С.Құранбек: АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТЕМІЗ, ЭЦҚ-НЫ ҮШІНШІ БІР ТҰЛҒАҒА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ – ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚҚА ЖОЛ АШУЫ МҮМКІН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгінгі баспасөз құралдары алдында брифинг беріп, баяндама жасаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С.Құранбек мырза білім беру ұйымдарындағы әмбебап ваучерлік қызмет туралы түсініктеме бере келіп, сол қызмет түрі бойынша жұмыс атқарып келген кәсіпкерлік нысандар тарапынан заңбұзушылықтар орын алғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, өнім беруші кәсіпкерлер ата-аналардың ЭЦҚ-сын қолданып, қаржылық алаяқтық жасауға дейін барған.

Енді, осы қылмыстық істер жайлы Сәрсен Абайұлының өз аузынан шыққан сөздерді теріп алып, сол күйінде оқырман назарына ұсынайық:

– Былтырғы жылдың оқу жылында 268 мың баланың 254 мыңы қосымша біліммен қамтылды деп айтылып та, жазылып та келді. Біз осыған қатысты осы саланы реформалаудағы жұмыстардың жүзеге асыру барысын анықтау мақсатында пилоттық жобаны 6 өңірде жүзеге асырып жатырмыз. Оның бірі Шымкент қаласы, сонымен қатар Астана қаласы, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Шымкент қаласы бүгінде басқа өңірлерден оқ бойы озып тұр.

Біз мақсатты ваучер, яғни бюджеттік мемлекеттік мекемелердегі қосымша білім мен әмбебап ваучер дейміз, ол – бұрынғы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс, мемлекеттік спорттық тапсырыс және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша беріліп келген қаржыны, ваучерлерді атаймыз. Сол әмбебап ваучерге, яғни жекеменшік өнім жеткізушілерге 44 809 орын тиесілі болған. Сол орынның 9 914 орны шілде айының басынан тамыз айының аяғына дейін жүйеден шығарылды. Бұлардың ішінде дубль, яғни екі, үш, төрт, бес, алты, тіпті жеті секциямен үйірмелерге барып отырған балалар болған.

Сонымен қатар, ата-аналардың электронды цифрлы қолтаңбасын алып, тіпті e-gov порталындағы азаматтардың мобильді деректер базасы деген тұсына кіріп, телефон нөмірлерін ауыстыруға дейін барған. Мәселен, ата-ана ЭЦҚ-сын кәсіпкерге не оның өкіліне берген, сол ата-ананың бес баласы болуы мүмкін, соның ішінде біреуін ғана тіркеу керек болатын болса, сөйтіп бір баланы тіркеудің орнына бес баланы бірдей тіркеп алған. Тіпті, ол балалардың ішінде мүгедектігі бар, қозғала алмайтын, үйінде төсекке таңылып жатқан балаларды да тіркеп алып, сол арқылы ақша алып отырған кәсіпкерлер бар екенін біз анықтадық. Бұл атқарылып келген заңбұзушылық жұмыстардың барлығын біз сәйкесінше органдарға беріп жатырмыз.

Оның сыртында, мұндай заңбұзушылықтардың әлі де бар екендігін біз білеміз, байқап отырмыз. Себебі, бізге арыз-шағымдар әлі де келіп түсіп жатыр. Біз сол белгілі болған заңбұзушылықтар бойынша тиісті органдарға бұл фактілерді жолдап отырмыз.

Біз ата-аналарға да, өнім жеткізушілерге де бұл мәселеде заңбұзушылықтарға бармауын, электронды цифрлы қолтаңбаны үшінші бір тұлғаларға бермеуін, немесе басқа біреудің электронды цифрлы қолтаңбасын ала отырып балаларды өнім жеткізуші кәсіпорындардың тіркемеуін ескертеміз. Жалпы, электронды цифрлы қолтаңбаны үшінші бір тұлғаға беру, бұл – бүгінгі таңда интернет-алаяқтық ретінде қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін екенін ескертеміз, – дейді Сәрсен Абайұлы.