ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТА ЕМЕС, БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ ДӘРІПТЕЛІП КЕЛЕДІ
- Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті. Бұл байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын іске асыру және талантты домбырашыларды анықтау, сондай-ақ облыстың мәдени имиджін көтеруге атсалысу, этнос өкілдеріне ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткізілді.
Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Үкілі домбыра» байқауы – өнерді ұлықтайтын, рухты оятатын тағылымды шара. Бұл – тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық мұраны дәріптеп, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің жарқын көрінісі. Қазақтың күй өнері – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына. Осы байқау арқылы біз сол қазынаны дәріптеп, жас таланттарға жол ашып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» ғылыми-ағартушылық бастамасымен үндесе отырып, этнос өкілдеріне де қазақ мәдениетінің терең мәні мен әсемдігін танытуға бағытталған. Бұл – бірлік пен рухани келісімді нығайтатын маңызды бастама, – деді басқарма басшысының орынбасары.
«Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау» сынды үш номинацияда өткен өңірлік байқауға қала, аудандардан келген өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады. Бірлікті бекемдеген байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен «Дәстүрлі ән орындау» номинациясы бойынша бірінші орынға саурандық Юлдуз Бектемирова лайық деп танылды. Ал екінші орынды жетісайлық Элина Букаева, 3-орынды саурандық Абдумалик Алитдинов иеленді. «Күй орындау» номинациясы бойынша сайрамдық Диёр Ахмедов жеңімпаз атанса, екінші орынға кентаулық Бехруз Давранов, 3-орынға саурандық Бехруз Закирханов ие болды. Ал «Терме орындау» номинациясы бойынша сайрамдық Айна Набиева топ жарса, саурандық Муратжан Атажанов жүлделі екінші орынды еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ байқауға белсене атсалысқан қатысушыларды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың спорт және өнер факультеті «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Сәбит Сопбеков, «Ақжайық» музыка мектебінің домбыра пәні мұғалімі, республикалық конкурстардың лауреаты Бексұлтан Жұман арнайы құттықтап, дипломдармен, Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.
Қазіргі уақытта облыста жекелеген этникалық топтардың өкілдері жинақы тұратын 30 — дан астам елді мекен бар олар Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Жетісай, Келес, Түлкібас аудандарында және Түркістан және Кентау қалаларында орналасқан. Облыста тұратын кейбір этникалық топтардың өкілдері Түркістан облысы халқының жалпы саны 2024 жылғы жағдай бойынша 2 миллион 142 172 адамды құрайды. Оның ішінде ең көп саны бар ұлттар бөлінісінде:
қазақтар – 1 608 976 адам (75,1%),
өзбектер – 387 767 адам (18,1%),
тәжіктер – 35 508 адам (1,84%),
орыстар-29098 адам (1,35%),
әзірбайжандар — 23337 адам (1,08%),
түріктер-12137 адам (0,56%), т
атарлар – 8656 адам (0,4%),
күрдтер – 6169 адам (0,28%),
украиндар – 3268 адам (0,15%),
ұйғырлар – 3115 адам (облыс халқының 0,14%).
Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы – егемен еліміздің тарихындағы айтулы оқиғаға айналды Аталған институт этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында тиімді саясат жүргізе алатын ұйым ретінде танылды. Үстіміздегі жылы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірімізде 2 мыңнан аса ұлттық, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізілген. «Ассамблея жастары» да азаматтық жауапкершілікті дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, барлық жерде дәріптеліп келеді. Атап айқанда, облыста «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 631 іс-шара мен 49 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 39 мыңға жуық адам қамтылды. Сонымен қатар 168 ақпараттық-насихаттық кездесу өткізіліп, оған 9000-ға жуық тұрғын қатысты.
Ал осы аптада Түркістан облысының Отансүйгіш жастары рухани экспедициядан оралды. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Алматы облысы мен Алматы қаласына барып қайтты.
Сапар барысында олар Жамбыл Жабаевтың музей-үйінде болып, ақынның өмірі мен шығармашылығына терең үңілді. Сонымен қатар Орталық мемлекеттік мұражай мен «Достық үйінде» болып, ел бірлігі мен этносаралық татулықты нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ұзынағаш ауылында жастар жергілікті аналармен жүздесіп, ұлттық тәрбие, салт-дәстүрдің маңызы жайлы тағылымды кеңестер тыңдады.
Сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарының жастары еркін форматта кездесіп, өз жобаларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты.