УӘКІЛ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ – АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігіне келіп түскен шағымдардың басым көпшілігі заңды күшіне енген соттың шешімдеріне, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне, әлеуметтік және медициналық қызмет сапасына қатысты. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің, үкімдер мен өзге де қаулылардың республика көлемінде міндетті күші болады. Оларды тек жоғарғы тұрған сот қана бұзуы мүмкін. Өз құқықтарын білмеу және өз міндеттерін орындамау елдің дамуына кедергі келтіретіні белгілі. Осы ретте құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы көбінесе құқықтық ағартуды ұйымдастыру деңгейіне, оларды қорғаудың нысандары мен әдістеріне байланысты екенін ұмытпаған жөн.

Құқықтық ағарту жұмысын жандандыру барысында Түркістан облысының ауыл-аймақтарын аралап, халықпен және белсенді азаматтармен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесулер өткізді. Ауылдық жерлерде тұратын әйелдер арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, «Қыз алып қашу дәстүр ме, әлде қылмыс па?», «Отбасылық құндылықтар» тақырыбында, ал, жасөспірімдер арасында «Буллинг» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

Уәкіл қызметінің негізгі бағыты – адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі шағымдарды қабылдау және оларды қалпына келтіру. Тағы бір функциясы – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу. Іс жүзінде уәкіл барлық өтініш білдірген азаматтарға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, азаматтарға құқықтары мен оны қорғау мүмкіндіктері туралы түсініктеме беруге, өзге де құқықтық ақпаратты түсіндіруге атсалысады. Қысқасы, заңды құқығын білген адамды бес қаруы сай адам деуге болады. Сондықтан бес қаруым сай болсын десеңіз, заңды өзіңіз үшін оқып, оны тиімді пайдалана білгеніңіз абзал. Сонда ғана алаяқтық, жемқорлық сияқты теріс әрекеттерден аулақ жүресіз.

 

Наталья ҚОЖАБЕКОВА,

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 

Түркістан облысы бойынша өкілі.