ТАСТАҚҚА ГҮЛ КӨМКЕРГЕН ТАСТАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

95 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық өрлеуі мен шыңдалуына, қалыптасуы мен танымал болуына ерең еңбек сіңірген қаншама өнер тарландары болды десеңізші?! Соның бірегейі – майталман режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайреткері Тастан Өтебаев жайлы тамшы ой қозғағанды жөн көрдік.

1941 жылы 11 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, «Жамбыл» колхозында туған Өтебай Тастанов, ата-анасынан жастайынан айырылып, анаға деген сағынышпен ер жетті. 1958 жылы Шымкенттегі №7 Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепті аяқтап, арман арқалап Алматы қаласына аттанады. Бала күнінен өнерге деген құштарлығы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры жанындағы театр студиясына жетелеп апарады. Өнер тарландарының ортасында жүріп, театрға деген махаббаты ұлғаяды. «Білсем», «шығармашылық биікке жетсем» деген іңкәрлік туып, 1961-64 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп болған соң Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның режиссер мамандығы бойынша А.Тоқпановтың шеберлік сыныбына оқуға түседі. Аталмыш оқуды 1968 жылы бітіріп, Шымкент театрында қоюшы режиссер болып қызметке қабылданған талантты режиссер, театр шығармашылығының қалыптасуына белсене кірісіп кетеді. Ө.Тастанов театр репертуарының өркендеуіне сіңірген еңбегі мен төккен маңдай тері жайлы бірнеше томдық кітап жазуға тұрарлық тұлға. «Болар бала – басынан» демекші, Тастан Өтебаев студент кезден-ақ ерекше ізденімпаздығымен, алға қойған мақсатынан танбайтын өршіл мінезімен болашақта режиссерлік із қалдыратын талант екенін таныта білді.

1968 жылдың 7 қазан күні Ж.Шанин театры сахнасында С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажал» драмасының премьерасы болған күн жайлы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарияланған «Өмір – таусылмайтын бір қазына» атты мақаласында Шынарбек Сәрсенбаев: «…Қазақтың марқа жазушысы Сәкен сері Жүнісов бір кезде қолынан жетелеп, өрімдей жап-жас жігітті сахнаға алып шықты. Сахнаны гүл шоқтары көміп кетті. Атақты режиссер Ә.Мәмбетов шығып «Қойылымда менің қолтабам жатыр. Бұл нағыз менің режиссерім, менің шәкіртім!» – деп бетінен сүюде. Бұл – «Ажар мен Ажал» (С.Жүнісов) спектаклін дипломдық жұмысына қойған Түлкібастың түлегі Тастан Өтебаев еді…» деп жазғанынан Т.Өтебаевтың студенттік партада жүрген кезден алып сахнаға нық аяқ басқанын аңғарамыз.

Тарланның тырнақалды қойылымы Республика комсомолының «Құрмет грамотасын» алғаны жас таланттың шығармашылыққа қанатын кеңінен қақтырса, Грузия драматургі П.Хухашилидің «Өмір жолы» сәтті қойылып, Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 1 дәрежелі Диломы мен ақшалай сыйлығын иеленгені – Т.Өтебаевтың режиссуралық жолын шыңдатқаны жайында айтулы театр сыншысы Б.Құндақтаев: «Бас режиссер Тастан Өтебаев қойған П.Хухашилидің «Өмір жолы» театрдың өзіндік келбетін танытқан спектакль болды» деп жазды.

Шығармашылық жылдарында елу жетіден аса спектакль қойған дара тұлғаның театрдың шығармашылығын шарықтатуымен қатар артистердің өсуіне, актерлік шеберлігінің ұшталуына сіңірген еңбегі ерен.

Актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі А.Айнабалаева: «Мені Алматыдан алып келген Тастан аға. Буыны бекімеген деп қарамастан, Б.Мұқайдың «Тоят түні» драмасында Баянды берді. Репетиция кезінде ештеңе үйретпейді. Сенің рөліңе қисыны келетін көңілді әңгіме айтып отырып, ары қарай қалай жалғастырып кеткеніңді білмей қалатын жолға жетелейтін. «Анасын аңсаған қыз» қойылымында Перизатты ойнағанда ол кісі менің абитуриент болып келетін жас кездегі ойыным қатты ұнап, «Сахнада жеңіл қимылдайсың» деп еркіндік берді. Тастан ағаның қаламы да қарымды еді. Байтанаевтың «Қара кемпірдің зары» деген драмасы әу баста өте сұрғылт, біркелкі болатын. Тастан аға пьесаны ұнатып, өзі қайта жазып әкеп сахналады. Міне, сол қойылым өте ұтымды шықты. Тастан аға комедияға жаны жақын болғандықтан ба екен, кез-келген қойылымының комедиялық тұстары өте ұтымды шығатын. Мен Қара кемпірдің жас кезін ойнадым. «Қали» деп алды. Қойшыны Сапар аға ойнады. Қойшы қой бағып жүреді. Қали әндетіп жүріп Қойшыны көріп қалады. Бір жерінде Қали байқамай «Көке» деп қалады. Пьеса бойынша ол сөзді айтпауы керек. Сол «Көкені» қалай айтуға болатынын Тастан аға жанталасып іздеп, «Көке» дей беріп, аяқ жағында ықылық атып жірбер» деді. Қатты ұнады. «Көкені» айта бере аяқ жағында туфлиімнің өкшесі тайғандай болып ықылық атып жіберемін. Көрермен ду қол шапалақтап, күлетін. Соның бәрін Тастан аға тауып беретін. Өкінішке қарай, алғашқы авторы Байтанаев сот арқылы қойылымды тоқтатып тастады. Тастан ағаның суырып-салма ақындығы ғажап еді. Өзбекстанға осы спектакльмен гастрольге барғанда Тастан аға бірге шықты. Автобустың алдыңғы жағында отырып алып, ішіндегі біздерге шетімізден өлең шығара беретін. Бір күні С. деген актеріміз «Көктем келді маужырап, көктем келді…» деп, ары қарай шумағын келтіре алмай қайталай берді. Тастан аға қасына жәймен жақындап, «Бір ауыз өлең шығара алмай, С.-ның к..і көктен келді!» деп салды. Өйстіп, бізді күлкіге көміп жүріп премьераға шығатынбыз. Өкініштісі, басып алатын қазіргідей қолда телефон жоқ, өлеңдері айтқаны – айтқан жерде қалып қойды. Тастан ағаның қойылымы кезінде артистер арасында ешқандай конфликт болмайтын. Бір үйдің баласына айналдырып жібереді. Тастан аға арқылы театрға деген қызығушылығым артты. Бір таң қалатыным, Тастан аға салған ән зарлы шығатын. Көңілді адамның аузынан ең көңілді әннің зарлы боп шыққаны мен үшін әлі күнге жұмбақ» – деп, алыстап кеткен жылдарға сағынышпен көз жүгіртті.

Т.Өтебаев сахналаған 57 қойылымның 20 жыл бойы үздіксіз сахнада жүргені Гогольдің «Үйленуі» болды. Студент жылдары Гогольге жетелеген майталман актер Н.Жантуриннің пьесадағы әр кейіпкердің бейнесіне түсе отырып санасына сіңірген балаң Тастан, тәжірбиесі ұштала келе Ж.Шанин театрының сахнасында құлпыртуы қиынға түспеді.

Әр қойылымы – бір ғұмырға айналған Т.Өтебавтың сөз астарына үңіліп, тереңнен тарта білген шеберлігі, бәлкім, Нұрмахан Жантуриндей әйгілі актерден сабақ алғанында жатқан да болар. Оқу бар да, көкейге тоқу бар. Тумысынан өнерге жаны құмар Тастан Өтебаевтың өзіндік өнер жолын сала білген майталмандығына тәнті болмау мүмкін емес. Өзгенің туындысын «тонның ішкі бауындай өз болмысына» айналдыра білетін шеберлігі қаншама аударманың көрермен санасына сіңіп, «өзіме» айналуына ықпал етті десеңізші?!.

Қарақалпақ драматургы Қыпшақбай Мәтмұратовтың «Сұлуға сұқтанба» мелодрамасы жайлы (ауд. Әскер Құлданов): «…Қойылымда бүгінгі заман тынысы, адам бейнесі нақты жандар арқылы иланымды берілген. Басы артық эпизод жоққа тән. Композициясы жинақы, селкеулік байқалмайды. Спектакльдің арқалаған жүгі ауыр. Қоюшы режиссер Т.Өтебаев соны ізденістерге, тың шешімдерге барған. Әр актер өз қабылет-қарымы, сыртқы тұлғасына қарай рольдерге орынды бекітілген. Бұл да сөз жоқ, режиссердің біліктілігін көрсетсе керек» («Сұлуға сұқтанба» М.Дүйсенбеков. «Оңтүстік Қазақстан») деп баспа беттерінде жазылуы, режиссер қолтаңбасының көрермен көкейіне жеткендігін айғақтап тұр.

Тастан Өтебаев, 1970 жылы Қызылорда театрына бас режиссер болып барған кезде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» сахналағаны жайында театр сыншысы Б.Құндақбаев: «Қазақ театрларының творчестволық көшін тартқан «Еңлік-Кебек» әбден қалыптасып қалған спектакль. Соңғы жылдары осы дәстүрді бұзып, пьесаға бүгінгілік үн беру үшін әр режиссердің өз бетінше зерттеп түсінуге ұмтылуы байқалады: Қызылорда театрының сахнасында Тастан Өтебаев қойған «Еңлік-Кебек» осындай ниеттен туған» деп жоғары баға бергені, шебер режиссердің шығармашылық шыңдалу кезеңінен хабардар етіп тұр. 1978 жылы Жамбыл театрына қоюшы режиссер болып қоныс аударған Т.Өтебаев, 1979 жылы Шымқалаға оралады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасында режиссер және Шымкент педагогикалық мәдениет инстутына мұғалім болып жұмыс істеп жүріп Ә.Тауасаровтың «Арманшыл қыз» драмасын Ж.Шанин театрында сахналап, Алматы қаласында өткен «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанады. 1980-91 жылдар арасында Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында қоюшы режиссер, бас режиссер болып жұмыс істеген Т.Өтебаев, 1991 жылы Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайреткері» атағын алды.

Қазақстанның түпкір-түпкірінде қойылымдар сахналаған Тастан Өтебаевтың әр қойылымы көрермен көзайымына айналды.

Театр – жүздеген адамның біріге отырып ескегін есетін кеме. Әр ескекшінің өз қолтаңбасы, өз келбетінің барын ескерсек, режиссер, Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайреткері» Тастан Өтебаевтың Ж.Шанин театрына қосқан үлесі мен соңына қалдырған әр ізінде жүрегін жарып шыққан махаббатынан туған қойылымдары жарқырап жатыр.

Рухыңыз пейіште шалқысын, майталман режиссер!

 

Сая ҚАСЫМБЕК

Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург