ТҮРКІСТАНҒА ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ БЕРУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

ҚР Парламент Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, тарихи шаһарға ерекше мәртебе берілген соң, қосымша қаржыландыру тетіктері қарастырылады. Осыған сәйкес оның дамуына  республикалық бюджеттен жыл сайын 60 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінетін болады. Мұнан бөлек, қаланың дизайн коды бекітіледі, осы негізде облыс орталағының  құрылысы бір стильде жүргізіледі. Заң жобасында қаланың тарихи ерекшелігі саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында 100 метрдей жерде ешқандай құрылыс салуға рұқсат бермеу жайы қарастырылған. Ал, онан қашық жерде тұрғызылатын нысандардың биіктігінің өзі 7 метрден аспайды. Бұл талап ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи жәдігердің бетін қалқалап, қоршап қалмауы үшін әдейі қарастырылып отыр.  Сондай-ақ, құрылыс нысандарды тұрғызу кезінде пайдаланылатын материалдарының түр-түсі де сол тарихи аймаққа сай таңдалмақ. Жобада ескерілген тағы бір маңызды шешім   мұнан былай туризм саласына қолдау да арта түспек. Жобаны таныстыру барысында ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков:  

  • Жалпы туризм саласында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің шығындарының 10 пайызын бюджет есебінен өтеп беру деген де нормалар қарастырылған,-деді.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттеліп, негізге алынды. Министрліктің өкілдері Заң жобасы бойынша Түркістан қаласына іссапарға шығып, халықпен кездескен, онда Заң жобасының ережелері, нормалары талқыланды. Жалпы тарихи шаһардың  облыс орталығы мәртебесін алуы  халық санының тез өсуі де негіз болған. Қалада соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өсіп, қазір 233 мыңнан асып отыр.