ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫ МЕН ӨТІНІШІ 13 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында бірыңғай байланыс орталығына келетін өңір тұрғындарының арыз шағымы мен өтініштері 13 пайызға азайған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде  айтылды. Жалпы жыл басынан бері  109 бірыңғай байланыс орталығына 100 мың 837 өтініш, ұсыныс келіп түскен. Бұл өтінімдердің 97 пайызы телефон қоңырауын шалу арқылы және 3%-ы әлеуметтік желілер (Whatsaap, Instagram, Telegram, Facebook) арқылы жолданған.  Жиында өңір басшысы сала мамандарына халықпен байланысты нығайту, өтініштерге дер кезінде жауап беруді тапсырды.

– Байланыс орталығына түскен әрбір өтініш мұқият қадағаланып, бақылауға алынуы тиіс.  Бұл істі сапалы атқара алмай отырған аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатсын. Өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді созбалаңға салуға болмайды. Байланыс орталығының жұмысын жетілдіріп, жүйелей түскен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын баяндама жасаған облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Марат Айнабековтің айтуынша, өңір тұрғындарынан  күнделікті келетін өтінімдердің дені коммуналдық-тұрмыстық, білім, әкімдік қызметтерге байланысты. Басқарма басшысы шағымдарға тиісті мекемелермен берілген жауапты смс-хабарлама ретінде тұрғындарға жолдауды ұйымдастыру, аудан, қала әкімдіктерімен түскен өтінімдердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында 109 бірыңғай байланыс желісін кеңінен насихаттау шараларын жүргізу сынды бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Талдау нәтижесінде өтінімдер мен кейбір қызмет түрлеріне қанағаттанбау өңірдегі Түркістан және Кентау қалалары мен Төлеби ауданынан  көп түседі екен. Ал өтінімдердің ең азы Сарыағаш, Созақ, Отырар, Мақтаарал аудандарына тиесілі.

Айта кетейік, 109 Бірыңғай байланыс орталығы Түркістан облысы тұрғындарының өтініштерін қабылдап, жауапты басқармаларға немесе аудан, қала әкімдіктеріне, сонымен қатар жауапты бөлімдер мен мердігерлерге жолдап, өтініштердің толық, сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді.