің бойында, шөлейтті жазықта орналасқан. Қалашықтың жалпы көлемі шамамен 30 гектарды құрайды. Қала құрылымы дәстүрлі ортағасырлық үлгіде салынған:

– Цитадель – билік өкілдері мен әкімшілік мекемелер орналасқан орталық бөлік;

– Шахристан – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар орналасқан орта бөлік;

– Рабад – қолөнершілер, саудагерлер мен қала маңындағы шаруалар орналасқан сыртқы бөлік.

Қамал қабырғаларының және бұрыштық мұнаралардың орны әлі күнге дейін сақталған.

Сүткент қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары туралы мәліметтер:

1. Зерттелу тарихы:

– Сүткент қалашығын алғаш 1940–1950 жылдары Қазақстан археологиясында танымал болған ғалымдар топографиялау барысында тіркеген.

– Кең көлемдегі археологиялық зерттеулер 2000 жылдардан бастап жүйелі түрде жүргізіле бастады.

– 2004 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы аясында (жетекшісі — археолог К. Байпақов және басқа мамандар) зерттеу жұмыстары белсенді түрде қолға алынды.

– 2009 жылдың тамыз айында ОҚКАЭ ның Қазақ хандығы қалалары тобы (Д.А. Талеев) «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға Сырдия өзенінің сол жағалауында кейінгі ортағасырлық қалаларды тарихи-топографиялық тұрғыдан зерттеу мақсатымен археологиялық барлау жұмыстары жүргізді. Сырдарияның сол жағалауында жүргізген археологиялық барлаудың нәтижесі аты жазба деректерде Х ғасырдан белгілі Сүткент қаласының шын мәнінде уақыт жағынан кезектесіп келетін үш бірдей орында болғанын анықтады. Яғни, бір кездегі бекіністі мекеннен біртіндеп ұлғайған қала өз тарихында бізге аса белгісіз себептермен үш дүркін орнын ауыстырған. Зерттеу барысында алынған тың деректер бойынша Сүткент туралы ғылымға осыған дейін белгілі мәліметтерге түзету енгізуді жөн көрдік. Сонымен біздің зерттеулерге сай қаланың ежелгі, ортағасырлық және Қазақ хандығы тұсындағы орындары осы күнгі Сүткент ауылының маңында (үш жерде) сақталған. Соңғы зерттеу мәліметтері қаланың алғашқы орны Ақтөбе қалашығы (Сүткент І) болғанын көрсетеді. Ақтөбе өзінің өмір сүрген уақыты жағынан Сүткент ІІ мен Сүткент ІІІ тен едәуір ерте уақытқа жатады. Қалашық қазіргі Сүткент ауылынан оңтүстік-батыста 2 шақырым жерде сақталған. Қалашықтың орталық бөлігі төрт бұрышты келген, айнала дөңгелек шаһристан қоршаған бөрік тәріздес төбе (2-сур.). Төбенің жалпы ауданы 7,6 га. Ескерткіште бұрын қазба жүргізілмеген. Қалашықтың топографиясы б.д. бірінші мыңжылдығының алғашқы жартысына тән шаруашылық-әкімшілік орталықтарға ұқсас. Ескерткіштің үстінен жиналған заттай деректер ІV–VІІІ ғғ. материалдарына сәйкес келеді.

Сүткенттің келесі кезеңдегі орны (Сүткент ІІ),бұл күнде «Шыңғыстөбе» деп аталады. Ол төбе ауылдың солтүстік-батыс шетінде жатыр. Айнала тізбектеліп келген мұнаралардан түзілген ұзын қабырға қоршалған бұл қалашық 45 гектардан артық аумақты алып жатыр. Ұзын қабырғалардың сыртқы жағынан терең ор қазылған. Ордан тысқары аймақта болған көптеген жеке құрылыстардың қирандылары да сақталған. Жер деңгейінен 4–5 м биік сақталған қаланың цитаделі батыс қабырғаның орта тұсында орналасқан. Оның көлемі: батыс қабырғасы 128 м, шығыс қабырғасы 98 м, солтүтік және оңтүстік қабырғалары 108 м. Цитаделдің қабырғаларының орта тұсы мен бұрыштарында дөңгелек мұнаралар болған. Қақпасы батыс қабырғасының орта тұсында. Қақпаның екі шетінде болған мұнаралар байқалады. Қабырғасы айнала ормен қоршалған. Үстінен жиналған қыш ыдыстардың әртүрлі сынықтары, сырланған және сырланбаған ыдыс қалдықтары және басқа да заттар, қалашықтың VІІІ–ХІІІ ғғ. аралығында тіршілік кешкендігін білдіреді.

Кейінгі ортағасырлық Сүткент қаласының Сүткент ІІІ (бұрынғы Сүткент ІІ) орны Шыңғыстөбенің цитаделінен шығысқа қарай 1 шақырым жерде, қазіргі ауылдың оңтүстік шетінде болған. Оның орталық бөлігінің жобасын 1949 жылы ОҚАЭ түсірген. Сол кездегі өлшем бойынша жобасы тік бұрышқа ұқсас келген төбешіктің қабырғаларының ұзындығы оңтүстікгінде – 60, батысында – 200, солтүстігі – 280, шығысында 200 м, биіктігі 1,5 м. Сыртқы қабырғаларының бойында болған мұнаралардың іздері мен қазылған ордың ізі байқалады. Орта түсында жарты шеңбер тәріздес төбешік бар [Агеева 1958: 119–121]. Өкінішке орай қазіргі күнде бұл ескерткіш нашар сақталған. Оның үстінен тұрғын үйлер мен жол түсіп кеткен. Шаруашылық және құрылыс жұмыстарының салдарынан бұзылған кейінгі ортағасырлық Сүткент қаласының орнын зерттеудің мүмкіндігі болмады. Жеке үй салу кезінде қазылған жерлерден ХVІ–ХVІІ ғғ. жататын құмыралардың сынықтары табылған.

2. Қалашықтың сипаттамасы:

– Қалашықтың негізгі бөлігі үш бөліктен тұрады: цитадель (ішкі қала), шахристан (орта қала) және рабад (сыртқы қала).

– Жалпы көлемі шамамен 30 гектар.

– Қазба барысында тұрғын үй орындары, шаруашылық құрылыстар мен су тарту жүйелерінің қалдықтары табылды.

3. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер:

Сүткент қалашығында жүргізілген археологиялық қазбалар барысында қала тұрғындарының тұрмысын, мәдениетін және діни ұстанымдарын сипаттайтын көптеген маңызды артефактілер табылды. Олардың ішінде:

 Керамика бұйымдары – түрлі көлемдегі және пішіндегі құмыралар, саптыаяқтар, тостағандар мен ыдыс сынықтары. Кейбір үлгілер ою-өрнекпен сәнделген, бояулы немесе жылтыратылған. Бұл тұрмыстық заттар қаланың қолөнер орталығы болғанын көрсетеді;

Монеталар – негізінен мыс пен күмістен соғылған. Олардың кейбірінде араб жазулары мен билеушілердің есімдері бейнеленген. Бұл Сүткенттің сауда-саттық қатынастарын кең көлемде жүргізгенін дәлелдейді;

Темір және қола құрал-саймандар – пышақ, біз, қашау, балта және егіншілік құралдары. Бұл қаланың шаруашылықпен де белсенді айналысқанын көрсетеді;

Сүйектен және әйнектен жасалған бұйымдар – түйме, шашқап, моншақтар, сәндік әшекейлер. Бұл қолөнердің дамығанын және тұрғындардың эстетикалық талғамын көрсетеді;

Құрылыс материалдары – күйдірілген кірпіштер, ерітінді іздері, еден және қабырға фрагменттері. Олардың кейбірінде өрнекті сылақ пен бояу іздері сақталған;

Мүсін фрагменттері мен архитектуралық әшекейлер – декоративті сылақтар мен өрнекті тақталар, олар исламдық сәулет үлгісін көрсетеді;

Эпиграфиялық жазбалар – араб графикасымен жазылған жазулар, негізінен діни мазмұндағы цитаталар мен есімдер;

Дәнді дақылдар мен мал сүйектері – тұрғындардың күнделікті азық-түлік тұтыну мәдениетін және шаруашылық түрлерін сипаттайды.

Бұл жәдігерлер Сүткент қалашығының IX–XII ғасырлар аралығында әлеуметтік, экономикалық және рухани тұрғыдан қарқынды дамыған ірі орталық болғанын дәлелдейді.

4. Маңызы:

– Сүткент – ортағасырлық сауда керуен жолдарының бойындағы қала болған, яғни Ұлы Жібек жолының бір тармағында орналасқан.

– Археологиялық деректер оның мәдени және экономикалық орталық болғанын дәлелдейді.

– Қалашық Отырар алқабының тарихи урбанизация үрдістерін зерттеуде маңызды рөл атқарады.

Тарихи маңызы

Сүткент – тек қана жергілікті әкімшілік орталық емес, сонымен бірге аймақаралық сауда мен мәдени алмасудың маңызды нүктесі болған. Қалашықтың Ұлы Жібек жолының бір тармағында орналасуы оның дамуына әсер еткен. Қалада ислам дінінің, түркілік сәулет өнерінің, сондай-ақ отырықшы және көшпелі мәдениеттердің элементтері қатар дамыған.

Қорытынды

Сүткент қалашығы – Қазақстанның бай тарихи мұрасының бір бөлшегі. Қазба жұмыстары мен табылған археологиялық деректер бұл қаланың ортағасырлық өркениет дамуында ерекше орын алатынын айғақтайды. Қалашықтың құрылымдық ерекшеліктері мен мәдени қабаттары ежелгі отырықшы өмір салтының, сауда қатынастарының, сондай-ақ ислам өркениетінің терең ықпалын көрсетеді.

Сүткент – тек аймақтық деңгейдегі мекен емес, бүкіл Орталық Азия кеңістігіндегі мәдени, экономикалық және стратегиялық маңызды нысан болған. Бұл қалашықты зерттеу арқылы ортағасырлық қазақ даласындағы қалалық мәдениеттің, сәулет өнерінің және әлеуметтік құрылымының дамуын зерделеуге мүмкіндік туады.

Сүткент сынды ескерткіштерді зерттеу – ұлттық болмысымызды жаңғыртып, тарихи жадымызды сақтаудың және ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тарихын тереңірек түсіне алуымыздың бірден-бір жолы. Бұл – болашақ ұрпаққа тарихты танытудың, ұлттық сана мен мақтаныш сезімін қалыптастырудың бір жолы.

2009 жылы біз жүргізген зерттеу жұмыстарының тұжырымдарын бізге дейін жүргізілген зерттеулер нәтижелері мен жазба деректері мәліметтеріне байланыстыра отырып жасалатын ой тұжырым бойынша Сүткент қаласы 2 мың жылға жақын өмір сүрген үлкен қала болған. Сондай-ақ бұл қала монғол шапқыншылығына дейін Сырдарияның ортаңғы ағысындағы сауда мен мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болған деп айта аламыз.

Мұндай ескерткіштер арқылы жас ұрпақ өз елінің терең тамырлы тарихымен танысып, отансүйгіштік пен тарихи жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Сонымен қатар, бұл нысандар қазіргі туризм мен мәдени мұра салаларында да үлкен әлеуетке ие.

Сондықтан да, Сүткент қалашығы сияқты тарихи ескерткіштерді сақтап, қорғау – тек археологтардың немесе тарихшылардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. Сонымен қатар, осындай нысандарды көпшілікке таныстырып, оларды мәдени-ағартушылық мақсатта пайдалану – тарихи сананы жаңғырту мен ұлт руханиятын нығайтудың маңызды жолы.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Байпақов К. М. Қазақстанның ежелгі қалалары. — Алматы: Ғылым, 2005.
  2. Байпақов К. М., Ерзакович Л. Б. Отырар ойпатының ортағасырлық қалалары. — Алматы: Рауан, 1992.
  3. Талеев Д. Ә. Сырдарияның сол жағалауындағы қалалардың археологиялық шежіресі: Сүткент және Аркук. 2022. ӘОК 903/904 (574)»05/1» «653»
  4. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. Оңтүстік Қазақстан археологиясы: Қазба жұмыстарының нәтижелері (жинақ). — Астана, 2018.
  5. Ақышев, К. А. Археологические памятники Казахстана. — Алматы: Наука, 1973.
  6. Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселении и городов Южного Казахстана \\ Труды ИИАЭ АН КазССР. – 1958. – Т.5. – С. 3-215.
  7. Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно Казахстанской область. – Алматы, 1994. – С.333-334. – № 702, 705.

 Р. Тұранова

Шымкент қаласының музейлер бірлестігі, Ғылыми-әдістемелік және экспозициялық- көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері