ТҮРКІСТАНДА 100 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында жыл басынан бері борышкер болып келген 5 кәсіпорын жұмысшылар  алдындағы қарызынан құтылды.  Олар 9 айдың ішінде жұмысшылардың еңбегі үшін 204,1 миллион теңге берешек болып қалған. Өңірдегі еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма мамандарының  араласуымен жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар берілді. Соның нәтижесінде  358 жұмысшының еңбек құқығы қорғалып,  оларға тиесілі 102,9 миллион теңге жалақасы қарызы өндірілді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен кезекті брифинг барысында облыстың бас еңбек инспекторы Берік Ибадуллаев  мәлімдеді.

– Жыл басынан бері облыс көлемінде 1  мың 39 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Осы арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 151 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде 262 заң бұзушылықты анықтадық.  Тексеру барысында белгілі болған кемшіліктер, яғни заң тәртібіне бағынбаушылық негізінде 122 нұсқама берілді. Сондай-ақ  еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша еңбек инспекторлары  798 хаттама толтырды.  Осы негізде 25,5 миллион  теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Берік Серікбайұлы.

Айта кетейік, биыл жыл басынан өңірде 29 өндірістік жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 37 адам зардап шегіп, 6 адам қайтыс болған.  Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және алдын алу шараларын қабылдау мақсатында өңірдегі кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – Vizion Zero» тұжырымдамасына қосылып жатыр. Бүгінгі таңда  6 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізіп, 18 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану – Vizion Zero» тұжырымдамасына қосылған.

Басқарма басшысының айтуынша мұнан бөлек,  2024 жылдың 9 айында өңірде еңбек жанжалы орын алмаған. Бірақ әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелі бар 157 кәсіпорын анықталып, олармен еңбек заңнамасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.