ТҮРКІСТАНДА ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылындағы  Шәмші Қалдаяқов атындағы жалпы орта мектебінде «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды,-деп хабарлайды Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сыныпқа Қазығұрт аудандық полиция бөлімінде 10 жыл қызмет атқарып, ерлікпен қаза тапқан Бауыржан Садықбековтың есімі берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Әзизхан Исмаилов, полиция бөлімінің бастығы Алмас Серікбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидулла Жұматаев, мәслихат төрағасы Тайбек Қалымбетов пен зиялы қауым өкілдері және марқұм Бауыржан Садықбековтың ата-анасы, жұбайы мен ұл-қыздары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Серікбаев полиция мамандығының қоғамда алатын рөлі жайлы айта келіп, марқұм болған Бауыржан Садықбеков жайлы жылы естеліктермен бөлісті.

«Жас сақшы» полиция сыныбын құру – ішкі істер министрілігінің басым жобасы. Ол ең алдымен жастардың бойына патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру, мектеп жасындағы балалар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен мамандық таңдауға бағытталған. Сондай-ақ  ел тыныштығын күзететін,  ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаратын жастарды тәрбиелеу. Жас жеткіншектер арасында Қазақстан полициясының имиджін көтеру, ержүректілікті, қаһармандылықты  дәріптеу басты мақсат болып отыр.

«Жас сақшы» сыныбын ашу барысында мектеп  оқушыларына полицейдің нысанды киім үлгісі тігіліп, берілді. Ал сынып бөлмесі ерлікпен қаза тапқан полицейге арналған арнайы бұрышпен жабдықталды. Шара соңында 16 оқушы ант беріп, «Жас сақшы» қатарына қосылды. Бұл Түркістан облысында ашылып отырған онынша «Жас сақшы» полиция сыныбы. Мұндай сыныптар бұған дейін Жетісай және Мақтарал ауданында ашылған болатын.