ТЕГІН ЗАҢ КЕҢЕСІ БЕРІЛДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Құқықтық көмек барлығына керек болғанымен оны қажет еткен  азаматтардың бәрі бірдей заңгерлік кеңес ала алмайды. Осыны ескерген «AMANAT» партиясы халықтың құқығын қорғауды көздейтін «Құқықтық көмек» жобасын былтыр қолға алған. Жоба аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңестер беріліп, жазбаша  арыз жазып беруден бастап сотқа дейінгі қажетті құжаттарды реттеу жұмыстары жүргізіледі. Шараның мақсаты да сол, тұрғындарды толғандырған мәселелерге құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу және бағыт-бағдар көрсетіп, кеңес беру әрі азаматтарды құқықтық жағынан сауаттандыру.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында шалғай елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізу жұмысын жалғастыруда. Мәселе, жуырда кезекті қабылдау Қазығұрт ауданы Қарабау ауылдық округі Сынтас елді мекенінде өтті.

Ауылдық спорт кешеніне жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Жүздесуге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров және партияның өңірлік филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадақова қатысып, тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түрді.

Айта кетейік, партия қызметін сервистік модель санатында ілгерілетуге жәрдемдескен осы кездесу барысында мемлекеттік билік институтының өкілдері тұрғындармен жүздесіп, олардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етті. Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтар барлық инстанция бойынша жүгінген мәселелеріне қатысты жауапты тұрғылықты жерінен шықпай-ақ, бір жерден алу мүмкіндігіне ие болды. Азаматтар ауыз су мәселесін шешу, байланыс сапасын арттыру, көшелерге асфальт төсеу, ойын алаңдарын ашу, білім беру нысандарын салу, медициналық ұйымдар желісін ұлғайту, спорт инфрақұрылымын жақсарту сындыр бірқатар мәселе көтерді. Тұрғындардың өтініш-тілегі хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Алдағы уақытта бұл мәселелер даму бағдарламалары мен қысқа мерзімді жоба-жоспарларға енгізіледі.