«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ: ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы еліміз бойынша жалпыхалықтық сипат алып келеді. Соның бір айғағы, аталған жобаның аясында Шымкент қаласында кезекті тазалық акциясы ұйымдастырылып отыр. Өткізілген тазалық шараларына қала тұрғындары жаппай қатысып қана қоймай, олардың әрекеттері табиғатқа жанашырлықпен қарап, туған жерді көркейтуге деген жоғары белсенділігін көрсетті.

 

Үшінші мегаполистегі барлық бес ауданды қамтыған кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Мысалы, Әл-Фараби ауданының «Терiскей» шағынауданындағы №33, 35 және 37 тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріліп, балалар ойын алаңдары және жасыл аймақтар тазарып қалды. Тұрғындар мен коммуналдық қызмет мамандарының бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде көпқабатты үйлер ауласы жаңа келбетке ие болып, жарқырап тұрды.

 

— Табиғат – біздің аманатымыз. Әрбір аула мен көше, саябақтың таза болуы – келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Бүгінгі сенбілік – экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондықтан мұндай бастамаларға барша тұрғындардың қатысуы қажет, – дейді акцияға белсенділік танытқан қала тұрғындары. Сенбілік тазалық жұмыстарына қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек қала ішіндегі тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, осылайша тұрғындардың қоғамдағы бірлігі мен ынтымағын да арттырады.

 

Сенбі күнгі жалпы қаланы қамтыған тазалық жұмыстары Шымкенттің өзге аудандарында да жоғары қарқынмен өтті. Соның тағы бір мысалы, Абай ауданында Ақжайық шағынауданындағы С.Асфендияров көшесінің бойы тазаланса, Еңбекші ауданында №30 мектептің маңы ретке келтірілді. Қаратау ауданында Нұртас шағынауданындағы Кеңжарық және Құлагер көшелерінің бойы күл-қоқыстан аршылып, Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылды. Осы жерде айта кетейік, тазалық жұмыстарына шаһар тұрғындарына қол ұшын беруді көздеген қала жастары да белсенді түрде қатынасты. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көптеген волонтер мен қала жастары экологиялық шараға белсенді атсалысып, өз үлесін қосты.

 

Қазақтың халықтық нақыл сөзіне айналған «тазалық – иманның жартысы» деген сөз бекер айтылмағаны анық. Сенбінің демалыс күнінде өткізілген тазалық шарасы Шымкент қаласының жасыл келбетін сақтап қана қоймай, қоғам мүшелерін ортақ жауапкершілікке, табиғатты аялауға және туған жерді көркейтуге шақырып отыр. Жалпы, бүгінгі таңда Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нақты нәтижесін көріп отыр десек, қателеспейміз. Осы акция аясында қаладағы экологиялық және тазалық мәдениеті қалыптасып келеді. Ал, бұл бастамаға халықтың ықыласы күн санап артып келеді. Қала тұрғындарының пікірінше, мұндай бастамалар тек экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, көршілер арасындағы сыйластық пен өзара ынтымақты да нығайтуға, бекіте түсуге ықпал етіп отыр.