С.Құранбек: «ТҰРҒЫНДАРЫМЫЗ БАНК КАРТАЛАРЫН БІРЕУГЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРМЕУ КЕРЕК»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгінгі, яғни 8 қазан күнгі баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мырза қылмыстық атқару жұмыстарының ішінде тіркелген тағы бір жайтқа тоқталды. Ол – интернет-алаяқтықтың соңғы кезде пайда болған түрі, дропперлік әрекеттер жайындағы фактілер. Тұрғындарды жеке банк карточкаларын басқа біреулерге пайдалануға бермеу қажеттігін нығырлай отырып түсіндірді.

Бұл туралы лауазымды тұлғаның айтқан сөздерін сол қалпында назарыңызға ұсынуды жөн санадық. Сонымен, Сәрсен Абайұлы былай дейді:

– Интернеттегі есірткі дүкендерінің қолжетімді болуы да қоғамның басты дертіне айналып отыр. Олармен полиция күресіп жатыр. Мысалы, екі күн бұрын ғана өзге елден келген, синтетикалық наркотик өндіруді жолға қойған шетелдік екі азаматты ұстады. Ірі көлемді есірткі тәркіленді. Дегенмен, бүкіл интернеттегі ақпарат көздерін бұғаттау мүмкін емес. Осы жерде дропперлерге де қатысты мәселе бар.

Өткен аптада М. есімді азамат өзінің банк шотына белгісіз адамнан төрт рет қаржы аударымын түсірген. Жалпы сомасы 100 мың теңге болатын ақша қаражатын кері қайтарып берген. Және сыйақы ретінде 10 мың теңге қаражатын алып қалған. Яғни, қарапайым тілмен жеткізер болсақ, бір тұрғынға өзінің жеке танысы немесе басқа біреу хабарласады да, «мен саған карточкаңа 100 мың теңге ақша  аударып берейін, соның 10 мың теңгесін өзің алып қал да, 90 мың теңгесін бізге, немесе мына бір нөмірге аударып жіберші» деп өтініш жасайды. Ақшаға қызыққан азаматтар осындай әрекеттерге келіседі.

Мұны – дропперлік дейді. Бұл да заңмен қудаланады. Мұндай ақша аударымын жасайтындар – есірткі сататындар. Бұл жерде есірткіні бір адамға сатады, ақшасын басқа біреудің карточкасына аудартады, одан кейін өзіне қарай тағы бұрып алады. Яғни, есірткінің ақшасын өзінің шоты арқылы айналым жасап, ақшасын әлгі кісіге апарып беріп отырған азамат та бұл қылмысқа қатысушы болып саналады. Мұндай әрекеттерге де тұрғындардың мұқият болын тілер едік. Тұрғындарымыз банк карталарын біреуге пайдалануға бермеу керек. Абай болу керек! – деп қала әкімінің орынбасары сөзін түйіндеді.