ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ АРХЕОЛОГ ҒАЛЫМДАР ШЫМКЕНТТЕ ЖҮР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласына «Ежелгі өркениет ізімен: Қазақстан және Өзбекстан археологиясы» халықаралық далалық семинарға қатысушы археолог ғалымдар келді. Қос елдің археология ғалымдарын Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің Ж.Құрбан бастаған басшылар тобы қарсы алып, мамандармен бірге «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағын таныстырып шықты.

 

Қос мемлекеттің бірлескен шарасының Қазақстандағы сапары Шымкент қаласынан басталып, оның жолбасшысы болып Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының өкілі Е.Ақымбек бастап келді. Экспедиция құрамында Өзбекстан тарапынан т.ғ.к., Өзбекстан Республикасы «Мәдени мұра» агенттігінің Я.Гулямов атындағы Археология институтының директоры М.Саидов және PhD доктор, Өзбекстан Республикасы «Мәдени мұра» агенттігі Я. Гулямов атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Н.Рашидов келсе, қазақстандық тараптан PhD доктор, ҚР ҒЖБМ ҒК Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми  қызметкері, Орта ғасыр археологиясы бөлімінің меңгерушісі Е.Ақымбек және т.ғ.к., ҚР ҒЖБМ ҒК Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми  қызметкері, Ерте темір дәуірі бөлімінің меңгерушісі Ж.Утубаев бар. Сондай-ақ, халықаралық далалық семинардың Шымкент қаласындағы сапарына Тюбинген университетінің (Германия) профессоры Г.Хэрке мен т.ғ.к., Ресей Ғылым академиясының қызметкері И.А.Аржанцева қосылды.

 

Қонақтар назарына қалалық музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері, т.ғ. магистрі Ж.Сүлейменова «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағындағы нысандарды толық таныстырылым жасаса, өңіріміздегі танымал археолог маманы А.Ержігітова биыл жаңадан ашылған «Шым қала жәдігерлері» экспозиция залын кеңінен таныстырып өтті. Экспедиция мүшелері музей жәдігерлері мен кешен аумағындағы қазба кезінде ашылған нысандарға, әсіресе «сүйекті жол» мен қауыз бөлігіне қызығушылық танытты. Қонақтар таныстырылым соңында музей мамандарына ризашылық білдіріп, көне Отырар аймағына аттанды.

 

Айта кетейік, «Ежелгі өркениет ізімен: Қазақстан және Өзбекстан археологиясы» деп аталған халықаралық көшпелі далалық семинар Қазақстан тарапында Шымкент-Отырар-Түркістан-Сауран-Сығанақ-Жанкент-Сауысқандық бағытымен жүріп өтсе, Өзбекстанның Ташкент-Самарқан-Бұқара-Хиуа-Қарақалпақстан маршруты жолын басып өтетін болады.