ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ ӨКІЛІ ОТЫРАР АУДАНЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

  • Жамбыл облысы, Тараз қаласы
blog-single-image

Адам құқықтары жөніндегі комиссия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші, Фолькер Фробарттың қатысуымен Түркістан облысы Отырар ауданында адам құқықтары бойынша оқыту семинар-тренингі өтті.

Мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан семинарда еліміздегі адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі  туралы кеңінен сөз болды.  Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды. Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ ел аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, еңбек, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері де талқыланды. Басқосуға қатысушылар  өз құқықтарын сотта және соттан өзге құрылмадарда қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен, білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен танысты.

Жалпы адамдардың ақпарат, білім алуға, әлеуметтік қызмет көрсетуге, кәсіпкерлікпен айналысудағы конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен, сондай-ақ қоғамдағы ықтимал еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және шешу жолдары айтылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы адам құқықтары  бойынша шарттық органдарының бақылау функцияларымен, ұйым құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты. Қатысушылар адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласында тәжірибе алмасты. Комиссия сарапшылары тыңдаушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия аймақтардағы еңбек инспекциясы өз міндеттерін толық атқара алмай отырғанын айтады. Сондықтан олар үкіметке бұл құрылымды  министрлік қарауына беру туралы ұсыныс жасамақ.