ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ 92 ПАЙЫЗЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ КӨРСЕТІЛЕДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында мемлекеттік қызметтерді бюрократиясыздандыру мақсатында жұмыстарды сандық жүйеге көшіру ісі жүйелі атқарылып келеді. Бүгінгі таңда халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде беріліп жатыр. Мұнан бөлек өңір тұрғындары үшін 50-ден астам қызметті тек Egov арқылы ғана емес, жиі қолданылатын банктік қосымшаларды пайдалануына да мүмкіндік жасалған. Облыстың аудан қалаларында   20 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олар 52 бэк-офистерден, 120 Connection Point-тен және 2 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығынан тұрады. «Цифрлық Нотариат» іске қосылған 2023 жылдан бері Түркістан облысында онлайн режимде 652 мың сенімхат берілген. Көліктерді тіркеу қызметі 127 мың рет пайдаланылған.

Түркістан облысы тұрғындарын сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетпен қамту ісі де нәтижелі атқарылуда.  Облыста 829 елді мекен (ЕМ) бар. Оның ішінде 2G (100 ауыл), 3G (386 ауыл), 4G (304 ауыл) мобильді технологиялары арқылы интернетпен қамтамасыз етілген. 203 ЕМ ADSL технологиясы бойынша тіркелген интернетпен және 416 талшықты-оптикалық технология арқылы  ғаламтор желісін пайдаланады.

Сондай-ақ, 9 ауылдық елді мекен (АЕМ) KazSat спутниктік жүйесі арқылы интернет желісіне қосылса, облыстағы 329 мектеп (330 мектептің ішінде) Starlink спутниктік жүйесін пайдаланып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі мен Түркістан облысының әкімдігі ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, 2023-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернет сапасын арттыру жөніндегі Жол картасын әзірлеген. Қазір соған сай жұмыс атқарылуда.

Бұл құжатта барлық проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары қамтылған. Карта шеңберінде облыстағы лицензиялық міндеттемелерге кірмеген 104 ЕМ-ге интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету және 388 ЕМ-ге интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда. 101 антенналық діңгек құрылымдарын салу, 113 АЕМ-де базалық станцияларды орнату және 70 АЕМ-де базалық станцияларды жаңғырту көзделген.