ТҮРКІСТАН: «ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы тұрғындармен кездесу өткізді. Басқосуда аймақ жұртшылығы инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өтініштер айтты. Ұсыныстарын ортаға салды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта өңір басшысы Дархан Сатыбалды:
– Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млиллиард теңге бөлінді. Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша ғимараты пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 миллиард теңге болатын 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 миллиард теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен, – деп атқарылған жұмыстарды бағалаған. Және алдағы атқаратын жұмыстар ретінде ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамытуды тапсырды. Сондай-ақ қаржыны игеру, заңсыз құрылыстарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу де кезек күттірмес жұмыс екенін еске салды. Сонымен бірге тазалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Кездесуден кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтіп, онда басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар бойынша енді тиісті жұмыстар атқарылмақ.