Шымкент қаласында қарашаның 6-11 күндері аралығында Жұмат Шанин атындағы Қалалық академиялық қазақ театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі өтіп жатқанын хабарлап едік. Фестивальдің үшінші күні Алматы қаласынан келген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Ұлпан» шығармасын сахналады. Қоюшы режиссері – Гүлназ Балпейісова.
Кішігірім таныстыру үшін айта кетсек, сахнада қойылған «Ұлпан» қойылымының авторы – Ғабит Мүсірепов, режиссері – Гүлназ Балпейісова.
«Ұлпан» – бекзат әйел болмысын ғана емес, қайсар рухты қазақ халқының жүріп өткен жолын бейнелейтін шығарма. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған құнды шығарма сахнада заманауи шешімдермен әрленген. Жер бетіндегі мәңгілік тартылысты, әдеп-иба, сезім мен сенімді сөзбен емес, түйсік арқылы ұғындырар ұлы құдіретті сездіреді.
8-қараша күні Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының сахнасына қойылған қойылымға келген шымкенттіктердің қатары мол болды. Спектакльді көруге келіп, есік алдынан қайтқан кісілер де баршылық. Соның бірі – өңірімізге танымал жорналшы Ғалымжан Елшібай ағамыз қойылым басталатын уақытына жақын қалғанда жетіп, театр көрермендерінің көптігіне байланысты есіктен кіре алмай қалғанына еш өкінбейтінін жеткізіпті.
– «Ұлпанды» қатты ұнатушы едім, есік аузынан қайттым. Өкінген де, өкпелеген де жоқпын, қайта қатты қуандым!
Өз басым бүгінді, яғни Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай өтіп жатқан Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық фестивалінің үшінші күнін, дәлірегі дүбірлі додаға қатысушылардың ішіндегі бірегейі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» драмасын көруді асыға күткен едім. Аудандағы іссапарымнан кештеу қайтып, классик қаламгердің атақты шығармасын арқау ететін спектакль басталуға аз уақыт қалғанда жұбайым Рауым екеуміз асығып келсек, театр алды тола адам топырлап қайтпай тұр. Іште ине шаншар орын жоқтығын айтып түсіндірсе де, айқай-шу шығарып кіруге ұмтылғандарға куә болып қатты қуандым. Көңілім толқыды. Жүрегім тебіренді. Мен де театрдағы таныстарыма телефон шалғанмен, көрермендер залында адам тым көптігінен көмектесе алмады. Айтпақшы, фестиваль түңлігі түрілген алғашқы күні сыйлас досымыз, әріптесіміз Сая Қасымбектің араласуымен оның ғажап туындысы «Атжалман ғасырын» екінші рет көруге екі орын әрең табылған еді. Оған дейін сүйікті ақыным М.Шахановтың мен бала кезден ғашық «Танакөзін» тамашалап, поэтикалық драма сезімді отқа орап қайтарған болатын. Ал бүгін…
Қатты ұнататын «Ұлпанды» көре алмай есіктің аузынан қайттым. Білесіз бе, түк те өкінген де, өкпелеген де жоқпын. Қайта төбем көкке тигендей қуанып қайттым. Театрға адам сыймай топырлап, сырттан қайтып жатқанын көріп…-деп, тебіренісін жасырмады.
Қойылымға, оны көруге деген ынта-ықыласты жеткізуде мұнан асыра жеткізу қиын шығар. Шымкент қаласында Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай өтіп жатқан Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық фестивалі қала тұрғындарының театр мәдениетін сіңіріп беретін тамаша шара болғаны қуантады екен.