ТҮРКІСТАН ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда. Бұл құжат келешекте  шаһардың рухани және тарихи орталық ретінде қалыптасып, дамуына негіз болмақ. Яғни аталмыш заң қабылданғаннан кейін бүкіләлемдік мұра саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және оның аумағындағы  қорғауға алынған ескерткіштерді басқару, олардың тұтастығын сақтау жүйесі құрылады. Бірегей сәулет кешені, кесенелер мен тарихи объектілерге қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық мақсаттағы жұмыстар жүргізуге тыйым салынбақ. Бұдан бөлек, тарихи кешен аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау ісін жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасалады.

«Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді», делінген Үкімет хабарламасында.

Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын  сақтап қалу  мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылғалы отыр. Қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады.

Сондай-ақ үкімет хабарламасында «Заң жобасы шеңберінде жер пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады», делінген.

Құжат Мемлекет басшысының аталған аймаққа жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.