ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ПРОФИЛАКТИКАНЫ КҮШЕЙТТІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Бүгінгі таңда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру аса өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі көп адам өзінің құқығын білмейді, заң жағына келгенде сауатсыз. Адам құқықтарын қорғау жүйесі өкілдерімен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін арттыру қажет. Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институтының әлеуетін жұмылдыру қажет. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс туып, масылдық психологияның пайда болуына құқықтық сауатсыздық себеп болады. Адамдар құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылып жатады» деген болатын.
Осыған орай Түркістан облысы Кентау қаласының полицейлері өңір тұрғындарына интернет алаяқтардан абай болу керектігін ескертіп, профилактиканы күшейтті. Жасөспірімдерден бастап, егде жастағы тұрғындармен тілдесіп, алаяқтардың айласымен таныстырып, одан сақтану әдістерін айтты.
Қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге кеңес берді.
Оған қоса күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс есіктеріне, сауда орталықтарына, жалпы адамдар көп шоғырланатын аумақтарға ескерту қағаздарын іліп, жадынамалар таратты. Басты міндет – қылмысты ашумен күрескенше, оның алдын алып, тосқауыл қою.