С.Құранбек: «КЕЗ-КЕЛГЕН ДЕҢГЕЙДЕГІ ЛАУАЗЫМДЫҚ ТҰЛҒА, МЕЙЛІ ОЛ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ БОЛСЫН, «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫН МҮЛТІКСІЗ ҰСТАНУЫ ТИІС»
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Бүгін, сәрсенбі күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек баспасөз өкілдерін жинап, өткен аптада қаланың құзырлы органдары атқарған шаруаларды тізбектеп, брифинг өткізді. Әдеттегідей, сол жиында ресми өкілдің аузынан шыққан құқық пен заң саласына қатысты сөздерін сол күйінде назарыңызға жеткізсек дейміз.
Әлқисса, Сәрсен Абайұлы былай дейді:
– Осының алдында біз өз тарапымыздан – кейбір мәселелерге арнайы тоқтала кетейік деп шешімге келіп едік. Өздеріңіз өткендегі брифингте ГАСК мекемесінің басшысы Арман Әбдешовке қатысты сауал қойған болатынсыздар. Одан беріде бірнеше қылмыстық істер қозғалып жатқанын әлеуметтік желіден оқып, біліп отырсыздар. Осыған орай, біз түсініктеме бере кетсек дейміз.
Жалпы, біздегі Тұрғын үй басқармасының басшысына қатысты әлеуметтік желіде біраз пікірлер айтылғанын білесіздер. Осыған орай, айта кететін дүние, біздің білуімізде бұл азаматқа да қатысты іс сол Арман Әбдешовке қатысты қозғалған іске ұқсас болуы мүмкін. Яғни, шамамен алғанда 2023 жылдары атқарылған жұмыстарға қатысы бар деп ойлаймыз. Жалпы, мұндай істің бағасын тергеу жүргізіліп жатқан мезгілде біздің түсініктеме беруге, немесе басқалай ақпарат беруге құқымыз жоқ екенін білесіздер.
Бірақ, осы тақырыпқа шағындау етіп тоқтала кетуді жөн санап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қала әкімі Ғабит Әбдімәжітұлы да, ол кісінің қасында жұмыс істеп жүрген біздер де толығымен ең басынан бастап, бірінші күннен бастап ашықтықты, тазалықты, әділеттілікті өзімізге міндет етіп, мақсат етіп қойғанымыздан хабардарсыздар. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Барлық осында отырған басқармалардың өкілдері, қызметкерлері, лауазымды тұлғалардың барлығына таза, әділ, адал жұмыс істеу керектігі жеткізілген. Сонымен қатар, егер ол кісілердің тараптарынан өзге де теріс қылық байқалатын болса, ондай істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемеге, қазіргі таңдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне, Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне біздің өзіміз мұрындық болып, өзіміз бастамашы болып жолдайтындығымыз айтылған. Және тағы да айта кетейік, бұл біздің қол астымыздағы қызметкерлерге жасалған қоқан-лоқы немесе қорқыту-үркіту фактісі емес. Заңға сәйкес, басшы қол астында қызмет істейтін қызметкерлердің бөтен іспен айналысатынын, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндігін байқайтын болса, міндетті түрде құзіретті органдарға хабарлауы тиіс. Біз осы принципті ұстанып, кез-келген істі құзіретті органдарға жолдап отырамыз.
Өздеріңіз білесіздер, тіпті, былтырғы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент біздің бір қызметкерімізді әкімдіктің аппаратының жиналысы болып жатқан жерінен де алып кеткені естеріңізде шығар. Мұның өзі біздің ашықтықты, тазалықты, әділдікті ту етіп ұстанатынымызды көрсететін факті деп білеміз. Әлі де біз осы принциптен аумаймыз, айнымаймыз. Осы принцип бойынша жұмыс істеп келеміз. Өздеріңіз білесіздер, колледждерге қатысты біраз мәселелер қозғалған еді ғой. Менің әріптестерім біледі, колледждерге қатысты мәселені ең алғаш қозғаған бізбіз. Қала әкімінің деңгейінде қаралып, тиісінше осы мәліметтер прокуратура мен басқа да органдарға жұмсалған болатын. Одан беріде қаншама мектептің бухгалтерлері ұсталынып, сот тарапынан ол кісілерге шешім шығарылып, істі болып жатқанынан хабардарсыздар. Бұған да біздің қатысымыз бар екенін, біз өзіміз ішкі аудитпен тексеру арқылы соны анықтап, заң бұзушылықтар болған жағдайда құзіретті органдарға жолдап отырғанымызды айтқымыз келеді.
Сондықтан, әлеуметтік желіде жүріп жатқан әр-түрлі қаңқу сөздерге, әр-түрлі пікірлерге жол жоқ. Ондай мәселе болатын болса, тағы да қайталап айтайық, «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дейді қазақ, арамызда неше түрлі адам болуы мүмкін. Егер, мұндай заңсыз әрекеттерге барған қызметкерлер болатын болса, біз өзіміз сәйкесінше құзіретті органдарға ондай материалдарды жолдаймыз.
Осы жерде айта кету керек, алдыңғы аптада өткен сот барысында «антикорға беремін деп қорқытыпты» деген сөздер болды ғой. Мұның барлығы жай сөз. Ешкім ешкімді антикорға немесе ұлттық қауіпсіздік комитетіне береміз деп қорқытпайды. Тек, біз өзіміздің міндетімізді, мойнымызға жүктелген міндетті ғана, айтатын болсақ өзіміздің қызметкерлерімізге ғана айтамыз. Әйтпесе, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті де, осыған дейін жұмыс істеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің департаменті де, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті де бізге қарасты емес. Ведомстволық тұрғыдан басқа агенттіктерге, комитеттерге бағынышты мекемелер екенін сіздер өте жақсы білесіздер.
Тағы да қайталап айтайын, мұндай істер алдағы уақытта әлі де болуы мүмкін. Себебі, мұнымен күресеміз деп шешкенбіз. Күресіп жатырмыз. Біздің қызметкерлеріміз де қазір бұл туралы өте жақсы біледі. Ал енді, квазимемлекеттік және мемлекеттік мекемелерге келетін болсақ, оның ішінде мектеп, колледж, балабақша болсын, әлеуметтік қорғау нысандары, денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелер болсын, барлығы мықтап ойлануы керек. Осыған дейін практикада бухгалтерлер жауапқа тартылып жатса, құқық қорғау органдарымен кеңестік, енді мекеме басшылары бірінші жауап береді. Қаржылық құжаттарға бірінші қол қою құқығы бірінші басшыда. Әрине, бізде бір адамның жазықты, не жазықсыз екенін бірінші сот шешеді. Дегенменен, осыған дейін бұл прокуратура тарапынан кейбір нәрселер көбіне бухгалтерге қарай акцент беріліп, бірінші басшының жауапкершілігі аздап қаралып келген болса, бұдан кейін бірінші басшы міндетті түрде осы мекемедегі болып жатқан жағдайға ең болмағанда «өз міндетіне салғырт қарау» дейтін арнайы бап бар, сол бойынша жауап беретін болады.
Сосын, істі болған азаматтардың барлығы бірдей міндетті түрде пара алып, пара беріп қана ұсталған жандар емес екендігін, олардың қызмет барысында немқұрайлылыққа, яғни өз міндетіне салғырт қарауға жол бергені үшін де істі болуы мүмкін екендігін көпшілік ескерсе екен. Ол – бір. Екіншіден, менің әріптестерім мемлекеттік мекемеде, мемлекеттік кәсіпорында жұмыс істеп жүрген басшылар мықтап ұғынса екен дейміз. Кез-келген әрекеті үшін, немесе мемлекеттің мүддесі үшін әрекет етпегені үшін кез-келген лауазымдық тұлға қылмыстық іске тартылуы мүмкін екенін естен шығармаса екен деймін.
Енді, қылмыстық іске қатысты мәліметтерге тоқтала кетейік. Жалпы, өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 181 іс тіркеліп, оның 11-і сотқа жолданған. Оның ішінде 43 іс алаяқтық фактісі бойынша, 28 іс ұрлық, 12 іс есірткінің заңсыз айналымына байланысты, 10 іс тонау бойынша және жол-көлік оқиғаларына қатысты 9 іс өндіріске ендірілген. Алаяқтық қылмыстардың басым көпшілігі, тағы да қайталап айтайық, интернет алаяқтық. Мұның саны 29 істі құрап отыр. Өзін банктің, қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған оқиғалар жиі кездесіп отырған.
Естеріңізге сала кетсек, өткенде Мәслихаттың бір депутаты жол-көлік ережесін бұзғаны туралы әлеуметтік желіде хабар шықты. Бұл бойынша әкімшілік іс қозғалып, аталған депутат төрт сөткеге қамалып, тиісті шаралар полиция тарапынан қолданылды. Мұны мен әдейі екпін бере айтып отырған себебім, кез-келген деңгейдегі лауазымдық тұлғада, мейлі ол Мәслихат депутаты болсын, басқа қоғамдық белсенді азамат болсын, «Заң мен тәртіп» қағидатын мүлтіксіз ұстануы тиіс, – деп С.Құранбек мінбердегі сөзін қорытындылады.