«ТЕАТРДАҒЫ 10 ЖЫЛДАЙ ӨМІРІМ КЕРЕМЕТ ЕСТЕЛІКТЕРГЕ ТОЛЫ»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы Ж. Шанин атындағы Қалалық академиялық қазақ драма театрының ашылғанына биыл 95 жыл толып, мерейтойға орай Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі өтіп жатқан тұста осы театрда көптеген жыл қызмет атқарған азаматтардың естеліктерін де бере отыруды жөн санадық. Осындай естеліктер желісінде театрдың өткені туралы тарих пен тарихи деректердің жіптігі жатады. Тарқата алғанға мұның өзі дереккөз, әм өнеге. Назарымызға театрда нешеме жыл қызмет атқарған Гүлмира Серікбаева апайдың естелігі түсіп еді. Соны ұсынсақ деп отырмыз.

 

Гүлмира Алдоңғарқызы СЕРІКБАЕВА:

Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында ұлан-асыр мереке басталды. Бұл – дәстүрлі өтіп келе жатқан театр фестивалінің тоғызыншы фестивалі.

Менің Шымкент қаласының мәдениет саласындағы 35 жылдай өмірімнің 10 жылы осы театрда шығармашылық жағынан басшылық (директор орынбасары) қызметте өтті. Театрдың қазіргі «академиялық» деген атауын алу үшін 3 жыл қатарынан қалың-қалың құжаттарын дайындағанбыз. Ол атаққа ие болуымыз үшін оған дейін қаншама жұмыстар жасалынып, талай адамдардың маңдай терлері төгілді ғой…

Себебі, «академиялық» деген атақ сан жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі. Қаншама алыс-жақын гастрольдер, қаншама премьералар… ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті. Себебі, мен қызмет еткен кездер театр, жалпы Мәдениет саласына деген елдің де, басшылардың аса керемет ынталы кезі емес еді. Театрдың билеті балаларға 50 теңге болса, ересектерге 100 теңге болған кез. Оның өзіне екі адамға 1 билетті бөліп сататынбыз. Театрды қазіргі жаңа ғимаратқа көшіргенде қандай қиындықтарды бастан өткердік… Оның бәрі театрға, жалпы өнерге, мәдениетке шын берілген махаббатымыздан туындаған еңбек болғасын, біздер ешқайсымыз да шаршадық деген адамдар емеспіз.

Кеше фестивальдің ашылуы салтанатында театрдың ұзақ жылдар директоры болған Бастарбек Примбетов мырзамен бірге қатар тұрып, өткенімізге кішкене шолу жасасақ, үлкен-үлкен естеліктер еске оралды. Біздің кезімізде Театр өнерінің тарланы, режиссераның хас шебері Ерғали Оразымбетов ағамыз театрдың көркемдік жетекшісі болды. Біздер Халық әртісі Айша Абдуллина апамызды 100-ге келгенде Бенефис тойын жасап бердік. Апамыздың астына аппақ көлік мінгіздік. Апамыздың театрға, жалпы өз өміріне риза болып кетуіне бар ықыласымызбен қызмет еттік. Апамыз 90-нан асқан шағында соңғы рет менің өтінішіммен «Ана көз жасы» драмасында басты рольде ойнады. Пьеса бойынша драманың басты кейіпкерінің бірі Ананың Кішкентай қызы болып менің Нұрсая қызым ойнаған болатын. Ол да үлкен естелік болып қалды. «Халық әртісі», абыз анасымен бірге үлкен сахнада образды сомдады. Өмір-аййй… ертесіне «жуып» өзімізше мәре-сәре боп, қатты қуанғаным әлі көз алдымда. Иәә… Ол күндер тек менің естелігімде ғана. Әзірше!

«Халық әртісі» болған Ақсақал Қалмырзаұлы ағам жұмысын менің кабинетіме кіріп 1-2 кесе ыстық шәй ішіп алудан бастайтын. Ағамыз өмірінің соңғы жылдарын жан жары қайтып кеткесін жалғызбастылықта өткізді ғой. Жалғыз қызы күйеуде… Әрі жазықсыз істі болып… Ақсақал ағам театрға келген кезде ішкі жан сырын менімен бөлісе отырып, шәй ішкенді ұнататын. Қызы үшін жаны қатты ауырып, шарасыз әке не істерін білмей жүрді. Менің мотивациямды алғанды іші жақсы көріп тұратын… Жан дүниесі, әйелдің жылылығын, жақын адамның жанын түсінгенін сол кездерде аса қатты қажет ететін. Ақсақал ағаны өз басым өте жақсы көретінмін. Сахнадағы бір ойынын қалт жібермейтінмін. Ерекше құпиясы бар актер болатын сахнада.

Марқұм Мәжит ағам-ай. Бала көңілді, елпілдегенде ет-жүрегіңді елжіретіп жіберетін. Ол кісінің амандық сұрасуы «ақ қызым, жан қызым, сұлу қызым…» деп басталатын, ұзақ сөздермен басталатын. Көңіліңді лезде көтеретін. Бала көңіл еді, жарықтық. Мәжит ағаның артынша немесе сәл бұрынырақ кербез де көрікті Ошат ағамыз марқұм, бір жақ қасын көтеріп қойып амандасатын, сосын ол кісі міндетті түрде «былай неге етпейсіңдер?» деп ақыл үйретіп кететін. Ол кісі де ерекше адам болатын. Әзірге дейін марқұм Ошекеңе ұқсайтын жүріс-тұрысы, сөйлегені ерекше ер-азаматты көрмедім. Сұлу, кербез еді ғой, шіркін.

Айта берсем, естеліктерім жетерлік. Күн-түн демей, бірге 10 жылдай бірге өмір сүрдік қой. Адам болғасын, әрине, бір-бірімізбен ренжіскен де, араздасқан да кездеріміз болды. Бірақ та, бір-бірімізді тез кешіріп, тез сөйлесіп кететінбіз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше» дегеннің өзі болды.

Өткен өміріме көз жүгіртіп отырсам, солардан алған ең үлкен құндылығым – менің қартаюды білмейтіндігім болған сияқты. Ұзақ жылдар, алды 100-ге, соңғылары 70-75-ке жуықтаған өнер тарландарына басшылық жасап жүрген жәй ғана директор орынбасары деген атым болмаса, өзімді кішкентай қыз, жап-жас маман сезінген екенмін. Театрдағы 10 жылдай өмірім керемет естеліктерге толы. Кітап жазсам, өте қызық кітап боларына сенімдімін.

Қатарлары сиреп қалған, Сапар, Мұқан ағаларымыз бен Айжан бастаған апайларымыз аман болсын! Театр өнері көркейе берсін! Даңқы асқақтап, биіктерден ғана естілсін! Есімі берілген, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған, театр өнерінің Қазақстанда негізін қалаған Жұмат Шанин атамыздың рухы желеп-жебеп, ұрпақтарынан риза болсын!

 

Г.Серікбаева