ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІПТІК ПАРКТЕР АУДАНДАРДА ДА ЖАСАҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ
- Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Түркістан облысында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде өндіріс орындары көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды оңтайландыру және жандандыру нәтижесінде инвесторларға мейілінше қолайлы жағдай жасалуда.
Облыс аумағындағы 100 гектар жерге «Шағын өнеркәсіптік парк» жасақталған. Жоспарланған жобаның І және ІІ кезеңіне жоспарланған мерзім ішінде мұнда 152 өндірістік ғимарат салынып, 308 миллиард теңгенің инвестициясы тартылмақ. Бұл жоспар іске асатын болса 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінгі таңда «Шағын өнеркәсіптік паркінде» 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны жасақталды. Биыл жыл соңына дейін тағы 29 кәсіпорын ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде өңір экономикасына 136,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 мың 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында іске қосылған жобалардың бірі – «Жасыл суық Қазақстан». UBC халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 миллион. евро. Зауыттың қуаттылығы жылына 140 мың дана тоңазытқыш шығаруға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған.
Сондайақ өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар да іске қосылған. Мұнан бөлек, кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Тұрғын үйлер мен кеңселер үшін ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Бүгінгі таңда қытайлық «Avatar agricultiral technology development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясы мен облыс әкімдігі арасында жыл басында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасалған болатын. Жобаның болжамдық құны 5 миллион АҚШ доллары. Қуаттылығы айына 600 дана ұшу құралын құрастыру. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастады. Жұмыстың басым бөлігін негізінен роботтар атқарады деп күтілуде. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» аумағында аталған жобалардан бөлек, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады. Жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды. Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу. Одан басқа жол жоқ. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратта өндіріс орындары жедел іске қосылып, жұмыс орындары ашылуы тиіс. Ал ғимаратты алып, жобаны кешіктіргендермен жұмыс жүргізіңіздер. Нысанды басқа инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Жұмыстар жоспардан кешікпеуі керек,, – деді сапар барысын қорытындылаған өңір басшысы Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын, тұрмысқа қажетті пакет шығаратын, жиһаз өндіретін және өзге де кәсіпорындарды аралап көрді. Жылу қазандықтарын құрастыру жоспары да пысықталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы аталған өндірістік паркті аралап, жүзеге асырылған және енді іске қосылатын жобалармен танысты. Жауаптыларға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.