УРАН ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
- Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның еншілес ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен құқықтық ағарту кездесуін өткізді. Іс-шара компанияның кеңсесінде өтті және еңбек құқықтарын қорғау, кемсітушіліктің алдын алу және корпоративтік ортада құқықтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында қызметкерлердің құқықтарын сақтау мәселелері, оның ішінде тең еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, әлеуметтік осал топтардың мүдделерін қорғау және өндірістегі гендерлік теңсіздікті еңсеру мәселелері талқыланды.
Азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгінуі керектігі, сондай-ақ корпоративтік омбудсмендермен өзара іс-қимыл тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Наталья Қожабекова қолданыстағы заңнама мен еңбек құқықтарын қорғау рәсімдері бойынша түсіндірме беріп, сұрақ-жауап форматында интерактивті сессия өткізді.
«Қызметкерлер, жұмыс берушілер және құқық қорғау құрылымдары арасында тиімді диалог орнату – бұзушылықтардың алдын алудың басты шарты. Біз әрбір азаматтың өз құқықтарын біліп, қайда жүгінуге болатынын білуіне ұмтылудамыз. Құқықтық сауаттылық — бұл бір реттік дәріс емес, бұл үздіксіз жүретін үдеріс. Адам өз құқығын білгенде ғана өзінде сенімділік пайда болады және жанжалдарды ерте кезеңде алдын алуға көмектеседі» деп атап өтті Омбудсмен өкілі.
Уран өндіру және сату бойынша әлемдік көшбасшы саналатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы бүгінде 14 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әрі жыл сайын дүниежүзіндегі атом энергетикасы сұранысының шамамен 40 процентін қамтамасыз етеді.
Түркістан облысының Созақ ауданында уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында бүгінде 27 кен орны, 14 уран өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Аумақта 83 мың тоннадан астам қор бар. Былтыр Қазатомөнеркәсіп Түркістан облысындағы жаңа учаскеде уран барлау құқығын алды. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында Қазатомөнеркәсіптің өз қаражаты есебінен осы учаскеде жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Р1 және Р2 санаттарындағы уран ресурстары бары анықталды. Алдын ала бағалаулар бойынша болжамды уран ресурстары 30 мың тоннаға дейін жетеді. Уран ресурстарын С2 және С1 санаттағы қорларға көшіру үшін барлау жұмыстарын одан әрі жалғастырудың орындылығы расталды, соның нәтижесіне қарай учаскеде нақтыланған уран қорлары анықталатын болады.
Қазатомөнеркәсіп уранның минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі іздеу жұмыстарының бағдарламасы аясында 6 жыл бойы барлау жұмыстарын жүргізіп, соңынан анықталған уран қорларын мемлекеттік балансқа қоюды жоспарлап отыр.
Іс-шара аясында Созақ ауданындағы жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіретін мекеме «Инкай» ЖШС Бірлескен кәсіпорнының корпоративтік омбудсменінің баяндамасы тыңдалды. Компанияда 751 адам жұмыс істейді, оның 101-і әйелдер. Баяндама қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың ішкі тетіктері мен іскерлік этика мәселелеріне арналды.
Кездесу қорытындысы бойынша Уәкіл өкілі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ омбудсмендер институты арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат азаматтарды бірлесіп қабылдауды, консультациялар мен семинарлар өткізуді, сондай-ақ адам құқықтарының ықтимал бұзылуына байланысты өтініштер бойынша бірлескен жұмысты көздейді.
Тау-кен саласы адам өмірі мен денсаулығына кері әсерін тигізетін зиянды және қауіпті көптеген факторларының болуымен ерекшеленеді. Жұмыс ортасының техникалық қондырғылармен қанықты болуы, жұмыс орны кеңістіктерінің тарлығы, атмосфералық ауа құрамында қауіпті газдардың пайда болу мүмкіндігінің, өрт қауіптілігінің жоғарылығы, тау-кен жыныстарының құлау қауіптілігі тау-кен жұмыскерлерінің еңбек үрдісін қиындатады. Тау-кен кәсіпорындарында кәсіптік науқастануға әкеліп соғатын едәуір кең тараған факторларға бұрғылау, аттыру жұмыстары кезінде, жыныстарды тиеп-тасымалдау және т.б. технологиялық үрдістер кезінде кеніш атмосферасының ластануы жатады. Қоршаған ортада жұмысшы денсаулығына зиян келтіретін улы заттардың пайда болуы да аз кездеспейтін жағдай. Сонымен қатар, жалпы және жергілікті дірілдің әсерінен пайда болған сырқаттарға шалдығу жағдайлары да көптеп кездесіп жатады.
«Еңбек жағдайларын жақсарту, жазатайым жағдайлардың және кәсіби науқастанудың деңгейін, сонымен қатар тау-кен апаттарының салдарынан болатын экономикалық зардап көлемін азайту үшін қауіпсіздік және еңбек қорғау бойынша қажетті іс-шаралардың барлығы жүзеге асуы қажет. Осындай іс-шаралар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кемсітушілікке мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және құқық қорғау тетіктеріне деген сенімділікті нығайтуға ықпал етеді»,-деді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова.