ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІ МЕН САБЫРЫ ҚИЫНДЫҚТА СЫНАЛАДЫ

  • Жамбыл облысы, Тараз қаласы
blog-single-image

Білесіздер, биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпады. Еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқыны болып, тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Айтарлықтай материалдық шығындар келтірілді.

Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады. Алғашқы күннен бастап облыста штаб құрылып, аудан, қалалардан жүк керуендері жіберілді.

Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жүректен жүрекке», «Қайырымдылық керуені» акцияларының аясында тасқыннан зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жөнелтті.

Таяуда Астанада өткен сессияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мызғымас бірлігі, халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы қиын күндерде айқын көрінгенін айтты.

Расымен де, дәл осы қиын-қыстау тұста Абай атамыз айтқандай, «Адамзаттың бәрін сүй» деп меңзеген бауырмалдық ұғымы – қазақтың бағзыдан келе жатқан ерекше қасиеті. Елдегі төтенше жағдай сол бауырмалдықты ерекше көрсеткен кезең болды.

«Татулықсыз тірлік жоқ» деген сөз бар. Өңірлерде су тасқыны басталысымен-ақ Түркістан облысындағы барша Ассамблея мүшелері белсенділік танытып, көмек қолын созды.

Халықтың бірлігі мен сабыры қиындықта сыналады. Төтенше жағдай орын алған облыстарға Ассамблеяның «Жүректен – жүрекке!» акциясы аясында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің қолдауымен жалпы 139 млн теңгеге 496 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Игі істен «Ассамблея жастары» да шет қалмай, 6,5 млн теңгеге гумманитарлық көмек жіберді.

Әр қиындықпен бірге жеңілдік бар демекші, біз бұл сынақты ауызбіршілік пен мейірімділік, қамқорлықтың арқасында бірлесе еңсереміз.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.