Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Көрме орталығында» «Халық мұрасы – халық қазынасы» тақырыбымен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Қолөнер халқымыздың ерте заманнан келе жатқан төл өнері. Бойымызға қанмен сіңген бабалардан келе жатқан атамұра, асыл мұра.
Бүгінде қолөнер заман талабына сай өзгеріп, дамып келеді. Бұл тек бос уақытты өткізудің құралы ғана емес, көптеген адамның табыс көзіне айналып отыр.
Көрменің басты мақсаты қолөнер шеберлерін халыққа таныстыру, оларға өз тұтынушысымен дидарласып, іскерлік, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға ашық алаң туғызу болса, сондай-ақ екінші жағынан өскелең ұрпаққа ұлттық қолөнерді дәріптеу, насихаттауды көздейді.
Шараның ашылу салтанатында Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы:
– Өздеріңіздер білерсіздер, тұрақты қатысушыларымыз да бар, бұл қолөнершілер көрмесі – жылма-жыл өткізіліп келе жатқан біздің орталықтың тұрақты өтіп тұратын жоспарлы іс-шарамыз. Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз, қолөнершілік кәсіп, бұл – біздің ұлттық құндылығымыз, салт-дәстүріміз, мәдениетімізді насихаттау. Сондықтан, бұл кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа, ата-бабамыздан келе жатқан құндылығым ғой, – деп, көрме-жәрмеңкенің мақсаты мен маңызы жайлы айта кетті.
Көрмеде ағаштан, былғарыдан және басқа да материалдардан жасалған қолөнер бұйымдары ұсынылып, ұлттық киімдер мен әшекейлер көпшілік назарын аударады. Бүгінгі таңда қолөнер шеберлері өз кәсіптерін дөңгелетіп, жоғары сапалы, ерекше бұйымдар жасау арқылы халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
Жыл сайын өтетін аталмыш іс-шараның қолөнерші мен халыққа берері мол. Атап айтқанда өңіріміздің осы салада еңбек етіп жүрген шеберлері бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп, өз тұтынушысын тапқан. Күн өткен сайын қолөнер көрмесінің маңыздылығы артып, көпшілік сұранысқа ие болып келеді.
Қолөнер – бұл ғасырлық тағылым, тектілік, табиғатпен үндестік, қас шеберлік, аса талғампаздық, төзімділік және салт-дәстүріміздің қолданбалы өнерін бойына сіңірген сырлы өнер. Сырлы өнерімізді жоғалтпай, әрі қарай дамыту, оған қолдау көрсету, жас ұрпаққа дәріптеу сізбен біздің ортақ міндетіміз.
Көрме барысында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, «Шымкент-концерт» концерттік ұйымының әншілері мен «Яссы» би ансамблі өнер көрсетті.
Айта кететін нәрсе, «Халық мұрасы – халық қазынасы» қолөнер шеберлерінің көрме-жәрменкесі биыл сегізінші мәрте өткізіліп отыр. бұл шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отыратын тұрақты көрме болғандықтан, алдағы жылдары да өз жалғасын табады деп күтіледі.
OpenKazakhstan-INFORM