ТҮРКІСТАНДАТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР МЕН МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙЕДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан қаласында тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасының негізгі қағидаттары болып отыр. Ол 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Заңның мақсаттары мен міндеттері еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану; қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру болып табылады.
«Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді», деп көрсетілген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жалпы Түркістан өз алдына облыс болып құрылғалы шаһардың туристік әлеуеті артып келеді. Мәселен, 2023 жылы киелі шаһарға 1 015 211 адам саяхаттап келген болса, 2024 жылдың 6 айында туристер саны 752 мың 121-ге жеткен. Оның ішінде шетелден 2022 жылы Түркістанға 7 мың 113 адам келсе, 2023 жылы 12 мың 169 адам мейман болған. Ал 2024 жылдың 6 айының өзінде шетелден 13 мың 732 турист келіп отыр.
2024 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша Түркістан қаласында халық саны 233 мың 533 адамға жеткен. Оның 87 мың 873-і экономикалық белсендісі топ саналады.