ТУРИЗМ: ШЫМКЕНТТІҢ ДӘМІ ҚАЛАНЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТАДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Жұмыр жердің саяхат әлемі жайлы жазатын Lonely Planet халықаралық журналы Қазақстанды 2025 жылы баруға болатын ең үздік он елдің тізіміне қосты. Бұл туралы Азаттық радиосының қазақ редакциясы ақпарат бөліскен. Журнал сайты туристерді тарта алатын ерекшеліктері ретінде Қазақстандағы Шымкенттің дәмді дастарханын, Айғайқұмның қайталанбас табиғи қасиетін атап өткен.

«Best in Travel-2025» рейтингіне енген топ он елдің тізіміне көз жүгірттік. Шымкент Қазақстанның гострономиялық туризмі жағынан паспортына айналып, шетелдік туристерді елге тартып жатса, қалай қуанбайсың?

«Қазақстан – бұрын болмаған қызықты жайттар, әдемілікке толы табиғат, тарих мен мәдениет іздеген саяхатшыларға тапсырмас жер» дейді Lonely Planet.

Жиһанкез саяхатшыларға сайт Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркінің туристік соқпақтары жақсы қалыптасқанын айтады. Әлбетте, Сайрам-Өгем ұлттық паркі Шымкент қаласының іргесінде тұр ғой. Оған бару үшін жолай шырайлы шаһардың келбетін көріп, дәмінен татпау мүмкін емес.  Сондықтан, журнал Шымкент қаласында аялдап, дәмді тағамдарынан дәм татуға шақырады.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ең көрікті жері Сайрамсу шатқалы Шымкент қаласынан 40-45 шақырым, көлікпен жүргенде 1 сағаттық қашықта орналасқан. Түркістан облысының Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы, Түркістаннан 280 шақырым жерде орналасқан ұлттық парк Батыс Тянь-Шаньнің Талас Алатауы сілемдерін, сондай-ақ Өгем, Қаржантау және Боралдай тау жоталары аумақтарын қамтиды.

Қазақстаннан бөлек бұл рейтингіде Литва, Армения секілді сәулет өнері мен ЮНЕСКО деңгейінде мойындалған тарихи ескерткіштерге бай елдер, оған қоса Камерун, Фиджи аралдары (Тынық мұхитында), Словакия, Лаос, Парагвай, Тринидад және Тобого аралдары,  Вануату аралы сияқты экзотикалық елдер де бар.

Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен алынған