ТЕАТР САХНАСЫНДА «ЖОҒАЛҒАН ЖҰРНАҚ» ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында жазушы Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» драмасы сахналанды. Қойылымның 16 желтоқсан «Тәуелсіздік күні» қарсаңында әдейілеп қойылмуының де өз себебі бар. Өйткені, драма сюжетінің өзі 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тақырыбына негізделген.

Драманың қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бекболат Құрманғожаев, қоюшы суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов

Драмада Егемен елдің ерікті ұрпағына, кешегі тарихтың басты кейіпкерлері қазақ жастарының Тәуелсіздік жолында кешкен қасыретін баяндалады. Желтоқсанның ызғарымен келген Тәуелсіздіктің қарапайым кейіпкері Жұрнақтың білім қуып Мәскеуге кеткендегі арманы – Қазақ елінің гүлденуіне өз үлесін қосу болатын. Махаббат пен мақсатын арқалаған Жұрнақтың елге келгенде алдынан үлкен төңкеріс қарсы алады. Кеңестік жүйенің темір құрсауы егемендікті аңсаған елді өз уысынан босатқысы келмейді.

Қойылым туралы пікірін қаламызға белгілі журналист Ардақ Жақсылықова былай деп пікір сабақтайды:

«Жоғалған жұрнақ» жүрегімді ауыртып, көңілімді босатқан қойылым болды. 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» талай жастың тағдырын тәлкекке салған. Басты кейіпкер Жұрнақ та сол күннің құрбаны.

Марқұм Мархабат Байғұт ағамыз оқиғаны драма етіп жазуы да бекер емес қой. Ащы шындықты шынайы жеткізу Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры әртістерінің қолынан келді. Осыдан үш жыл бұрын премьерасына бара алмадым, кейін тағы реті келмей, осы трагедияны тамашаламаған едім…

Желтоқсанның ызғары бар, театрдың жылымайтыны бар… сол күні аяқ-қолым мұздап, тоңып шықтым.

«Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілдк мұңды із қалды»- дейтін өлең жолдары бар «Желтоқсан желі» әнін еріксіз шырқадым. Қойылымды жастар көптеп көрсе деген тілегімді де айтып кеттім. Жүрекке тағы бір батқаны – көрерменнің аздығы. Сахнада 50-ге жуық әртісі пен сахна сыртындағы мамандары еңбек етті… Тамашалаған адам саны еңбекті ақтамады-ау. Театрға «уақыт» жоқ, демек, бала тәрбиесіне де қол сілтегеніңіз болып тұр ғой. Әрқайсыңыздан «рухани азыққа келгенде уақыт табыңызшы» деп өтінер едім.

Ал, театр ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Айтпақшы, балаларға арналған ертеңгіліктері де басталды. Күндіз балаңызды, кешкісін ғашығыңызды ертіп келетін Уақыт табыңыз,- дейді журналист фейсбуктегі өзінің жеке парақшасында.