С.Құранбек: «АЛАЯҚТЫҚ ӘРЕКЕТТЕРДІ МЕНІҢ АТЫМА ТАҢҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕЙ ДЕ БІР НИЕТТЕР БАЙҚАЛҒАНДАЙ КӨРІНДІ»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Апта сайынғы дәстүрмен Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары С.Құранбектің қатысуымен 17 қыркүйек күні баспасөз мәслихаты өткен болатын. Баспасөз мәслихатында қаладағы өзекті мәселелер туралы баяндалып, журналистердің сұрақтарына тиісті жауаптары берілді. Осы баспасөз брифингінде Сәрсен Абайұлы тілге тиек еткен өткен аптадағы заң және құқық саласындағы атқарылған жұмыстар ретіне әдеттегідей тоқталсақ дейміз.

Сонымен, С.Құранбек былай дейді:

– Дәстүрлі түрде әдеттегідей қылмыстық істердің тіркелуі бойынша анықтама бере кетейік. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде жалпы 179 іс тіркелді. Оның бесеуі сотқа жолданған. Оның ішінде қылмыстық алаяқтыққа қатысты іс – 58 іс, ұрлыққа қатысты 47 іс, есірткінің заңсыз айналымына қатысты 11 іс және жол-көлік оқиғаларына қатысты 9 іс тіркелген.

Осы жерде тағы да айтуға мәжбүрміз, алаяқтық қылмыстардың басым көпшілігі – интернет алаяқтық. Яғни, алаяқтық қылмысына қатысты 58 істің 41-і осы интернет алаяқтыққа тиесілі. Осы мағынадағы қылмыстық істер тіпті көптеп тіркеліп жатыр.

Жалпы, кеше ғана қала әкімінің тұрғындармен көшпелі кездесуінде бір келіншек айтып жатты, «сіздің әкімдіктің қызметкерлері келіп, бізге үй алып береміз деп, қолымызға сертификат беріп, ақшамызды алып, алдап кетті» деп жатты. Сол жерде айтып жатыр, «әкімдікте істейтінін қалай білесіздер?» деп сұраса, «әкімдікке кіріп кетті ғой» дейді. Ондай жағдай болатын болса, құрметті тұрғындар, құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сіздер арқылы жеткізгім келеді. Біріншіден, алданбау керек, алданбауға тырысу керек. Ешкім ешқашан тегін пәтерді ешкімге бермейді.  Ол мүмкін емес нәрсе. Ал, екіншіден, тегі тағдырыңызды сынап көргіңіз келіп жатса, ол кісілермен бірге әкімдікке келіңіздер. Әкімдіктің сыртында қалып қоймай бірге кіріңіздер. Көз жеткізіңіздер. Енді, ол «әкімдікке кіріп кетті ғой» деген сөз біздің де ісімізге көлеңке түсіретіндігін айтқымыз келеді. Мүмкін, ол адам кіреберісте тұрып-тұрып, қайтадан шыққан шығар. «Шаруаны шештім» деп. Бұған да назар аудару керек.

Және кешегі айтылған аты-жөннің арасында менің атыма таңғысы келетіндей де бір ниеттер байқалғандай маған көрінді. Мен осы алаңшада ол туралы бұрын да айтқан болатынмын. Біріншіден, мен тұрғын үй саласына жетекшілік жасамаймын. Екіншіден, менің сол тұрғын үй саласына жетекшілік ететін әріптесімнің де, тіпті әкімнің де ондай сертификат беретін құқығы жоқ. Оның барлығы цифрланған, кезекке қойылған, кімнің кезегі қай уақытта келеді, сол кезде ғана «Отбасы банк» арқылы пайыздық үстемесін төлейтін, рәсімделген, ипотекалық үйлерді ғана алуға болады. Басқалай ешкімге ешқалай тегін үй ешқашан берілмейді. Оның енді өзіне белгіленген нақты бір категориялары бар, ата-анасынан айырылған, қамқоршысынан айырылған балаларға дейтіндей. Олардың өзінің кезегі бар, олар да кезегі келгенде баспаналы болады. Ал енді, он екі мүшесі бүтін, аяқ-қолы сау жандарға ондай тегін пәтерлер берілмейтінідігін жеткізсек дейміз, – деп қала әкімінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы сөзін түйіндеді.