«ХАНБИБІНІҢ БИІГІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЫР МҮШӘЙРАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгін Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған екі күнге созылатын бірқатар мәдени және ғылыми іс-шаралардың алғашқы легі басталды. Соның біріншісі «Ханбибінің биігі» республикалық жыр мүшәйрасы түске дейінгі уақытта өз мәресіне жетіп отыр.

«Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде өткен жыр додасына еліміздің бар аймағынан қатысқан 50-ден астам ақындардың ішінен іріктеліп, ақтық сайысқа 10 ақын жетіп отыр. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық мүшайраға елімізге танымал ақындары қазылық етті.

Қазылар алқасының құрамында:

  1. Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Ғалым Жайлыбай,

  1. Ақын, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса,
  2. Ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлығының иегері Бауыржан Жақып,
  3. Ақын, Филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан,
  4. Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр болды.

Қазылар алқасының шешімімен мүшайраның қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталды:

Жүлде қоры жалпы 150 мың теңгелік «Арнайы жүлде» үш ақынға:

1) Асылбекова Жанылхан (Алматы облысы)

2) Жұмағазина Әсем (ШҚО, Семей қаласы)

3) Айманбетов Дәуренге (Шымкент қаласы) бұйырды.

 

Үшінші орынмен жүлде қоры 300 мың теңге марапатын иеленген ақындар:

1) Маржан Ершу (Атырау облысы),

2) Тілеубергенов Достық (Қызылорда облысы),

3) Төлбасы Балауса (Шымкент қаласы).

 

Екінші орын және жүлде қоры 500 мың теңгелік қаржылай сыйлық:

1) Тәбаракқызы Айжан (Астана қаласы),

2) Мағиза Құнапияқызы (Алматы облысы) иеленді.

 

Бірінші орын және жалпы жүлде қоры 700 мың теңгелік жүлде Түркістан облысының ақыны Ахан Сабыржанға бұйырды.

Бас жүлде, яғни жүлде қоры 1 000 000 теңгелік сыйақы Алматы қаласынан келген, қазақтың қабырғалы ақыны Иран Ғайыпқа табысталды.

 

Айта кететін нәрсе, Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі бүгін, 2024 жылдың 28 қарашасы күні «Сендегі мені өшірме» поэтикалық толғауының премьерасымен жалғаспақ. Өтетін уақыты кешкі сағат 19:00-20:00 арасы. Өтетін орны: Нұрсұлтан Назарбаев Даңғылы, 6 үй, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры.

Сондай-ақ, ертең, 2024 жылдың 29 қарашасында таңғы сағат 10:00-де, Ханбибі Есенқарақызына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қабырғасында өтеді. Оған қоса, сол күні кешкі сағат 16:00-де Шымкент қаласы, Түркістан сарайында «Хан қызындай Ханбибі» атты шығармашылық кеш мерейтойлық іс-шаралар легін түйіндейді. Мәдени шараларға қатысып, тамашалауды ұмытпаңыз.