ФЕЙК АҚПАРАТПЕН КҮРЕСТЕ ШЕТЕЛДІК АККАУНТТАРДЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ҚИЫН БОЛЫП ТҰР
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Фейк ақпараттарды тыю, оларға қолданылатын жауапкершіліктерді қатаңдату туралы барлық деңгейдегі билік тармақтарында жиі қозғалып жүр. Оған мысал ретінде өткенде ғана Шымкент қаласына іссапармен келген Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның аузынан шыққан сөздерді келтіруге болады. Тағы бір мысал, күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтің айтқан пікірі болды.
Мәжілісмен С.Пономарев 24.kz ақпараттық порталына берген жауабында Қазақстанда жалған ақпарат тарататын телеграмм арналар мен аккаунттар бұғатталып жататыны, бірақ, құзыретті органдар ел ішінде тіркелген аккаунттардан ғана қорғауға қауқарлы екені, сырттан келіп жататын хабарламалардың жолын кесу қиындау екені айтылыпты.
Мәжіліс депутатының айтуынша, заманауи технлогияларлар арқылы жасалған бейнематериалдардың дұрыс-бұрысын ажырату кейде кәсіби мамандардың да қолынан келмей жатуы мүмкін екен. Сол себепті, депутат: «Бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек», – деп пікір білдірді.
– Тіпті мен, бұрын ақпаратты қайта тексеруге дағдыланған журналист болсам да, кейде жаңа технилогиялар көмегімен, адамның бейнесі, дауысы, іс-әрекетін салып, кәсіби студияда жазылған роликтерді көріп, сеніп қалуым мүмкін. Ал, қарапайым адамдарға әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынында шындық пен өтірікті ажырату тіптен қиын соғады. Мұның салдары қорқынышты болуы мүмкін. Фейк жаңалықтар банкроттықтан бастап, этносаралық қақтығыстарға, одан бетер суицидке дейін әкелуі ықтимал. Менің ойымша, бұл үрдіспен күресу керек. Біздің елде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Біз жалған ақпарат тарату үшін ашылған телеграмм арналарды, аккаунттарды анықтай аламыз. Бірақ, олар Қазақстанда тіркелген жағдайда ғана бұғатталады. Алыс шетелге келетін болсақ, мұндай аккаунттардың жолын кесу әлдеқайда қиын, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев 24.kz ақпараттық порталына берген жауабында.
Көрнекі фотосурет ашық көздерден алынды