С.ҚҰРАНБЕК: «БҰЛ АПТАДА ДА ТІРКЕЛГЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІҢ ДЕНІ – ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін, сәрсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, өткен апта ішінде атқарылған шаруалардың басын шалған «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өткен болатын. Брифинг барысында спикер Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мырза жүзеге асырылып жатқан маңызды шаруаларға жеке-жеке тоқталып өтті.

Сәрсен Абайұлы өзінің баяндамасында тоқталуды жөн санаған деректердің бірі – қылмыстық істердің тіркелуі мен олар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың реттілігі болды. Әдеттегідей, біз де осы тақырып бойынша ресми өкілдің айтқан деректерін сөзбе-сөз оқырман назарыңызға ұсынсақ дейміз.

Апта сайынғы дәстүріміз бойынша өткен аптадағы қылмыстық істердің тіркелуі туралы мәліметтерімізді айта кетейік. Өткен жеті күннің ішінде тергеу органдарының өндірісінде 179 іс тіркелген. Оның 2 ісі сотқа жолданған. Жалпы, тіркелген істің ішінде 59 іс – алаяқтық әрекеттер бойынша, 41 іс – ұрлық бойынша, 12 іс – есірткінің заңсыз айналымына қатысты тіркелсе, 10 іс – жол-көлік оқиғаларына қатысты болып отыр.

Алаяқтық қылмыстардың басым көпшілігі, әлбетте алдыңғы аптадағыдай, сол – интернет-алаяқтық болып отыр. Бұл қылмыстық іс уақыт өткен сайын көбеймесе азаймай келе жатқандығын айтқымыз келеді. Жол-көлік оқиғаларының да негізгі себебі, бұл – жылдамдықты арттыру және ұялы телефонға алаңдай екендігін жеткізгіміз келеді. Сондай-ақ, тыйым салынған жерлерден жолдан өту мәселелері де саябырсымай тұрғандығын назарларыңызға жеткізсек дейміз.

Өздеріңіз де байқайсыздар ма, көше бойында кез-келген жерден кесе көлденеңнен өзі ғана емес, баласын қоса жетектей өтіп жатқан ата-аналарды көптеп көреміз. Бұл транспорт дейтін дүние – аса қауіпті. Жоғары қауіпті қозғалатын құрал. Байқамаса, абайламаса өте қиын. Сондықтан, бәріңізді барынша осы жолда жүру ережесін сақтауға шақырамын, – деді С.Құранбек мырза.