ХХІ ҒАСЫР. ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ШЫМКЕНТ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент ескерткіштерін зерттеудің жаңа кезеңі Қазақстанның тәуелсіздік дәуірінде, ХХІ ғасыр басынан басталады. Шымкент, Сайрам қалашықтары мен ауыл округтердегі ескерткіштер жоспарлы түрде зерттеліп жатыр. Сайрам қалашығы мен осы ескерткіштердің айналасы археологиялық қорғау жұмыстары аясында және ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы шеңберінде жүргізілді.

2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археологиялық отряды А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп, Мәртөбе елді мекеніне археологиялық зерттеулер жүргізді. Алынған нәтижелер Мәртөбе қалашығының жоғарғы құрылыс қабатында біздің заманымыздың бірінші мыңжылдықтың бірінші жартысындағы өмір сүрген кезеңін анықтауға және оған қоса Ұлықтөбе елді мекенімен бірге бір заманда өмір сүрген деп топшылауға мүмкіндік берді.

Қазақстан экономикасының өсуі және жаңа аумақтарды игеру әрекеттері құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтарда қалып қойған ескерткіштерде жедел археологиялық жұмыс жүргізуді талап етті. Осыған байланысты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының құрылысы кезінде жүргізілген жұмыстарды атап өту қажет. Болашақ магистральдың аумағына Шымкент қаласының шегіне кіретін Мазараттөбе қалашығы да жатты, ол бұрын XI ғасырдағы араб жазба дереккөздерінен белгілі Құрлық қаласына сәйкестендірілді. Қаланың XI ғасырда өмір сүргенін және оның моңғол-тимурид дәуірінде дамығанын растайтын археологиялық материалдар алынды.

Сайрам қалашығын археологиялық зерттеу мен сақтаудың басты қиындығы сол, қазіргі Сайрам ортағасырлық қаланың мәдени қабаттарының үстінде орналасқан, онда урбанизация процестері оның алғашқы қоныстану құрылымдары пайда болғаннан бері әрдайым жалғасып келеді және екі мың жылға жуық уақытты қамтиды.

ХХІ ғасырдың алғашқы екі онжылдығы Сайрам қалашығы мен оның ауылдық округінің белсенді археологиялық зерттеу кезеңі болды. Негізгі міндет – Сайрам қалашығын іргелес жатқан рабад аумағымен қоса стратиграфиясын дәйекті зерттей отырып, урбанизация кезеңдерін белгілеу болды. Бұл жұмыстар 2005-2008 жылдар ҚР БҒМ «Испиджаб округінде урбанизацияның пайда болуы мен қалалық мәдениетінің даму динамикасын археологиялық зерттеу» жобасы аясында жүргізілді. Осы мақсатта Сайрам қалашығында сегіз стратиграфиялық қазба жұмыстары, оның екеуі шахристанда жүргізілді. Біріншісі – ескерткіштің биік, оңтүстік бөлігінде (сурет Р-1), екіншісі – шахристанның қарама-қарсы жағында (сурет, Р-2), оның солтүстік шетінде, алтауы елді қалашыққа іргелес жатқан рабадтар аумағында жүргізілді.

Сонымен қатар, Сайрам қалашығы окгругінің елді мекендері – Қайтпас, Ұлықтөбе және т.б. ескерткіштері зерттелді. Қайтпас елді мекенінен алынған материалдар Шымкент қалашығының төменгі қабаттарының, Ұлықтөбе және Мәртөбе елді мекендерінің материалдарымен мерзімдес болып шықты.

Сайрамның тарихи топографиясын зерттеу нәтижесі осы аймақтың отырықшы урбанизацияланған мәдениеті Сайрамның ортағасырлық рабад аумағында біздің заманымыздың I ғасырлар кешікпей қалыптасқан деген қорытындыға келді. Мұны ежелгі дәуірдегі Сайрамның прото-қалалық ядросы ретінде типологиялық тұрғыдан бағаланған Ұлытөбе елді мекені растады. Ұлықтөбедегі өмір IV ғасырлар үзіледі, ал Мәртөбе, Қайтпас елді мекендеріндегі сияқты Испиджаб рабадтарындағы тіршілік те тек X-XI ғасырларда ғана қайта басталады.

2007жылы«Мәденимұра»өңірлікбағдарламасыаясындаСайрамқалашығыныңшахристаныныңорталықбөлігінде, Қызыр пайғамбар мешітініңаймағындақазбажұмыстарыжалғасынтапты.Бұлмешітбіржақтыайванмен бір камералыаулалы құрылыс түрінежататыны анықталды.Олескерткішмешітретінде де, ханака мешіті ретінде де қолданылуы мүмкін.

2008 жылы Қожа-Салих кесенесінің реконструкциялануына байланысты оның қорғау аймағында ғимараттың іргетасының жай-күйін, мәдени қабатталуы және олардың мерзімделуін нақтылау мақсатымен екі стратиграфиялық шурф салынды. Жұмыстың нәтижесі табылған материалдар X-XII ғасырларға жататынын нақтылады.

Сайрам аумағындағы археологиялық қорғау жұмыстарын ауқымды деп атауға болмайды. Олар қалашық аумағында құрылыс салу кезінде жер пайдаланушылардың рұқсатымен және жобаны тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісу жолымен үзік-үзік жүргізіледі.

2008, 2011, 2012 жылдары Сайрам қалашығының аумағында сауда үйлері мен жаңа құрылыс нысандарының құрылысына байланысты қорғау жұмыстары жүргізілді. Бірқатар стратиграфиялық қазбалар салынды (сурет, Р-3,4,5,6). Шахристанның зерттелген учаскелері ескерткіштің мәдени қабаттарын мыңжылдық уақыт шеңберінде анықтады және жоғарыда XIX ғасырдан бастап төменде X ғасыр қабаттарына дейін мол материал табылды, олардың көпшілігі бадрабтардан шыққан (сурет).

2013 жылы ауылдың орталығындағы Ә.Темір мен Ю.Сайрами көшелерінің қиылысында, жұмыс істеп тұрған базар орнындағы сауда орталығының құрылысы басталар алдында археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қазба барысында (сурет.Р-7) саманид және қараханид заманының күйдірілген кірпішінен қаланған X-XII ғасырлар ортағасырлық моншаның фрагменті анықталды. Қазбаны кеңейту кезінде моншаның сақталған қабырғасының батыс жағынан XIII-XIV ғасырлар тұрғын жай қабаты ашылды, оның екі тандырынан күміс монеталар мен алтын бұйымдардың қазынасы табылды. Қазба жұмыстары барысында Сайрам тарихы мен Қазақстанның ортағасырлық дәуіріндегі материалдық мәдениетінің жекелеген беттерін ашатын бірегей артефактілер алынды. Екі көмбенің де материалдарындағы ақпараттың бірегей болғаны соншалық, ортағасырлық жазбаша дереккөздердің мәліметтерімен бірлесе XV ғасырдағы мәдени құндылықтардың нақты күні, жылы және жинақталу себептері жайында мәлімет береді.

Сол учаскеде 2015 жылы археологиялық жұмыстар жалғасты (сурет Р-8). Қазбаның жоғарғы қабаттарына қазіргі шаруашылық қызмет қатты әсер еткен. Моңғол кезеңінен кейінгі кезеңге тікелей қатысты деп анықталған құрылыс қабаты орташа сақталған. Жалпы, қазбаның керамикалық материалы X-XII, XIV-XV және XVI-XIX ғасырлар жатады. Сонымен қатар, VIII деңгей сатысындағы еден ошақтары бар бөлменің қалдықтары арасында IX ғасыр жылтыратылған ыдыстардың сирек фрагменттері кездеседі.

2014 жылы шаруашлық игеру жұмыстарына байланысты Сайрам қалашығының рабад аумағында археологиялық жұмыстар жүргізілді. Сайрам кентінің батыс шетінде орналасқан мектептің құрылысына бөлінген жалпы ауданы 1000 шаршы метрге жуық учаскеде X-XII ғасырлар тән тұрғын жайдың іздері табылды. Қазба барысында қабырғалардың тас негізі, тандырлар, ошақтар, сандал-резервуарлар, қараханид заманындағы қыш ыдыстардың көптеген фрагменттері анықталды (сурет).

Қала шегінде орналасқан ежелгі қорымдар да зерттелді. 2012-2014 жылдары Қайтпас тұрғын алабы маңында орналасқан ерте темір дәуіріндегі қорымдар зерттелді. Екі қорымның барлық обалары ежелгі уақытта тоналған. Біздің заманымызға дейінгі IV-II ғасырлар деп мерзімделген обалардың бірінен теңіз жануарлары бейнеленген екі алтын дискі табылды. Бүгінгі таңда олардың әлемде теңдесі жоқ. Зерттеулер көрсеткендей, бұл дискілер мұхит жағалауында орналасқан елдерде жасалған. Бұл Қазақстан жерінде екі мың жыл бұрын өмір сүрген тайпалардың тығыз сауда-экономикалық байланыстарына мысал болады.

Испиджаб тарихи-мәдени ауданының қорғаныс жүйесі ғылым үшін ерекше қызығушылық тудырады. Осыған байланысты, «Испиджабтың күзет «мұнаралары» жобасы – Түркістан облысында кеңінен танымал Қарауылтөбе деп аталатын ескерткіштерді зерттеуге бағытталған. Зерттеу нәтижесінде ескерткіштің әртүрлі құрылымы бар базалық және күзетші деген екі түрі анықталды. Қарауылтөбе қалаларды ескерту жүйесінің маңызды элементтері болды. Қарауылтөбе үлгісіндегі құрылымдар қаладан және көршілес биіктіктерден көрінетіндей етіп оазис шегінде орналастырылған күзет құрылыстарының рөлін атқарды. Оңтүстік Қазақстанның бірқатар ескерткіштерінде байқалғандай, бұл нысандар ұзын қорғаныс қабаты және биік қабырғалармен бірге қорғаныс жүйесінің ажырамас бөлігі болды.

Шымкент пен Сайрам қалашығын зерттеудің алдында М.О. Әуезов  атын. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Археология және этнология» кафедрасының ашылу рәсімі өтті. Кафедра қызметкерлері Шымкент қаласының жасын және тарихи даму кезеңдерін белгілеуді басты ғылыми міндеті ретінде анықтаған Шымкент қалашығын археологиялық зерттеу жобасын дайындады. Жобаны 2003 жылы қала әкімдігі қолдап, қаржыландырды. 2004 жылы Шымкент қалашығындағы жұмыстар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жалғасын тапты. Зерттеу 2008 жылға дейін жалғасты.

Шымкентке 2200 жыл болғаны туралы БАҚ-тағы алғашқы жарияланымдар 2003 жылы жасалды. Шымкенттің жасы туралы алғашқы ғылыми хабарды ҚР ҰҒА академигі К.М. Байпақов жасады. Ол «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының 2005 жылғы есебінде «Қала 2200 жыл бойы өмір сүрді» деп жазды.

2005 жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, М. Әуезов атын. ОҚМУ-ға барған кезінде оның назарына университеттің археологиялық экспедициясының материалдары ұсыныла отырып, қаланың құрылғанына 2200 жыл толғаны мәлімделді.

Осы мәлімдемелер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдардың барлығы жергілікті сипатта болды. Түрлі елдердің ғалымдары Шымкенттің жасы туралы мәселені талқылап, ортақ пікірге келе алатын ғылыми форум қажет болды. Осыған орай, 2008 және 2014 жылдары аймақтың ежелгі урбанизациялық процестерін зерттеуге және Шымкент қаласының жасын нақтылауға арналған екі ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

2008 жылғы конференцияда: «қазіргі Шымкент – тәуелсіз Қазақстанның ірі қалаларының бірі, қарқынды дамып келе жатқан қала, өнеркәсіпті қала, жоғары мәдениет бар қала, студенттер мен ғалымдар қаласы, тамыры 2200 жыл бұрын басталған тарихы бар қала» деп мәлімделді. Түрлі БАҚ беттерінде конференция барысы жайлы жан-жақты баяндалып, форумға қатысушылардың бірауыздан 2200 жыл деген датаны қабылдаған пікірін жазды.

2014 жылы конференцияда ұсынылған ғылыми дәлелдер: қазба жұмыстары және онда табылған керамикалар мен жерлеу ерекшеліктері сияқты артефактілер біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр жататынын көрсетті. Бұл – бастама көтерудің негізі болды. ЮНЕСКО бұл датаның маңыздылығын мойындады, осылайша халықаралық аренада Шымкент қаласының тарихи және мәдени маңыздылығына назар аударуға мүмкіндік берді. 2019 жылы өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 40-шы сессиясында Шымкент қаласының 2200 жылдығы ЮНЕСКО-ның 2020-2021 жылдардағы айтулы күндерінің тізіміне енгізілді. Ұйымның маңызды оқиғалар күнтізбесіне Шымкент мерейтойын енгізу туралы ресми ұсыныс жасаған Қазақстанның бастамасын Ресей, Иран, Тәжікстан және Түркия сияқты бірқатар елдер қолдады. Археологиялық зерттеулер қаланың жасы 2200 жылдан асатынын растады, бұл Шымкентті Қазақстанның ең көне қалаларының біріне айналдырды. Нәтижесінде, қаланың 2200 жылдығы ЮНЕСКО күнтізбесінде бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызды мәдени оқиға ретінде ресми түрде атап өтілді.

2017-2020 жылдары Шымкент қалашығында ауқымды археологиялық жұмыстар жалғасты. Жұмыс негізінен кейінгі орта ғасырлардағы бүкіл Шахристанның орналасуын анықтап, ескерткішті кейіннен музейлендіру үшін база дайындады. Сайрам және Шымкент қалашықтарын зерттеу жалғасып жатыр.

Археология ескерткіштеріне арналған жұмыстар туралы ғана айтатын болсақ, біздің очерк толық болмай қалады. Аймақтың әлеуметтік-саяси тарихы, сәулет, нумизматика, жекелеген археологиялық нысандар мен этнография тұрғысынан лайықты назар аударуға тұрарлық бірқатар зерттеулер бар. Бұл зерттеулер өзіндік салалық ғылыми бағытына ие бола отырып, осы еңбекті жазу кезінде туындаған кейбір сауалдарға жауап береді.

ХХ ғасырдың 60-жылдарында қазақстандық тарих ғылымы XV-XVIII ғасырлар тарихы бойынша бірқатар түйінді мәселелерді зерттеуге назар аударады. Сырдария бойындағы қалалардың рөлі, олардың Қазақ хандығы тарихындағы маңызы зерттелді. К.А. Пищулинаның жан-жақты мақаласы осы мәселеге арналған. Автор жазбаша дереккөздерді талдай отырып, Сайрам маңызды орын алатын Сырдария бойындағы қалалардың әскери-саяси және экономикалық жағдайының сипаттамасын ұсынады. Сауда және егіншілік жағынан ірі стратегиялық орталық ретінде XVII ғасырдағы Сайрамның маңыздылығын ғалым дұрыс атап өтті.

Оңтүстік Қазақстан сәулет ескерткіштерін зерттеу саласында да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде Шымкент пен Сайрам ескерткіштеріне назар аударылды. Мәселен, Т.К. Бәсенов V-XII ғасырлар архитектурасын зерттей отырып, Қазақстандағы қалалардың қалыптасуы негізінен VIII-X ғасырлар Қарлұқ кезеңінде аяқталады деп есептеді, оның пікірінше, құрылыс және қолданбалы өнердің дамуы үшін материалдық және шығармашылық база қалыптасуы керек. Автор Сайрамның архитектуралық-жоспарлау ерекшеліктеріне тоқталады (оның пікірінше, бұрынғы Испиджаб). Ол қаланың дамуын қысқаша сипаттайды, қала кварталдарының тік сызықты және тұрақты орналасуын анықтайды. Ғалым, сондай-ақ, Сайрам аумағында культтік сәулет ескерткіштері бар екенін көрсетіп, олардың қайта құрылымдау салдарынан сәулет-құрылыс құндылығы қалмағанын атап өтті. Дегенмен, бұл құрылымдарды одан әрі зерттеу жұмыстары олардың өзіндік ерекшелігі және тарихи қалыптасқан дәстүрлі архитектуралық стилі барын көрсетті.

XIX және ХХ ғасырлар басында тұрғызылған сәулет ескерткіштеріне М.М. Меңдіқұлов назар аударды. Ғалым Т.К. Бәсенов сияқты Шымкент қаласының сәулет құрылысының ерекшеліктеріне талдау жасады. Ол ескі және жаңа қалаға сипаттама берді. М.М. Меңдіқұлов жаңа қаланың ескіден айырмашылығы тұрақты орналасуын атап өтті. Оның пайда болуы XIX ғасыр 60-жылдарының аяғынан бастап есептелді. Ол сипаттаған ескі Шымкент топографиясының ерекшеліктері назар аударуға тұрарлық. Оның жұмысында Шымкент қалашығын нығайту, қорғаныс қабырғаларының екінші шеңберінің сипаттамалары туралы қызықты мәліметтер бар. Атап айтқанда, М. М. Меңдіқұлов қаланың солтүстік және шығыс бөліктерінде қорғаныс қабаты қазіргі Қошқарата арнасы арқылы өткенін, ал Шымған мен Михнат көшелерінің қиылысында шахристанның батыс қақпасы болғанын атап өтті. Сондай-ақ, Шымкентте XIX ғасырда қайта салынған Жұма мешіті орналасқаны туралы дерек айтылады.

ХХ ғасыр 80-жылдарынан бастап Сайрамның мәдени сәулет ескерткіштерін зерттеумен Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайының қызметкері Ю.А. Елгин айналысады. Ол осы тақырып бойынша бірқатар мақалалар жариялады. Ол Әбдел Әзіз баб кесенесін алғашқылардың бірі болып толық зерттеді.

Екі порталды құрылымы бар Сайрам ескерткіштерін зерттеп, олардың генезисін зерттей отырып, Ю.А. Елгин олардың композициялық құрылымын түсіндіру туралы қорытынды жасайды. Ол үшін автор Өзкент, Бұқара, Самарқан және т.б. кесенелерінің осындай архитектуралық құрылымдарын салыстырады. Зерттеуші екі порталды құрылымдардың композициясы негізінде тек сәулетшілік тұрғыдан ғана емес, діни идеялардың синкретизмі жатыр деген қорытындыға келеді.

Ю. А. Елгин өзінің соңғы еңбектерінде Қарашаш ана кесенесіне ерекше назар аударды. Аңыз бойынша Қарашаш ана Қожа Ахмет Яссауидің анасы деп саналады. Ғалым кесененің бүгінгі таңда тұрған осы заманғы құрылымы бірінші, тіпті екінші ғимараты емес екені анық деп турасын жазады. Оның пікірінше, порталдың жалпы композициясы қатаң канонды. Орта Азия аймағы ғалымдарының ұқсас ғылыми зерттеулері бойынша жұмыстарды мұқият зерттей отырып, Ю.А. Елгин Сайрамның төрт қасбетті және екі порталды кесенелері саманидтер кесенесінің ықпалынан (алдыңғы зерттеушілер атап өткен) тыс өз алдына бөлек қалыптасқан деп мәлімдеді. Ол екі порталды кесенелердің құрылымдық ерекшеліктерін қараханидтер дәуірі сәулетінен іздеу керек екеніне сенімді.

Ортағасырлық Испиджаб ірі округтің орталығы бола отырып, өзінің монеталық шығарылымына ие болды. Испиджаб билеушілерінің қарахандық монеталары революцияға дейінгі кезеңде де белгілі болды. Испиджаб монеталарын егжей-тегжейлі зерттеуді Е.А. Давидович, М.Н. Федоров, Б.Д. Кочнев жүргізді.

Е.А. Давидович алғаш рет саманидтер кезінде ауданға иелік еткен Муттидтер әулетінің атынан соғылған Испиджаб фельстерін анықтады..

М.Н. Федоров қараханидтер нумизматикасының мәліметтері бойынша Орта Азияның саяси тарихын зерттей отырып, XI-XII ғасырлар Испиджаб әміршілерін анықтады.

Б.Д. Кочнев Е.А. Давидовичтің ізімен бұрын белгісіз болған басқа Муттидтер монеталарын зерттеп, жариялады. В.В. Тизенгаузен сияқты ол да династия атын Муттид емес, Маттид деп айту дұрыс болады деп санады. Ғалым қараханид билеушілері кезінде Маттидтар әулетінің атынан соғылған жаңа монеталарды анықтады. Б.Д. Кочневтің айтуынша, қараханидтер тұсындағы Испиджаб ерекше князьдік болған, онда саманидтер тұсында билік еткен бұрынғы түркі әулеті өз билігін толық сақтап қалған.

Сонымен қатар, Б.Д. Кочнев алғаш рет Испиджаб округінің Бадухкет қаласында соғылған монеталарды анықтап, жариялады. Бадухкет дирхемдерін зерттей отырып, ғалым династия құлағанға дейін әрекетте болған күрделі қараханидтік нақты сатылы жүйеге назар аударды.

Сайрамның да кейінгі ортағасырлық өз монетасы болған. XVI ғасыр басында Сайрамда жасалған монеталарды Р.З. Бурнашева ашып, зерттеді. Атап айтқанда, ол Сайрам монеталары қарқынды экономикалық өрлеу кезеңінде шығарылғанын анықтай алды. Жалпы алғанда, Сайрам монеталарының бес түрі анықталды. Олардың біреуінен киіз үйдің шаңырағына ұқсайтын екі параллель сызық түріндегі сурет, екіншісінен бұғы бейнесі анықталды.

Орталық Азияның нумизматикасына 2013 жылы табылған Сайрам қазынасының жарияланымдары үлкен үлес қосты. Табылған қазынадан тимуридтер уақытындағы негізгі теңге соғылу туралы ақпараттан басқа, үстеме теңге соғу туралы ақпарат алынып, сол дәуірдегі ақша айналымы туралы түсінігімізді кеңейте түсті.

Зерттеліп отырған аудан аумағында этнографиялық зерттеулер де жүргізілді. Соғысқа дейінгі уақытта жарияланған жұмыстардың ішінде А.Л. Троицкая мен К.К. Юдахиннің мақаласын атап өткен жөн. Бұл жұмыстар этнографияның салалық мәселелерін қамтиды. Дегенмен, онда Қазақстанның оңтүстігіндегі халық туралы, олардың тұрмысы, өмір салтының ерекшеліктері туралы мәліметтер бар, бұл өз кезегінде Қазақстанның кейінгі ортағасырлық қалаларындағы урбанизацияның кейбір мәселелері бойынша дереккөз болып табылады.

Сонымен, А.Л. Троицкая «Ташкент пен Шымкент уезінің отырықшы тұрғындары арасында баланың алғашқы қырық күні (шілдесі)» атты мақаласын жариялады. Шымкент уезінің отырықшы халқы ішінен негізінен Қарамұрт және Сайрам ауылдары қаралған. Жұмыста автордың этнографиялық бақылауларына, баланың алғашқы қырық күнге толғандағы секілді рәсімдерді толыққанды сипаттауға негізгі орын берілгенімен, онда осы ауылдардың тұрғындарының тұрмыс ерекшеліктері, тұрмыстық пайдаланатын заттары (сандал, тахарат-хана және т.б.) туралы ақпарат бар.

К.К. Юдахиннің «Қарабұлақ говорының кейбір ерекшеліктері» атты келесі жұмысы да Оңтүстік Қазақстанның кейінгі ортағасырлық қалалары бойынша мәліметтерден айырылған жоқ. Бұл жұмыста негізгі орын Қарабұлақ тұрғындарының тіл ерекшеліктеріне арналған. Сонда да автор Қарабұлақ ауылының пайда болу уақыты, оның этникалық құрамы мен өңір халықтарының этногенезі туралы қызықты мәліметтер береді.

Соғыстан кейінгі уақытта осы тақырып бойынша шыққан жұмыстардың ішіннен А.Н. Жилинаның жазған еңбегін, және Қ. Тайжанов пен Х. Исмаиловтың бірлескен мақаласын атап өткен жөн. А.Н. Жилина көптеген жылдар бойы Оңтүстік Қазақстан аудандарындағы өзбектердің материалдық мәдениетін зерттеумен айналысты. Ол Оңтүстік Қазақстан өзбектерінің дәстүрлі қоныстары мен тұрғын үйлері туралы егжей-тегжейлі мақала жазды. Ғалым XIX-XX ғасырлар жарияланған көптеген нақты материалдарды зерттей отырып және оларды далалық мәліметтермен толықтыра отырып, Ташкент оазисінің аналог тұрғын жайларынан Оңтүстік Қазақстан өзбектерінің тұрғын жайларының айырмашылығы – бұлар дәстүрлі тұрғын жай ерекшеліктерімен қатар архаикалық сипаттарды да сақтайды деген қорытындыға келеді. Бұған дәлел деп, А.Н. Жилинаның пікірінше, XVI-XVIII ғасырлар Отырардың археологиялық қазбаларын айтады.

Сайрамға ірі экономикалық және діни орталық ретінде, АН. Жилина лайықты назар аударады. Ол Сайрамның тарихи саладағы рөлін сипаттайды. Ауылдың топографиясы туралы белгілі фактілерден басқа, ғалым далалық сипаттағы этнографиялық материалдарды қосады. Ғалым Сайрамның шығысында орналасқан Қарамұрт ауылы туралы мақаласында қызықты деректерді аз келтірмейді. Онда автор XIX ғасырда Ішқорған деген атаумен аталған Қарамұрттың тарихи топографиясын сауалнамалық мәліметтер бойынша толық сипаттайды. Сол жерде Қарамұрттың орналасу ерекшеліктері, оның махаллары мен қақпаларының орналасуы түсіндіріледі. А.Н. Жилина тұрғын үйдің ішкі орналасуына, үйдің құрамдас бөліктерінің сипаттамаларына (жылыту, сумен жабдықтау жүйесі, ішкі құрылымның ерекшеліктері, жарықтандыру және т. б.) ерекше тоқталады. Ол XIX ғасыр бұл ауылдарда толып жатқан құрылыстар болған, үйлер ең көп дегенде үш бөлмелі болды деп атап өтеді. Қарапайым қала тұрғындарының ішкі қора-қопсысы іс жүзінде болмады, ауылдардың өзі бекініс қабырғаларының арғы бетінде орналасқан. Бұл материалдардың барлығы Оңтүстік Қазақстанның кейінгі ортағасырлық қалаларында жүргізілген археологиялық зерттеулерде расталады.

Қарамұрттың тарихи топографиясы туралы шамамен осыған ұқсас ақпарат К. Тайжанов пен Х. Исмаиловтың зерттеулерінде кездеседі. Сонымен қатар, онда қарамұрттықтардың реликті формаларда сақталған ежелгі наным-сенімдері туралы этнографиялық ақпаратпен бірге олардың тұрмысы, материалдық мәдениеті мен шежіресі туралы мәліметтер бар.

Жалпы алғанда, Шымкент пен оның қазіргі аумағындағы ескерткіштердің ежелгі және ортағасырлық тарихи-мәдени аудан аясында зерттелу тарихы осындай болды.