ТАРИХ ҚАЙТАЛАНДЫ: БҰЛ ЖОЛЫ – АЛТЫН ЖҮЛДЕМЕН!
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласының балуаны Марат Байқамұров «Қазақстан барысы – 2025» турнирінің чемпионы атанды. Астана қаласындағы «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында» қазақ күресінен өткен дәстүрлі ХV республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде шымкенттік балуан Марат Байқамұров топ жарды.
Финалда ол Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевпен белдесті. Бұған дейін Марат бес қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, финалға жол ашқан болатын. «Найман» лақап атымен танымал балуан шешуші сында да қарсыласына мүмкіндік бермей, алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алды.
Бұл жеңіс – Шымкент спорты үшін тарихи жетістік. Себебі, «Қазақстан барысы» турнирінде алғаш рет осы қала атынан шыққан балуан чемпион атанып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев финалда шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты ұтып кеткен еді. Ал, биыл сәті түсіп, Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарды деуге болады.
Марат Байқамұровтың бұл жеңісі – тек жеке табыс қана емес, шымкенттік спорт мектебінің әлеуетін айқын көрсеткен зор оқиға. Сонымен қатар, бұл – оның «Қазақстан барысы» бәсекесіне үшінші рет қатысуы және ең сәтті көрсеткіші.
– Бұл турнирде біз Марат Байқамұровқа үлкен сенім арттық. Ол өз жігері мен қайсарлығын, жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, шешуші белдесуде мықты екенін дәлелдеді. Оған алдағы уақытта да боз кілемде жеңістер тілейміз, – деді чемпионның жеке бапкері, Армия орталық спорт клубының қазақ күресі командасының бастығы лейтенант Асан Мәмбетқұлов.
Айта кетейік, биылғы 18 қазан күні өткен боз кілемге еліміздің түкпір-түкпірінен 43 ең мықты балуан шыққан болатын. Олардың қатарында 17 облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үздіктері, былтырғы чемпион Ерасыл Қажыбаев, сондай-ақ «Әскер Барысы» турнирінің екі жеңімпазы болды. Турнир жеңімпазы Марат Байқамұров 106 келі салмақта күресіп, «Тайтұяқ» алтын пен 15 миллион теңге көлеміндегі жүлдені жеңіп алды. Ал, екінші орын иегері – 3,3 миллион теңге, ал үшінші орын иегері – 1,08 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алып отыр.