С.Құранбек: «ӨЗІН ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ РЕТІНДЕ ТАНЫСТЫРЫП, 2,5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ҚЫМҚЫРҒАН»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін, 13 тамыз, яғни сәрсенбі күні әр аптадағы дәстүріне сай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С.Құранбек брифинг беріп, өткен апта ішінде қала аумағында әкімдік тарапынан атқарылған шаруалары жайында баяндама жасап, ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Сәрсен Абайұлының жасаған баяндамасының ішінен қылмыстық атқару, оның ішінде интернет алаяқтық қылмысының көрсеткіштері туралы айтқан мәліметтері ойландырмай қоймайды. Қадірменді оқырман назарын интернет алаяқтық мәселесіне бұрғымыз келеді.

Қала әкімінің орынбасары С.Құранбектің бұл тақырыптағы сөйлеген сөзін айнытпай сол қалпында беруді жөн көрдік:

– Қылмыстық істердің тіркелуі бойынша дәстүрлі түрде баяндай кетейік. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісіне жалпы 101 іс тіркелді. Оның үшеуі сот органдарына жолданған. Тағы да, бұл жолғы аптада да алаяқтық фактісі ең көп факті болып отыр. Олардың саны – 36. Ұрлық – 22 іс, есірткінің заңсыз айналымына қатысты 11 іс, тонау бойынша 8 іс және жол-көлік оқиғаларына қатысты 10 іс тіркелген.

Тағы да, дәстүрлі түрде алаяқтық қылмысының басым көпшілігі, бұл – интернет алаяқтық болып отырғандығын айтқымыз келеді. Интернет желілеріндегі тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу – 13, инвестиция жасау арқылы ақша-қаражатын көбейту туралы жарнамалар – 1, банк қызметкері, байланыс операторлары және мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар фактісіне келер болсақ 9 іс, неси ресімдеу арқылы 3 алаяқтық іс тіркелген.

Осы тұста бір мысал келтіре кетейік, өткенде М. деген азаматшаға белгісіз бір адам қоңырау шалып, өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, «міне, сіздің есеп-шотыңыздан күмәнді несие рәсімделіп жатыр, оны мынандай-мынандай әрекеттерді орындай отырып тоқтата аласыз» деп нұсқау беру арқылы әлгі М. деген азаматшаның 2,5 миллион теңге қаражатын иемденіп кеткен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, немесе әкімдіктің, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметкерлер мұндай несие рәсімдеумен айналыспайды. Ол мемлекеттік қызметкерлердің құзіретіне банктік немесе басқа да несие беруді рәсімдеу секілді мәселелермен айналысу кірмейді. Осыны біздің халқымыз, тұрғындарымыз түсінсе екен.

Мұндай мағыналас фактілер өте көп. Бірнешеуін айтса, келтірсе болады. Мұндай жағдай болып жатса, куәгер бола қалсаңыз, немесе алаяқтыққа өзіңіз душар болып жатсаңыз, 102 нөміріне хабарласып, мәселеңіз туралы айтып, баяндауға, немесе банктің сервистік қызмет көрсету қызметіне хабарласып, осы туралы анықтама алуға болады. Ал енді, ондай болмаған жағдайда мұндай адамдардың өздерінің материалдық жағдайына нұқсан келуі әбден мүмкін.

Сондай-ақ, интернеттің желілеріндегі есірткі дүкендерінің өте қолжетімді болып жатуы да біздің қоғамдағы үлкен проблема бар екендігін көрсететінін үнемі қайталап айтып келеміз. Оның ішінде біздің жастарымыздың көп екенін айтуымыз керек. Осындай заңсыз есірткі айналысына қатысы бар, өткен аптадағы ұсталған адамдардың саны 18-30 жас аралығындағы жастардың 7 адам, 30-60 жас аралығындағы кісілердің саны 4 адам болыпты. Қарап тұрсаңыздар, есейген адамдарға қарағанда жастар жағы осыған өте көп тартылып жатқанын көруге болады. Бұлардың барлығының 11-і де жұмыссыз екенін айта кетуіміз керек. Сондықтан, жастарымыздың дер кезінде уақытылы білім  алып, деңгейін көтеріп, мемлекеттік болсын, немесе жеке секторда болсын, тұрақты жұмысқа орналасып, адал іс істеуге шақырғымыз келетінін тағы бір қайталап айтсақ дейміз, – деп Сәрсен Абайұлы өз сөзін түйіндеді.